Қазақстанның халық әртісі Оңтүстік тұрғынынан зәбір көргенін айтып берді
Бұл туралы әнші Астана арнасының «Ел аузында» бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Бағдарламаның үзіндісін Мақпал ЖҮНІСОВА өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Осыдан 27 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанда, Жетісай аудан орталығында концерт берген әншіге көрермен шабуыл жасаған. Ол әншінің дайындық бөлмесіне басып кіріп, шу шығарған.
«Есікті аш, мен қазір сені зорлаймын дегенге дейін барды. Есі ауысқан біреу. Сосын Ұлбосын апайдан оның кім екенін сұрадым. Ол: «Ойбай, Мақпал, үндеме. Бұл осы жердің жындысы. Ол – психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрған адам. Қазір бәрімізді бауыздайды. Одан полиция түгілі күллі Жетісай қорқады екен», – деп есіне алды Халық әртісі.
Ең қызығы, сол күні ән кешіне келген көрермен қауым сүйікті әншісін қорғай алмапты. «Ол менің музыкантымды көтеріп алып лақтырып жіберді. Сол кезде бізді ешкім қорғай алған жоқ. Бірақ сабырлық сақтадым», – дейді Мақпал Жүнісова.
Фото: comode.kz.