Алматы облысында Қарасай аудандық білім бөлімі мұғалімдерді мектептің пешін күзетуге шықсын деп бұйрық берген
Алматы облысы, Қарасай ауданының Білім бөлімі осы аудандағы барлық мектеп және балабақшаларға кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.
Бұл туралы Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс мектебінің ұстазы Айман САҒИДУЛЛА Facebook әлеуметтік желісінде хабарлап: «Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев мырза! Бүгін аудан мектептеріне мынадай бұйрық жетті. Бұйрықта мектептерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырған. Ал, мектеп директорлары мұғалімдерді кезекшілікке қойып жатыр. Неге? Осындай қатты аязда мұғалімдер мектепке келіп, түнгі кезекшілік жасауға мәжбүр болып отыр. Әрине түнгі, пеш күзететін кезекшілік. Мұғалімдер аязда үсіп қалмай ма? Өмірі мен денсаулығына зиян келмей ме? Бұл үшін кім жауап береді? Әлде, мектептегі пеш қана маңызды ма? Директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары не бітіріп отыр?» деп жазды.
Бұл ақпаратқа желідегі көптеген ұстаз бен былайғы жұрт наразылығын білдірді. Табиғи газбен жанатын пештің арнайы операторы болатынын, ал ол пешке тек рұқсат қағазы бар адамның жауапты болатынын алға тартқан азаматтар Қарасай ауданының Білім бөлімінің мынадай бұйрығы мұғалімдердің онсыз да тапталған абыройын таптай түсуі емес пе деп күйінуде.
Осы мәселеге қатысты еліміздегі белсенді ұстаздың бірі Мейіржан ТЕМІРБЕК: «Қазақстан бойынша жер-жерде аяз қысып жатыр. Осыған байланысты мектептерде мұғалімдерден кезекшілік ұйымдастырылуда. Сарышұнақ аязда мектепте не болуы мүмкін?
1. «Кочегарлар» көмір ұрлайды
2. Сабақ болмаса да, мұғалім мектепте болуға тиіс
3. Далада тоңғандар мектепке келіп жылынады, соларға шай қайнатып беру үшін
4. Мектептің жылуы мен «кочегарлардың» "ішіп" кетпеуін қадағалау мұғалімнің тікелей жұмысы», - деп өзінің бір сұраққа төрт түрлі жауап нұсқасын жариялады.
Бәлкім, Алматы облысы, Қарасай ауданының Білім бөліміндегілер осы жауаптардың бірін таңдап, алдағы уақытта мұғалімдерді не себепті «кочегар-кезекші» еткендеріне қатысты түсініктеме беріп қалар деген үміттеміз.
Фото: azattyq.org, автордікі.