Көкшетау қаласынан 18-шақырым жердегі ауылдың ауыз су проблемасы 25 жылдан бері шешілмей келе жатыр
Ақмола облысында Көкшетау қаласынан 18-шақырым жерде орналасқан Зеренді ауданының Березняковка ауылында ауыз су мәселесі 25 жылдан бері шешілмей келе жатыр. Көрші елді мекеннен аптасына екі рет келетін су тасушыдан халық ауыз суды сатып алады. Бір флягы 30 теңге тұрады.
- Қарт адамдар үшін ауыз су мәселесі тіптен қиын. Ауыл халқының көбі судың жоқтығынан мал ұстай алмайды. Ескі құбыр жүйесі бар. Алайда, ол істемейді. Әкімшілікке керегі жоқ па, әлде қаражат бөлмей ме түсініп болмайсың. Амалсыз қар ерітіп те ішеміз, - дейді ауыл тұрғыны Айдар МАХАМБЕТОВ.
Қазір Березняковка ауылында 250-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, ауылдық, аудандық әкімдік бұл проблемадан хабардар. Садовый селолық округінің әкімі Серік ӘЛЖІБАЕВ 2012 жылы су тартуға жобалық-сметалық құжат әзірленген дейді. Алайда, оған қажетті 579 млн теңге республикалық бюджеттен дер кезінде бөлінбей қалғандығын айтады.
- Биылға тағы су құбырларының жобалық-сметалық документациясына 5 млн 77 мың бөлінген еді. Конкурс ойнатылды. Бірақ, ешкім ондай бағаға жасауға ынта танытқан жоқ. 2018 жылы тағы да қосыма қаражат қарастырылады, - деді әкім Серік ӘЛЖІБАЕВ.
Березняковка ауылындағы күрделі жалғыз мәселе бұл емес. Ауыл жұртының жаңбырлы көктемде құлап қалатын көпір мен жолдың сапасына да көңілдері толмайды. 2017 жылы «Аймақтарды дамыту-2020» бағдарламасы бойынша Ақмола облысында 11 жоба іске асқан. Мамандардың айтуынша, Березняковка ауылына 2019 жылы су беріледі. Оған бюджеттен 500 миллион теңге кетеді екен.
Суреттер автордікі.