
Қостанайда ұрлық жасаған 3 адамның бірі тәртіп сақшысы болуы мүмкін
Облыс орталығында ұрлық жасаған 3 адамның бірі тәртіп сақшысы болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Танымал фотосуретші Кирилл Филиппенковтің айтуынша, оның үйіне баса көктеп кіріп, ұрлық жасағандардың бірі - тәртіп сақшысы. «Үйімнен 4 миллион 910 мың теңге ұрланды. 3 бұзақыны көршім бақылап қалған. Олардың барлығын танимын. Бірі қостанайлық спортшы, екіншісі тәртіп сақшысы, ал үшіншісі оның ағасы», - деді Кирилл Филиппенков. Еске салсақ, 10 ақпанда Филиппенковтің үйін тонаған 3 күдікті әл-Фараби көшесіндегі тұрғын үйдің кіреберісінен ұсталды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3 тармағымен сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Облыстық ІІД баспасөз қызметі аталған оқиға туралы мәлімдеме беруден бас тартты.