Адамның еңбегі темір-терсекпен емес, ақшамен марапатталуы тиіс
Капиталистік мемлекетте бәрі ақшаға ілініп тұр. Ең дұрыс логика дер едім. Біріншіден, кез келген материалдық игілікті өндіруге инвестиция (бұл да ақша) құйылуы тиіс. Заңды жолмен. Екіншіден, кез келген еңбек тек ақшамен бағалануы тиіс. Заңды жолмен. Өркениетті елдерде жақсы маманға медаль беріп алдай салмайды, қомақты сыйақы беріп, жанын жылытады. Ал, бізде барлық мәселені құр темір-терсекпен шешу етек алып барады.
Адамдарға медаль үлестіріп, көңілін бірлей салу – «шесть» секундтық шаруа. Біздің нарықтық қатынастарға толық және түпкілікті көшіп үлгермегеніміз осы жалғыз фактордың өзінен анық көрінеді. Не деген «наивный» халық едік?! Біздің мемлекетте «деньги – ничто, имидж – все» деген девиз алдыңғы планға шығып кеткені сонша, кейбіреулеріміз ақшамызды салып жүріп, темір-терсек жинаудан алдымызға жан салмайтын болдық.
Мен бұл жерде ақшаны насихаттаудан аулақпын. Адамды, адамның лайықты өмір сүруін насихаттау үшін айтылып жатқан әңгіменің өзі ақшаға барып тірелетінін байқаған боларсыздар. «Ақшадан да қымбат нәрселер бар, бірақ оны сатып алу үшін де ақша керек» деген Қадыр ағам данышпан еді-ау! Бір анық, кез келген адам үшін материалдық игіліктің алатын орны ерекше.
Онсыз адам лайықты өмір сүре алмас еді. Сондықтан да адамның еңбегі медальмен емес, ақшамен марапатталуы тиіс. Сенің алған медалің бала-шағаңа киім-кешек бола ма?! Сенің алған картон қағазың бала-шағаңа тамақ бола ма?! Сіз жақсы білесіз: болмайды! Болмақ түгілі, сол наградаңды жуу бюджетіне де ақшаны бала-шағаңның аузынан жырып бөлесің. Құр мақтан үшін ақша шашып бөсе беруден гөрі отбасыңа лайықты өмір сүру мүмкіндігін жасап мақтанған әлдеқайда дұрыс сияқты көрінеді де тұрады. Осындайда ортаға мынадай ұран тастағың кеп кетеді: «имидж – ничто, деньги – все».
Дереккөз: Шархан Қазығұлдың Facebook-тағы жеке парақшасынан алынды. Автордың рұқсатымен жарияланды
Фото: vesti.kz