Әншінің айтуыңша, олар өнерді қорлап жүр
"Біздің эстраданың 60 пайызы - той әншілері. Біз кейінгі ұрпаққа мынадай әндерді тыңдадық деп қалай ұялмай айтатын боламыз", - деді Мақпал ИСАБЕКОВА Tengrinews TV-дің «The эфир» бағдарламасында.
"Қазір той әншілері көбейіп кетті. Тарсылдатып билей беретін той әндері де қаптап кетті. Шыны керек, осыған қарап, ішім күйеді. Сондай әншілерді түсінбеймін. Тек ақшаны табуды ойламай, алдағы уақытты да ойлап қою керек. Дүниенің барлық ақшасын жинай алмайсың ғой. Әрі о дүниеге алып кете алмайсың. Сенің артыңнан қалатыны тек ән ғана. Соны түсінбейді, өкінішке орай көбісі", - деді әнші.
Сондай-ақ Исабекованың айтуынша, ол өзінің сүйікті ісінен ақша табуды емес, өз ісін маман ретінде лайықты атқаруды ойлайды екен.
"Біз тыңдармандарды тәрбиелеу керекпіз. Ән дегеніңіз 20 жылдан кейін де ұялмай көрсетуге тұрарлық болуы керек. Әртіс тек тойда секеңдеп, ақша табатын адам емес. Әншіге, әртіске даму керек. Өсу керек! Шетелге шығып, өзін жетілдіруі қажет. Түрлі халықаралық шараларға қатысқаны жөн. Тойда жұлдыз болу мәңгі емес. Сондықтан мұны бассыздық әрі жауапсыздық деп білемін. Әр әнші ән салғанда осымен не айтқысы келді, ең бірінші, соны ойлануы керек деп ойлаймын", - деп ойың білдірді Мақпал Исабекова.
Фото: altyn-orda.kz.