Соңғы үш жылда Қарағанды облысында 1000 мысық пен 6200 қаңғыбас ит жойылған
Қарағандылық Ирина ИВАНОВА он жылдан бері қаңғып жүрген мысықтарды асырап жүр. Қазір өзінің екі бөлмелі үйінде 50 ден аса мысықпен бірге тұрады. Ол жолдасынан да, балаларынан да айырылған екен. Себебін бізге айтуға қиналды. Содан болу керек, бар мейірімін үй хайуанаттарына беріп отыр.
«Ирина барлық мысыққа ат қойған. Әр қайсысына көңіл бөлуге тырысады. Бұл жердегі мысықтардың да осында келу тарихы әртүрлі. Мына төрт аяқтының аты Ганс. Бейтаныс біреулер екі мысықты қорлап өлтіріп жатқанда Ира құтқарып алған. Олар бір көзін ағызып жіберіп үлеріпті», - дейді мысықтар иесіне көмектесіп жүрген ерікті Зарина ЯХИНА.
Бұл мысықтарды асырау үшін, күніне 3000 теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. 47 жастағы қарағандылық тұрғынға бұл аз ақша емес. Сондықтан еріктілердің көмегіне зәру.
«Мен базардан табатын тиын тебенім күнделікті мысықтардың тамағынан артылмайды. Кейде жетпей де жатады. Көмірім де аз қалды. Енді даладан теріп жинап алған мысықтарымды қаңғыртып жібермеймін ғой. Арнайы асырап алатын ұйымдар да жоқ»,- дейді Ирина Иванова.
Қарағанды әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы екі жылда қыңғыбас иттер мен мысықтарды жою үшін бюджеттен 16 млн бөлінген. Жабайы иттердің адамды қабу фактісі 147-ге азайған. Алайда, «Верный друг» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Марина АРХАНГЕЛЬСКАЯНЫҢ пікірінше қаңғыбас ит-мысықтарды жою дұрыс емес. Оларды өлтіруге бөлінген қаржыға стерелизация жасау керек дейді.