Қазақстан спортшысы өзге елдің атынан сынға түсуге келіспеген
Юлия Галышева өзіне азаматтығын ауыстырып, өзге ел атынан сынға түсуге ұсыныстар айтқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Пхенчхан қаласында баспасөз мәслихаты өтті. Оған ХХIII қысқы Олимпиадада қола жүлдегер атанған Юлия Галышева қатысты.
“Маған осыған дейін Канададан, Ресейден ұсыныстар болған. Мен азаматтығымды ауыстырып, өзге елдің атынан сынға түсуге келіспедім. Алдағы уақытта да болмайды”, – де атап өтті ол. Ал өз кезегінде фристайл могулдан ұлттық құраманың бапкері Елена Круглыхина: “Юлияға азаматтығын ауыстыру туралы ұсыныс Сочи Олимпиадасының алдында сөз болған», деген сырдың бір ұшығын шығарды.