Сәтбаев қаласында 250-ге жуық кенші талаптары орындалмайынша жер астынан шықпаймыз деп отыр
Қарағанды облысында Сәтбаев қаласындағы Оңтүстік - Жезқазған (Рудник) 65-ші шахта кеншілері наразылыққа шықты. Бұл мекемеде 1000 аса адам жұмыс жасайды. Олар «Қазақмыс» басшылығына жеті талап қойып отыр.
Ең біріншісі: еңбекақыны 70 пайызға көбейту.
Кеншілердің наразылық акциясы 29 қараша күні сағат 22-30 уақыт шамасында басталған. Олардың негізгі талаптары:
Еңбекақыны 70 пайызға көбейту
20 жылдық еңбек өтілімен зейнеткерлікке шығару және орташа жалақының 30 пайызын сақтау арқылы 1 жылдық өтемақы төленсін
Курортты-сауықтыру санаторийлерге «Қазақмыс» корпорация кеншілерін тегін жіберу
Курортты-сауықтыру санаторийлердің бұрынғы барлық ғимараттарын «Қазақмыс Корпорациясы» активтеріне кері қайтару
ГКП, ОПК сынды мобильді топтардың барлығын алып тастау
Колледжде оқып жатқандарды бітірген соң жұмысқа тұрғызу жөнінде келісімшарт жасалсын
Кеншілерді «Қазақмыс Корпорациясының» төрағасы Огай Эдуард Викторовичпен кездестірсін.
Редакциямызға хабарласқан ереуілшілердің бірі Мақсат ТӘТЕНОВ жағдайдың мән- жайын айтып берді.
«Қазір шахтадан 200-250 адам шықпай жатыр. Айлығымызды көтермесе жердің бетіне шықпаймыз деп отыр. Кеше «Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Бахтияр КРЫКПЫШЕВ, Қазақмыстың тау-кен өндіріс кешені филиалының директоры Саят БАКИРОВ келген. Біздің бірінші және екінші талабымыздан басқасын орындауға дайын екендерін айтты. Бірақ біз оған келіспейміз. Сондықтан Эдуард ОГАЙ мырзамен кездескіміз келеді» - деді ол.
Мақсат Тәтеновтың айтуынша, жұмысшылар наразылық акциясына амалсыздан шығып отыр. Өйткені азық-түлік, киім-кешек, коммуналды төлемдердің қымбататуы кеншілердің тұрмысын ауырлатқан.
«2012 жылы соңғы рет ереуілге шыққан болатынбыз. Ол кезде доллар 180 теңгеге көтерілген. Мыстың да бағасы өскен болатын. Мысы пен доллардың бағамына байланысты айлығымызды көтерткенбіз. Қазір 2017 жылы доллар 300 ден асты. Мырыстың да құны өсті. Ал айлығымыз сол қалпы қалды. Күнделікті тұтынатын тауарлардың барлығының бағасы шарықтап тұр. Барлық жерде қымбатшылық » - деді Мақсат Тәтенов.
«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС мен кеншілер арасындағы еңбек дауынан жергілкті билік өкілдері де хабардар екен.
«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-гі жағдайға байланысты «2017 жылғы 30 қараша күні Сәтпаев қаласы, Оңтүстік-Жезқазғандағы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-інде кеншілер мен кен басшылары арасында еңбек дауы туындады. Облыстық және Сәтпаев қалалық әкімдігінің өкілдері мен «Қазақмыс» компаниясының басшылары кеншілерге барды. Қазіргі кезде келіссөздер жүргізілуде. Жергілікті билік өкілдері жағдайды жіті назарда ұстап отыр. Келіссөздер аяқталған соң, ресми мәлімдеме жасалады», - деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз мәлімдемесінде.