Орын алған ЖКО-да Өзбекстанның 7 азаматы зардап шекті
Ақтөбе облысында автобустың қатысуымен орын алған ЖКО-да Өзбекстанның 7 азаматы зардап шекті, деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі.
«25 ақпанда сағат 20:40-та Самара-Шымкент тасжолында Хромтау ауданының Жазық ауылы маңында жолаушылар автобусының аударылуынан жол-көлік оқиғасы орын алды. Ақтөбе қаласынан Хромтау қаласына қарай бағыт алған «Mercedes-Benz» маркалы автобустың 35 жастағы жүргізушісі, ОҚО тұрғыны рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кетіп, автобус аударылған. Зардап шеккен Өзбекстан Республикасының 7 жолаушысы Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді», - деп хабарлады Ақтөбе облысы ІІД баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов дүйсенбіде.
Барлығы, полицейлердің ақпарынша, автобус салонында 25 жолаушы болған.
«Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 345 б.2б. («көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды», - деді Е. Сарқұлов.