Сарапшылар ағымдағы жылы жылжымайтын мүлік бағасына болжам жасады
Сарапшылар ағымдағы жылы Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы қаншалықты құбылатындығына болжам жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетерлігі, өткен жылы еліміздегі жаңа салынған баспаналардың бағасы біршама тұрақты болып, екінші нарықтағы үйлердің бағасы айтарлықтай төмендеген. Мәселен, елордада жаңадан салынған үйлердің шаршы метрі жыл бойы 318 мың теңге төңірегінде болды. Ал Алматыда 430-450 мың теңге аралығында ауытқып отырып, жылдың соңында шамамен 438 мың теңгені құрады. 2017 жылы екінші нарықтағы баспаналардың бағасы Алматы мен Астанада орташа есеппен 5,8 пайызға, ал кейбір өңірлерде 10-11 пайызға дейін арзандады.
Осы ретте Қазақстан риэлторларының бірлескен қауымдастығының президенті Елена ГРИВА 2018 жылы да еліміздің жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның айтарлықтай өзгеріске ұшырамайтындығын алға тартады.
«Соңғы бірнеше жыл бойы бағаның маусымдық өзгеріске ұшырауы болған емес. Баға сұраныстың экономикалық факторларына байланысты өзгеріп отырады. Аталған факторлардың даму тенденциясын қарайтын болсақ, 2018 жылы жылжымайтын мүлік бағасы айтарлықтай өзгермейді. Алматыда осы деңгейде қалады немесе жылжымайтын мүлік сатып алуды кейінге қалдырып отырғандардың есебінен аздап көтеріледі. Сонымен қатар бұл факторлар мәмілелер санының оң динамикасының сақталуына да мүмкіндік береді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс істей бастауына орай елорданың жылжымайтын нарығында оң трендтер байқалды», - деді Елена Грива.
Ал Қазақстан риэлторларының бірлескен қауымдастығының вице-президенті Нина ЛУКЬЯНЕНКОНЫҢ дерегінше, 2017 жылдың қаңтар-қарашасында 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, еліміздегі жылжымайтын мүлік сатып алу мәмілелерінің саны 28,6 пайызға артық болған.
«Бұл халықтың төлем қабілетінің артқандығын білдіре ме? Меніңше, жоқ. Мәмілелердің өсуінің бірінші себебі өзінің баспанасын жақсартуды жоспарлағандардың байсалдылық танытуы. Осы уақытқа дейін көшілігі валюта бағамын байқап, пәтер және үй сатып алуға асыға қойған жоқ», - деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығындағы мәмілелердің шамамен 70 пайызы пәтерлерге тиесілі. Дегенмен, бұл көрсеткіш Алматы мен Астана қалаларында айтарлықтай жоғары болып отыр. «Астанадағы мәмілелердің 95 пайызын, Алматыда 85 пайызын пәтерлер құрайды. Қалған бөлігі жеке тұғын үйге тиесілі. Ал Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облысындағы мәмілелердің 30-40 пайызын пәтерлер, қалған бөлігін жеке тұрғын үйлер құрайды», - деді Нина Лукьяненко.
Фото: tengrinews.kz