Хиджаб киюге рұқсат етілетін мектептер ашылса - радикалды діни ағымдардың тілеуі қабыл болғаны
Министр мырзаның хиджаб оранған қыздардың ата-аналары айырым бөлек мектеп ашуға құқықтары бар деген сөзі маған ұнамады. Бұл дұрыс емес, зайырлылықтан алшақтау, шариғатқа бір табан жақындау деген сөз.
Радикалды діни ағымдар мен топтардың тілеуі қабыл болды деген сөз. Унитарлық мемлекеттің бірыңғай бір жүйедегі білім беру саласының әзірше екіге бөлінуі деген сөз. Мүмкін, оларға толыққанды отказ бермей, орындалуы қиын бір осындай жол ұсынып, құтылармыз деп ойлаған да шығар, бірақ сонда да дұрыс емес. Күн бүгінгі емес, жыл биылғы емес, олардың қолдарында сыртқы, ішкі қолдау бар, қаржы бар, кадрлары да жеткілікті, қандай қиындық болса да айырым мектептерді ашады, барлық жағдайын жасайды.
Орта жолда жүрген талай ата-ана агитацияға беріліп, хиджаб тақпаса да қыздарын сондай мектептерге берері анық. Ұйымдастырушылар мектепті өздері ашқан соң ойларына келгенді істейді: осындай қыздар дәрет алу керек, уақтылы намаз оқу керек деп мектептің ішінде ғибадатхана ашады.
Ал осындай мектептердің ашылуымен бәрібір хиджаб дауына нүкте қойылмайды, өйткені Қазақстанның жері кең, әр жерде ондай айырым мектеп ашатындай көп адам табылмауы мүмкін, сондай шалғай аудандарда, кішігірім елді мекендерде тұратын радикалды бағыттағы ата-аналар не істейді?!
Олар бәрібір үйіне жақын мемлекеттің зайырлы мектебіне апарады, олар кіргізбейді хиджабыңды шеш деп, ата-анасы көнбейді бұл менің діни сенімім, конституциялық құқығым деп, сол бір үйреншікті дау-дамай қайталана береді. Олай болса айырым мектептерден не пайда?!
Зайырлы білім жүйесі ортасынан қақ жарылып, зайырлы және шариғатшыл немесе сегрегациялық білім жүйелері болып кемінде екіге бөлінетінін көру үшін сәуегей болудың еш қажеті жоқ. Мектептерін ашып болған соң оқу бағдарламасын шариғатқа лайықтайтындары осы процесстің табиғи жалғасы.
Қыздар мен ұлдар аралас оқуы керек, тек қыздар оқитын мектеп ашқан дұрыс емес. Ал олар қыздар ғана оқитын мектеп болса да xиджабтарын бәрібір шешпейді, мұсылман елдерінде мұндай сценарийдің талайын көрдік. Ертең тек әйелдер ғана отыратын автобус, вагон, кабинет, аурухана т.б. керек деп шығады. Мектепте бөлек оқыған қыздар ертең жұмыста да, өмірде де еркектерден бөлектеніп тұруға тырысады.
Сонда мына реформаңыздан не ұттық министр мырза?!
Дереккөз: Мұртаза ЖҮНІСҰЛЫНЫҢ Facebook-тағы жеке парақшасынан алынды. Автордың рұқсатымен жарияланды.
Фото: turmush.kg.