Қабыл Әбілді өлтірмесе адам баласы аярлық ойламас еді
Әлімсақтан адам баласының бауырға жасаған опасыздығын паш ететін аңыздар бар, әуелгісі Қабылдың Әбілді өлтіргені болса, тағы бірі – байғұс Жүсіпті ағаларының құлдыққа сатуы. Қабыл мен Әбілдің хикаяты жиі айтылады, ал Жүсіп жайлы...
Сара бәйбішенің Ибраһим пайғамбарға ұл сыйлаған Ажар анамызды кішкентай Сымайылмен бірге құмға қуып жіберетіні баршаға аян. Сәбиге жасалған бұл қиянатқа шыдамай, Сараның жүрегі жібісін, жер бетінде мейір суалмасын, ағайындар араздаспасын деп Алла тағала бәйбішеге де ұл сыйлайды. Ол баланың есімі Ысқақ еді. Ысқақтың баласы Жақып (Сырайыл) пайғамбардың 12 ұлы болған. Кенжесі Жүсіпті туғанда анасы көз жұмады.
Пайғамбар осы кішкентайын тым қатты жақсы көріп, еркелетеді. Өстіп Жүсіп ержете бастайды. Ақылы кемел перзентке деген әке махаббаты да күшейе түседі. Мұны қызғанған ағалары бозбала Жүсіпті егістікке ертіп әкетіп, құдыққа тастап, көйлегін қанға бояп әкелеріне апарады. «Жүсіпті қасқыр жеп кетті», – дейді олар шімірікпестен. Байғұс әке еңірегенде етегі жасқа толып, басын көтере алмай жатып қалады.
Қайғыдан көз нұры семіп, соқыр болады. Жақып та оның ұлдары да Жүсіптің тірі қалғанын білмеп еді. Құдық ішінде зар еңіреген бозбаланың үнін керуеншілер естіп, құтқарып алып, Мысырға апарып, перғауынға сатады. Құл болып келген Жүсіп пайғамбар ақыл-парасатының арқасында осы елдің билеушісіне жағады, пирамидалар еліндегі ең көркем, ықпалыды адамдардың біріне айналады. Ал, бұл кезде Жақыптың әулетінен береке кеткен болатын.
Телім-телім болып Мысырға барады, оларды Жүсіп пайғамбар қарсы алады, кешіреді, аштықтан тентіреп келген бауырларын қолдайды, әкесінің жанарын шырақтай жағады. Жақып пен оның ұлдары Мысырда ғажап өмір сүреді. Ибраһим, Ысқақтың кіндігінен тарағанға жұмақ уақыт сол бір қысқа кезең еді.
120 жыл өмір сүрген Жүсіп пайғамбарға ажал жеткенде,одан кейін де көп жылдар өткенде, Перғауын көңіліне біреулер сенімсіздік уын сепкенде олардың басына қара бұлт үйіріледі. Бұрымдысын сүйреп күң етті, айдарлысын құлағын кесіп құл етті, ханшасы қараға қатын болды, мырзасы иткүркеге жақын болды. Осылайша, Мұса пайғамбар келгенше, оған ерген жұртқа Қызыл теңіз қақ жарылып жол бергенше Жүсіп ұрпағы көп уақыт азап шекті.
Ал, құтылғаннан кейін не болды? Одан кейінгі тарих жақсылық – жалғыздан, жамандық – он бірден тарағанын айқындап берді. Мұса пайғамбардың шапағатымен, Алланың оған деген ықыласымен ел болған, қала салған адамдар сол Мұсаның өзін тыңдамай кетті, пайғамбар күйіктен көз жұмды.
