Қайнар бұлақ саяжайында 11 сынып мектеп оқушысы өз-өзіне қол жұмсаған
Шымкентте өз-өзіне қол жұмсаған 11 сынып оқушысының өліміне байланысты тергеу шаралары басталды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«10 ақпан күні Қаратау аудандық полиция бөліміне жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары кәмелет жасына толмаған 11 сынып оқушысы өз үйінде асылып қалғанын анықтаған. Қазіргі таңда осы дерекке байланысты бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның қортындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», - делінген ОҚО ІІД таратқан хабарламада.
Естеріңізге салайық, өткен сенбі күні қаланың іргесіндегі Қайнар бұлақ саяжайында 11 сынып мектеп оқушысы өз-өзіне қол жұмсаған еді. 16 жастағы Ерсұлтан Ахметовтың өлі денесін ауладағы моншаның артынан анасы тауып алған болатын.
Қазір марқұмның туыстары оның өліміне достарын кінәлап отыр. Өйткені, бақилық болардан бірер күн бұрын жасөспірім мектепте өзге балалардың әлімжетік жасап жүргені жөнінде бауырларына айтқан екен.
Ал, қайтыс болған кезде оның қалтасынан өліміне кінәлі деген бірнеше адамның аты-жөні жазылған қағаз табылғаны белгілі.