Қазақ боксшысы қашаңғы белгісіз белбеулерді арқалап жүре береді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат ИСЛАМ Америкаға аттаныпты. Оның PR менеджері Берік СҰЛТАН өзінің инстаграмдағы парақшасында «Бұйыртса, жақсы жаңалық күтіңіздер» деген жазба қалдырыпты. Күтеміз. Бірақ, шыны керек, қазір Қанатқа байланысты аңдатпаларға бұрынғыдай елеңдемейтін болдық.
Неліктен дейсіз ғой? Мэнни ПАКЬЯМЕН келіссөздер жүріп жатқанын жазып, 22 наурызда «Алматы Аренада» жанкүйерлерге үлкен шоу жасауға дайын екендіктерін жазғанда, расымен де «оһо» дестік. Сендік. Біз де қазақтың дархан даласында Пакменді күттік. Бірақ, оның жай ғана PR екенін кеш білдік. Кейін Кел БРУК туралы ақпарат шығып, онымен де айқасуға дайын екендіктерін білдірді. Ал іс жүзіне келгенде WBA бекіткен америкалық боксшы Джон ВЕРАҒА қарсы айқастан бас тартты.
Егер сол кезде шаршы алаңға шығып, жеңіске жеткенде онда бірінші орта салмақ дәрежесіндегі чемпиондық белбеуден басты үміткер болар еді. Бірақ неге екені белгісіз, бұл жекпе-жек аяқсыз қалды. Америкалықтар ашық айтты. Бас тартқан Қанат Исламның командасы деп мәлімдеме жасауды да ұмытқан жоқ. Ал әшейінде боксшысына байланысты кез-келген жаңалыққа жауап жазатын Исламның командасы бұл жолы үнсіз қалуды жөн көрді. Соған қарағанда, бар гәп расымен де біз жақта сияқты. Ал Джон Вера ше? Қашанғы күтіп жүрсін, кәсіпқой бокста 18 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, оның 11-інде қарсыласын нокаутқа түсірген Вера наурыздың 24-інде франциялық Мишель Сороға (31-2-1, 30 КО) қарсы шаршы алаңға шығатын болды. Қай жеңгені чемпиондық белбеуден басты үміткер атанады.
Сонда кубалық Эрисланди ЛАРАМЕН жұдырықтасуды бұрыннан мақсат қылып жүрген Қанат Ислам неліктен мұндай мүмкіндіктен оңайлықпен бас тарта салды. Әлбетте, Қанат әлгі америкалықтан қорыққанынан жекпе-жектен бас тартты демейміз. Кәсіпқой бокстағы 25 қарсыласының 20-сын құлатқан батырымызға салсаң, дәл қазір бірінші орта салмақтағы төрт чемпионды да шаршы алаңға тізіп қойып, әрқайсысымен кезек-кезек те, бір мезетте де жұдырықтасуға дайын. Келісе алмаған бірінші кезекте промоутерлері болуы әбден мүмкін. Дегенмен, неліктен промоутерлерінің біліксіздігінен боксшы зардап шегуі қажет? Әлде оған бір қадам алға жасау үшін екі қадам артқа шегінуі керек пе?
Бір қызығы, Джон Вераға қатысты ешнәрсе айтпаған Исламның командасы қаңтар айының соңында ІВF чемпионы Джарретт ХЕРДПЕН төбелесуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Алайда, Херд 7 сәуірде Қанат армандаған Эрисланди Ларамен айқасады. Бұл ресми тіркелген дата.
Иә, байқағандарыңыздай, чемпиондық айқастарға шығатын уақыты баяғыда жеткенімен әзірге Қанат Ислам командасының ісінен сөзі көп болып тұр. Шаршы алаңдағы жарқын жеңістерінен инстаграмдағы жарқын жазбалары эффектке ие. Бірақ, қашанғы Inter-Continental белбеулерін арқалап жүре бермек, оның да Г.ГОЛОВКИННІҢ деңгейіне, кем дегенде Ж. ЖАҚИЯНОВТЫҢ дәрежесіне жететін уақыты болды ғой. Жасы да 33-тен асты. Енді қашан?
Бүгін Қанат Исламның промоутері алмасқаны туралы ақпарат жарық көрді. Расымен де Нельсон ЛОПЕСТЕН кетіп, Эгис КЛИМАСТЫҢ қарамағына өткен болса, жақсы екен. Бұл қадам Қанат Исламды кәсіпқой бокста жаңа белестерге шығарады деп үміттенеміз. Ең бастысы, Климас оны шетқақпай, тиісті дәрежеде көңіл бөлсе екен дейміз. Әйтпесе, уақыт қазір Қанатқа қарсы жүріп тұр.
Дереккөз: diamondring.kz.
Фото: vesti.kz.