Мысырға баруымызға себепкер болған сендердің бабаларың, сондықтан құл болдық, – деп жұрт Жүсіптің ұрпағын жазғырды?! Одан кейін анасымен құм кешіп, Зәмзәм бұлақтың арқасында аман қалған Сымайылдың өсіп-өркендеп, мемлекеттер құрып, тізеліні бүктіріп келе жатқан балаларына ұрынды, мысырлықтарға қарсы соғыс басталды. Жақыптың ұрпақтары қатты кетті, Мұсаның тілеуімен
Алланың алғысын алған жұрт енді қарғысқа қалып, қағанағы қарық болса да жон теріні тілген қамшыны ұмыта алмай, Перғауынмен жарты мың жыл жауласты. Дәуіттің ұлы Сүлеймен патша ымыраластырғанға дейін екі ел алакөзденіп, қырқысумен болды. Бұл уақытта бауыр мен бауырдың жағаласуы, бауырдың бауырды орға жығуы, оның құдайын менсінбей өз құдайын көтермелеуі,оның моласын жермен-жексен етіп үстіне өз ғибадатханасын салуы сүйекке сіңген әдетке айналып еді. Одан беріде үш мың жыл өтті. Әдет қалмай келеді. Жақып, Жүсіп пайғамбарлардың мына дүниедегі дәм-тұзы түгесілгенімен оларды қорлаған опасыздық жүректерді төңіректеп қалып қойды. Құлдықтың қамытын сыпырып тастағысы келгенді өз бауыры не орға, не торға итереді... Көкейде көр қазып, көңілде көміп тастайды.
Жүсіптің өмірінің соңы неге бақытты болды, ол кешірімшіл еді. Ондай кеңдік екінің біріне бұйырмаған, өйтсе пайғамбар көбейіп кетер еді. Есесіне Қабылдан тараған, Жақып пайғамбардың он бір ұлының пиғылынан нәр алған опасыздық зор құбыжыққа айналды. Жүсіп пен адамзат кешіргенімен, адамның адамға жасаған қылмысының жүзі жылмың, жоны бүкір, тілі жылан, жүрісі митың перзенті – Опасыздық қалып қойды. Адам баласы оны мыңдаған жылдар жеңе алмады.
Сымайыл мен Сырайыл ұрпақтарынан әріректе өмір сүрді делінетін, өз бауыры Сет қылышпен турап, етін Мысырға шашып жіберген Осиристің моласы табылмауы содан... Құдай Осиристен итбасты Анибустай ұл туғаны, сол итбастың жұмаққа аттанған әкесінің сыншысы болуы, жүрегін бөлек, ақыл-парасатын бөлек таразыға тартуы содан... Себеп? Себебі жақсылықтың жады ұзақ, опасыздықтыкі – келте. Жасаған бір жақсылығын ұзақ жыр еткен пенде өз опасыздығын тез ұмытады. Өзінікін ұмытуға әдеттенгеннен кейін өзгенікін де елемейтін болған...
Адам опасыздық көрсе әшкерелейді, күреседі, түп-тамырымен қопарып тастағандай болады, одан кейін ұмытып кетеді де митың тірлікке кіріседі. Тыныштық, рахат, бақуаттылық іздейді. Оларға жету үшін... соғысады. Жеңеді. Тойлайды, өз патшасын сайлайды, құдайын көтермелеп, ғибадатхана салады...
Тарих шеңбері – осы. Бәріне бір опасыздық себепші. Қабыл Әбілді өлтірмесе адам баласы аярлық ойламас еді, адам баласы аярлық ойламаса Ажар ана нәрестесін құшақтап, құм ішінде аңырамас еді, адалдықтың көз жасын кешпесе он бір ағасы Жүсіпке қастандық жасамас еді, Жүсіп жапа шекпесе ағайын бір-біріне өкпелемес еді, ағайын өкпелемесе бауырлар арасында ұлы соғыс тұтанбас еді, бауырлар арасында соғыс болмаса жер беті жұмақ мекенге айналар еді...
Ал 5 ғасырлық қырқысты уақытша тоқтатқан Сүлеймен патшаныкі – әлсіз нәтиже. Сол уақытша нәтижеге жеткені үшін де Сүлеймен есімі діни кітаптарда айтылған. Ондай әрекетке барушылар аз. Ал бауырын баудай түсіріп, қолының қаны сорғалап отырып тарих бетін жазғандар өте көп. Оларға бауырдың көз жасы мен қаны еш әсер етпейді, өз есімі қалса болғаны. Ал, қылмысын бүркер жазықты қашанда табылады. Жүсіп тарихы соған дәлел...
«Бауыр, –деп барсаң бауырға, бауыры оның көк темір...». Адам бауырының ет болып езіліп тұрған кезі шамалы-ау...
Фото: magiya.net