Қазақшаға судай мажар ғалымы Қазақстанға алғаш келген жылдары қиналғаны туралы айтып берді
Мажар ғалымы Давид Шомфаи ҚАРА осыдан 100 жыл бұрынғы мажар шығыстанушысы Дьёрд АЛМАШИДІҢ ізімен қазақ жерін қалай аралағаны туралы айтып берді. Сондай-ақ Астанада ашылған көрмеде сөз сөйлеген ол мажар халқының ыстық сәлемін жеткізді.
Давид Шомфаи Қара қазақ тілін жетік меңгерген. Ғалым қазақ пен мажар халықтарының мәдени байланысын нығайтуға атсалысып жүрген азаматтардың бірі.
«Ассалаумағалейкүм, құрметі қауым, қазақ бауырларымыз! Жалпы мажар халқының және 13 ғасырдан бері мажарлықтармен бірге өмір сүріп келе жатқан құман-қыпшақтардың сәлемін жолдаймын», - деп бастады сөзін Давид Шомфаи Қара.
Оның әңгімесіне құлақ ассақ, Қара Қазақстанға Алмашидің кітабын оқығаннан кейін келмеген. Яғни, Қазақстанға келген кезінде Алмашидің еңбегімен мүлде таныс болмаған.
«Тоқсаныншы жылдары Мажарстанда марқұм болып кеткен бір ағамызбен кездестім. Ол маған «Сен қазақша үйрен! Олар құман-қыпшақтардың ең жақын тілінде сөйлейді. Ата-бабаларыңның салт-дәстүрін білгің келсе, Қазақстанға бар» деп кеңес берді. Өкінішке қарай, ол ақсақал көп ұзамай 1992 жылы арамыздан өтіп кетті. Сонда сол ағамыздың жұмысын жалғастырмақ ниетте 1993 жылы мажарстандық ең бірінші студент болып Жетісу өңіріне келіп, Алматы қаласына оқуға түстім. Қазақ филологиясында оқыдым», - дейді мажар ғалымы.
Ғалым Қазақстанға алғаш келгенде тілден қиналғанын айтады.
«Ол кезде қалада көбі орысша сөйлейтін. Қазақша білетін мен көшеде біреуден бірдеңе сұрасам «Говорите на русском» деп жауап беретін. Мен оған шыдамай Жетісудың ауылдарына қашып кеттім. Кейін Мажарстанға оралып, Иштван мырзамен танысып, екеуіміз екі елдің арасындағы кеңес дәуірінен кейінгі мәдени байланыстарды 1993-1994 жылдары орната бастадық. Ол кісі бірнеше жылдан бері Алмашидің еңбектерін, мұрасын зерттеген. Сондықтан, ол маған Алмашидің «Азия жүрегіне саяхат» атты кітабын сыйға тартты. Оны ашсам, өзім көрген, аралаған Жетісу бейнеленіпті», - дейді мажар ғалымы.
Осыдан 100 жыл бұрынғы кітапқа ынтық болғаны соншалық, іздегені табылған Қара бірден Алмашидің еңбектерін зерттеуге кіріскен.
«Мен Қазақстанға келген кезең - кеңес дәуірінен кейінгі Қазақстан болатын. Қазақ даласында киіз үй сирек кездесетін. Бақсылармен кездесіп, бүркітшілермен бірге жүрдім. Түйешілермен ұзын сонар әңгіме өрбіттім. Бірақ, Алмаши мен жүрген жермен 100 жыл бұрын жүріп өтіпті. Алмашидің кітаптарын оқып отырып, өзімнің көрген-білгендеріммен салыстыру мен үшін өте қызық болды. Сондықтан, мен бұл кітапты қолыма алғаннан кейін тастап кетпей, 700 бетті екі күнде оқып шықтым. Алмашидің мұраларына ғашық болып қалдым. Жалпы жұртқа танытуды өзіме міндет қойдым. Алмашидің мерейтойы болған кезде біз оның ізін қуып, деректі фильм түсірдік», - дейді Қара.
Мажар ғалымы алдағы уақытта екі елдің байланысын нығайтуда Дьёрд Алмашидің еңбегі дәнекер боларына сенім білдіре отырып, шараны ұйымдастырушы Түркі академиясына Патша үкіметі тұсында жазылған «Бұйрық хатты» тапсырды. Ол хат Алмашиге Балқаш өңірін аралау барысында көмек көрсетілсін деген мазмұнда жазылған. Ең қызығы, Қара қазақ жерін аралап жүріп, осыдан 100 жыл бұрын Дьёрд Алмашиге түйеші ретінде қызмет көрсеткен кісінің немересін тауып алыпты.
Еске сала кетейік, кеше Астанада бір ғасыр бұрын қазақ даласы туралы «Азия жүрегіне саяхат» атты кітап қалдырған әйгілі мажар шығыстанушысы Дьёрд Алмашидің көрмесі ашылған болатын. Шығыстанушының 150 жылдығы құрметіне орай көрме мен семинарды Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) өткізуде.
Дьёрд Алмаши - 1867-1933 жылдары өмір сүрген шығыстанушы. Қазақ даласын зерттеу үшін ол Қазақстанның оңтүстік және Балқаш өңірін аралап, 200-ге жуық фотосурет түсірген. Этнограф сонымен бірге, зоология, орнитология ғылымымен айналысып, Еуропаға Қазақстанды танытқан ғалымдардың бірі болып табылады.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»
Фото: inform.kz