Мемлекеттік Қызмет істері департаменті шенеуніктер қызметтік көлікпен түнгі клуб маңайында не істеп жүргендерін анықтады
Қызылорда өңірінде күз сайын егіс алқаптары жиналып біткенде, арнайы басқосу болады. Қазан айының соңында аудандардан жиналған шенеуніктер «Алтын күз» деп аталатын шарада бас қосады. Басшылық алдында есеп беріп, өз жетістіктерімен мақтанып та қояды.
2017 жылдың 27 қазан күні, жұмада кешкі сағат 20.30 «Арай» түнгі клубының жаңында мемлекеттік нөмірлі бірнеше авто көліктер суретке түсіріліпті. Олардың қатарында екі қара «Тойота Лэнд Крузер» болған. Нөмірлері: 015 RK (Жалағаш ауданы әкімдігі) және 014 RK (Қармақшы ауданы әкімдігі). Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланған.
«Жұмыс уақыты аяқталды. Алайда, біздің шенеуніктер өздерін аямайды-ақ. Бассейінде жуынып жатыр ма, әлде, клубта көңіл көтеріп жүр ме екен.(бүгін,айтпақшы, бұл жерде тегін сыра беріліп жатыр) Мемлекеттік Қызмет Істері Қызылорда сағат қаншаға дейін мемлекеттік қызметкерлерге қызметтік көлігін пайдалануға болады?» - деп жазды желі қолданушы қыз.
Тек, бір аптадан кейін ҚР Мемлекеттік Қызмет істері департаменті бұл іс бойынша тергеу жүргізіп жатқандығын және оның қортындысын жария ететінін хабарлады.
22 желтоқсан күні қызылордалық қыз ресми жауап алып, ол жайлы жариялады.
«Естеріңізде шығар шенеуніктердің қызметтік көліктері түнгі клуб маңында тұрғаны. Жүргізушілер сыртта болған. Міне, содан бері арада екі ай өтті. Бүгін әкімшілікте болып жазбаша жауап сұрадым.
Жаңа жыл қарсаңындағы ертегі тектес әңгімені естуге дайынсыздар ма?Ал онда құлақ түріңіздер.
015 RK нөмірлі Жалағаш Ауданының Әкімдігіне тиесілі джип сол бір кеште Жалағаштан Титова елді мекеніндегі жәрмеңкеге келген екен. «Арай» түнгі клубының қасына кездейсоқ келіпті. Көлік ішіндегілер қаланы дұрыс білмейме екен, әлде, адасты ма екен, әйтеуір түнгі клубтың жанынан бірақ шыққан.
Нөмірі 014 RK джип болса (Қармақшы ауданы әкімдігінің балансында) тіпті бір хикаяға тап болған. Жүргізушісі әкімді театрдан алып үйіне жеткізіп тастаған. Қызық, ә. Бір шенеунік Қызылордада адасып жүрсе, енді бірі жәрмеңке қарсаңында театрға барып жүр. Қысқасы, жүргізуші бастығын апарып тастап өзі қонатын жер іздепті. Сосын «Арайда» жұмыс жасайтын досының бары есіне түсіп, жолдасынан пәтерінің кілтін алу үшін түнгі клубқа ат басын тірепті», - деп мысқылдап жазыпты қызылордалық тұрғын.
Қызылордалық қыздың айтуынша, оған достары, әкімдердің әріптестері хабарласып авто көліктердің суретін алып тастауды сұрапты. Барлығы басшылар ауылшаруашылық жәрмеңкесінің жақсы өткендігін атап өткендерін айтыпты. Тіпті, мөшек-мөшек картошка, басқа да жеміс-жидек ұсынғандар болыпты. Кейбірі қыздың мекен-жайын анықтап келген де екен.
«Мен ешқашанда сіздердей «сиқыршалардың» әңгімесі бойынша фильм түсіру керектігіне күмәнім болған емес! Сюжет дайын, басты кейіпкерлер «красавчиктер». Айтпақшы,басқа көліктің иелері тіс жармады. Машиналарының нөмірлері көрінбей қалған сияқты», - деп жазды әкімдерді әбігерге салған қызылордалық.
Арада бірнеше сағат өтпей жатып, сол кеште сағат 20.00-ден кейін Қызылорда қаласының тұрғыны «Каир» түнгі клубының қасынан ақ түсті, нөмірі 021 КК «Тойота Лэнд Крузер» автокөлігін көзі шалған. Бұл джип Қызылорда әкімшілігіне тиесілі.
«Тағы да кездейсоқтық. Бұл машинаның жүргізушісі «Каирда» істейтін досына пәтерінің кілтін күтіп тұрған шығар? Қайдам. Жүргізушінің досы «Астана» түнгі клубында жұмыс жасаса аңыз патриоттық ренк алады ғой. Сіздердің айтуларыңызша, жұмыс уақыты аяқталысымен қызметтік көліктер гаражға қойылады. Бюджетте кез-келген шығынға қосымша ақша жоқ. Алайда, тұрмыстарыңыз жақсы. Отандық автоны қолдау туралы айтасыздар. Ал қалалық әкімдіктің қызметкерлері шетелдік көліктермен жүреді», - деп күлді «фотограф» қыз.
Ақ джип бойынша қалалық әкімдіктің орнына ГКП «Су жүйесі» мекемесінің өкілдері жауап берді. Олардың айтуынша, бұл шетелдік көлік аталған мекемеге тиесілі. Және басшылықтың рұқсатымен түнгі ауысымға жұмысшыларға беріліпті. Қызылорда халқын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін басшылық осылайша джиптерін қатардағы қызметкерлерге аяп қалмайды екен. Қысқасы, кезекті «аңыздың» ақыры осы.
Фото әлеуметтік желілерден алынды.