7-11 наурыз аралығында Берлинде халықаралық туристік көрме өтеді
Алматы қаласының бренді Германияда 7-11 наурыз аралығында өтетін халықаралық туристік ITB Berlin 2018 көрмесінде таныстырылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы туралы стенд Қазақстан павильонының 1/3 бөлігін алмақ. Visit Almaty туристік орталығынан хабарлағандай, Қазақстан стенді 3 негізгі компоненттен Алматы қалалық туризм жәе сыртқы байланыс басқармасының, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының, Астана ЭКСПО тақырыбынан құралады. Келушілер қазақ елінің салт-дәстүрі бойынша киіз үй құрып, қара жорға билеп, сондай-ақ сазсырнайда ойнап, құрт әзірлеуді үйренетін болады. Сонымен қатар шараға Қазақстанның ірі туристік операторларының өкілдері қатысады.
«Әлемнің көптеген елінде туризм экономиканың маңызды қозғалтқыш күші болып табылады. Туризм индустриясы әлемдік ЖІӨ 10 пайызын құрайды. Ал Алматыда бұл көрсеткіш тек 1,5% болып отыр. Сондықтан, бұл шараға қатысу арқылы Алматы қаласының туристік әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Көрмеге этномәдени мұралар қойылып, көмеймен айтылатын ән, қазақ күйі шарықтап, ұлттық ас мәзірі, кәдесыйлар ұсынылады», - деді басқарма басшысы Ерлан Жайлаубай.