
Актер Саша Барон Коэн жасыл «купальникпен» суретке түскен чехтардың айыппұлын төлеп бермек
Британдық танымал актер, комик Саша Барон КОЭН Астанада Борат образында, жасыл «купальникпен» суретке түскен чехиялық туристерге араша түсті. Бұл туралы актер өзінің Faсebook парақшасында жазды.
Саша Барон: «Ұсталған чехиялық достарым, маған өздеріңіз туралы детальдар мен дәлелдерді жіберіңіздер, айыппұлдарыңызды өзім төлеймін» («To my Czech mates who were arrested. Send me your details and proof that it was you, and I'll pay your fine») деп, осы жағдай үшін арнайы ашқан электронды поштасын да жариялады.
Еске салайық, таяуда Чехия азаматтары Астанада «Борат» фильміндегі бас кейіпкердің киімін киіп суретке түскен еді. 10 қарашада Астана полициясы қоғамдық жерде жартылай жалаңаш күйінде ұсталған Чех Республикасының азаматтарына қатысты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, оларға айыппұл салған еді.