Мұндай бастамалар шенеуніктерге деген сенімсіздіктен туындайды
Қазақстандағы ең ірі мегаполистің Сайын мен Шаляпин көшелері қиылысындағы «10 А ықшамауданы» қала әкімінің атымен аталса дейді Әділ ТҰМАТОВ.
Бұл бастаманы көтеруші бұрын әскери қызметте болған зейнеткер. Шағынауданда 25 жылдан бері тұрып келе жатқан Әділ Тұматов көршілес 10 шағынауданы болған соң жедел жәрдем, құтқару қызметі бізді шатастырып, дер кезінде келмейтінін айтады.
Тіпті үйлердің нөмірлерін көрсететін тақтайшаларда түсіп қалыпты. Мұнда тоқсан отбасы тұратын жиырма екі тұрғын үй бар екен.
- Мен Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қолын алған адаммын. Біздің ықшамауданға президенттің атында берсе болады. Бірақ Байбектің де қалаға көп еңбегі сіңді. Әкім болғалы көп жұмыс тындырды. Қадірі бар азамат. Тұратын жеріміз әкімнің атын иеленсе жедел жәрдем, құтқару қызметі бізді адаспай табар еді. Әйтпесе, бізге ешкім көңіл бөлмейді, - дейді қала тұрғыны Әділ Тұматов.
Алайда, тұрғындардың барлығы бұл идеяны қолдамайды. Байбек деген атқа ие болса қараусыз қалған шағынаудан құлпыра түспес деп езу тартқандар да болды.
- Шағынаудан атын олай өзгертудің керегі жоқ. Әкімшіліктегі шенеуніктер осы жаққа келіп, джиппен емес жаяу жүріп аралаулары тиіс. Өз қызметтерін дұрыс атқарса болды емес пе? Қазір көңіл бөліп жатқандар жоқ қой, - дейді қала тұрғыны Гүлнәр ӘЛІМБЕКОВА.
Наразы тұрғындар жолдарының да жөнделмей жатқандығын айтады.
Айтпақшы, жол демекші осы айдың басында Алматы қаласы «Сәулет және қала құрлысы» басқармасының басшысы Нұрлан УРАНХАЕВ мамырға таман бірнеше көшелердің қайта жөндеуден өтетінін хабарлаған болатын.
Түрлене түсетін көшелер тізімінің басында бұрыңғы Фурманов қазіргі Н. Назарбаев атындағы даңғыл. Кім білсін, Байбек атына ықшамаудан атын беруді ұсынған тұрғын осындай нақты жоспардағы істен хабардар болып, өз ойын ортаға тастаған болар.
«Ұлы дала» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы Ғабиден ЖӘКЕЙ бұндай тосын ұсыныстар қала әкімінің жұмысына берілген баға деп есептейді.
Фото: Facebook.com, автордікі.