ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «нөлінші» сынып қай жылы енгізілетінін нақтылап айтты
ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қарағанды облысының ғылыми және педагогикалық сала өкілдерімен кездесуі кезінде «нөлінші» сынып қай жылы енгізілетінін нақтылап айтты. Бұл туралы аталған ведомствоның таратқан мәліметінен белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нөлінші» сыныпты 2019 жылы емес, 2020 жылы енгізуді жоспарлап отырмыз. «Нөлінші» сынып - бұл негізінен мектепалды дайындықтың қазіргі жүйесі. Оның мәні - мектепалды дайындық сыныбының балаларына арналған бірыңғай бағдарлама құру. Аталған дайындықтан балабақшада және мектепте де өтуге болады», - деді Ерлан Сағадиев.
Оның айтуынша, мектепалды дайындықпен қазақстандық балалардың 80 пайызы қамтылған. Министрлік бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Барлық мектеп жасына дейінгі балалар 1 сыныпқа барар алдында бір деңгейдегі дайындықта болуы маңызды.