Марқұмды Семей-Қызылорда бағытындағы отарба қағып кеткен
Шымкентте тағы бір тұрғынды пойыз басып кетті. Марқұмды Семей-Қызылорда бағытындағы отарба қағып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайғылы жағдай таңғы 5-тер шамасында қаладағы теміржолдың 3284-ші шақырымында болған. «№ 022Ц Семей - Қызылорда пойызы 30-35 жас шамасындағы азиат нәсілді ер адамды қағып кетті. Қазір оның тұлғасы анықталып, анықтау жұмыстары жүргізілуде», - деді Шымкент станциясы Ішкі істер желілік қызметінің өкілдері. Әзірге қайғылы жағдайдың кімнің кінәсінен орын алғаны белгісіз болып отыр. Айта кетейік, жуырда ғана «Манкент-Састөбе» станциясында тауар тасымалдайтын пойыз екі адамды қағып, мерт қылған еді. Кейіннен бақилық болған ер адамның темір жолдан өтіп бара жатқан екі бойжеткенді құтқармақ болғаны анықталған болатын.