Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жеті автокөлік отқа оранды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мирас Әлекешевтің айтуынша, бұл өткен жылдың осы кезеңімен (10 автокөлік) салыстырғанда, 42,8 пайызға төмендеген. Жалпы, өткен жылы автокөліктерде 117 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл - жалпы өрт санының (663) 18 пайызы. Демек, аз емес. «Өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болып табылады. Сондықтан автокөліктердегі өрттің алдын алу мақсатында өңірде «Қауіпсіз көлік» шарасы қолға алынды. Департамент қызметкерлері БҚО ІІД жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, автовокзал, автотұрақ, базар, ірі ойын-сауық кешендері мен мекемелер аумағында рейдтер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жадынамалар мен ақпараттар облыс тұрғындарына әлеуметтік желілер арқылы («WhatsApp», «Facebook», «ВКонтакте», «Инстаграм») да таратылды», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне М.Әлекешев.