Ерлан Біләлдің пара алғаны расталды
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театрының директоры, белгілі актер Ерлан БІЛӘЛДІҢ пара алғаны расталды.
Бұған дейін Ратель тілшісі бұл туралы жазған болатын. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Әбділдәұлы жайлы әңгіме ең бірінші әлеуметтік желілерде желдей ескен. Актердың кейбір жанкүйерлері бұл қандайда бір кино картинадағы кадрдың фотосы деп өнерпазды жамандыққа қимаған болатын.
Алайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі актердың заң бұзушылыққа барғанын хабарлады. Театр басшысы 1,5 млн теңге пара алып жатқан жерінен ұсталыпты.
«Бұл қаражатты лауазымды тұлға театр базасында балаларға арналған қойылым қоюға ғимаратты жалға беру үшін заңды тұлғадан алған», - деді агенттіктің ресми өкілі Нұрлан ЖАХИН.
Ерлан Біләл кінәсін толық мойындағандықтан, қамауға алынбады. Қазір бұл іске қатысты тергеу жұмыстары басталып кетіпті.
Фото: auezov-theatre.kz