Бойжеткеннің сөмкесінен есірткі шығып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайда жазасын өтеп жатқан отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтарамыз деген үмітте. Бұл туралы бүгін СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ МАДИЕВ айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ақжарқын ТҰРЛЫБАЙДЫҢ ісі естеріңізде шығар. Консулдық қызметтің, елшіліктің көмегімен бүгінгі күні Қазақстан азаматы Тұрлыбайдың ісі қайта қаралып, жоғары инстанцияға апелляция беріліп, Қытайдың сот органдарымен келіссөздер жүргізілді. Біз аталған іс оң шешім табады деген ойдамыз. Тұрлыбайды елге қайтарамыз деген үміт бар", — деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай осыдан үш жыл бұрын Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Әлдебір таныстарының өтінішімен Малайзияға тауар жеткізуге кеткен қыздың сөмкесінен есірткі шыққан. Кейін қазақстандық бойжеткен есірткі тасымалдағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.
Дереккөз: Sputniknews.kz
Фото: inform.kz