Қоғамда шаңғы курортын салуға қарсы болғандар саны күн сайын артуда
Алматы тұсындағы «Көк Жайлау» шаңғы шипажайын салу туралы шешім қабылданғалы бері қоғамның басым бөлігі бұған қарсылық білдіргені белгілі.
«Көк жайлаудың» тағдыры не болмақ? Табиғи қорықтың орнына шипажай салған кімге пайдалы? Осы және де басқа сұрақтарды біз Республикалық «Байтақ болашақ» Экологиялық альянс президенті Азаматхан ӘМІРТАЕВҚА қойдық.
- Азаматхан-мырза, «Көк Жайлау» жобасы дүниеге келгелі бері жұртшылықтың көңілінен шыға алмауда. Қарсылық білдірушілер бұндай шипажайдың Алматы экологиясын тіптен мүшкіл жағдайға алып келеді дейді. Бұған Сіз не дейсіз?
- Алматы әкімшілігі тарапынан сондай әдемі табиғатты құртып, оны құрылыс алаңына айналдыру туралы бастамасына, әрине, біз қарсымыз. Бәріміз білетіндей, 2015 жылы «Көк-жайлау» шипажайын салу жобасы 2 жылға тоқтатылған болатын. Бірақ, қалаға жаңа әкім келгелі құрылыс жұмыстарын қайта жаңғырту туралы шешім қабылданып, 1000 гектар жер Іле-Алатау ұлттық паркінен Алматы қаласының әкімшілігіне берілді.
Осы жерде біздің, яғни экологтардың уайымдап отырғаны – шипажай салуға бөлінген ауқымды жердің көлемі. Шипажайға 100 га жердің өзі жетіп жатқан жоқ па? Қалғанына не істейді сонда? Біздің ойымызша, ол жерлерде қонақ үйлер мен мейрамханалар салынады. Бұл үлкен құрылыс компанияның бастамасы болып тұрған секілді.
- 2017 жылдың күзінде қала әкімі «Көк Жайлау» шипажайына туристер тек қыс мезгілінде ғана емес, жаз кезінде де барып, велосипед теуіп, альпинизммен айналыса алатынын айтты. Осындай ерекше курорт жобасының әлеуетіне қалай қарайсыз?
- Біз нарықтық экономикаға көштік деп жар саламыз. Бірақ бізде ол әлі де жабайы қалпында десем артық болмас. Сол альпинизм мен велосипед тебу үшін міндетті түрде табиғи орындарды бұзуымыз қажет пе?
Мысалға, бізде қазірдің өзінде Шымбұлағымыз, Ақбұлағымыз бар. Біз солардың өзін адамға толтыра алмай жатқан жоқпыз ба? Бар нәрсені бітіре алмай, тағы бір курорт салуға асығып жатырмыз. Өзге нәрсені айтпағанда, бізде сервис те жоқ: авиакомпаниялар қымбат, қонақ үйлердің жұмысы жүйеленбеген. Ал бұларды аяғынан көтермей туризмді дамыту туралы ойлап та керегі жоқ.
Қазір әлемдік туризмде адамның қолы тимеген, аяғы баспаған кіршіксіз табиғи жерлер ерекше құндылыққа ие. Ал біз болсақ еліміздегі дәл сондай атаққа ие Көк-Жайлауды құртып әлекпіз.
Менің ойымша, ол жерде кешенді туризмді дамытуда белгілі бизнес топтардың қызығушылығы бар. Егер «Көк Жайлау» жобасына инвестиция тартылып, жүздеген гектар жерге зәулім жер үйлер мен мейрамханалар салынатын болса, пайданың көзі сонда. Ал тау-шаңғы шипажай салу туралы бастама тек назарды басқаға аудару әрекеті.
- Сіз басшылық етіп отырған «Байтақ болашақ» экологиялық қауымдастығы 2016 жылы құрылды. Содан бері ұйымдарыңыз қандай істер атқарып үлгерді?
- Біріншіден, біз еліміздің әр қаласында өкілдік ашып, әр аймақтағы экологиялық жағдайды бақылауға алдық. Өзіміздің «Таза ел» деген газетімізді ашып қана қоймай, республика деңгейінде экология мәселесіне арналған телеканал ашу үрдісін жолға қойдық.
Атырау облысында біздің бастамамен ауаны тазалайтын топинамбур атты өсімдік егілді. ОҚО-да ауаны ластайтын «Балқаш Смэлтинг» зауыттың жұмысы тоқтатылды. Оған қоса, Алматы қаласындағы қоқыс өндіру жобасына белсенді түрде атсалысудамыз. 2017 жылдың наурыз айында Бірінші Халықаралық Экологиялық Конгресс өткіздік. Алда талай атқаратын жұмыстарымыз көп.
- Ұйымның негізін қалаушысының - бірі белгілі қоғам қайраткері Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ. Ол кісінің «Көк Жайлау» мәселесі бойынша пікірі қандай?
- Біздің ұйым «Невада-Семей» қозғалысының ізбасары болып табылады. Олжас Сүлейменов «Байтақ болашақ» қауымдастығының белсенді мүшесі. Сондықтан, әрине Олжас ағаның көзқарасы ұйымның ұстанымымен тұспа-тұс келеді. Ол кісі де табиғи қорығымыздың жойылуна қарсы.
Р.S. Айта кету керек, біз Іле-Алатау ұлттық паркінің бас директоры Дамир МАЛГЕЛДИЕВПЕН хабарластық. Оның берген ақпараты бойынша, Көк-жайлау шатқалы Алматы қаласы әкімшілігінің қарамағына 2015 жылы берілген. Сонымен қатар, бастапқы жоба бойынша шаңғы курорттың құрылысына 1006 га жер бөліну туралы ұсыныс ресми бекітілген.
Фото: Facebook.com.