Қажет Андастың қисынсыз тұжырымы немесе тарихи деректерді бұрмалауға жол жоқ
Тұлғатану – өте нәзік те, қиын сала. Қазақ қоғамының дамуына зор үлес қосқан тұлғаларды тану, зерттеу мәселесі – ең қиын мәселе екенін ешқашан естен шығармағанымыз абзал. Бұл күнде екінің бірі «тұлғатанушы» немесе «насихатшы» бола бастады. Дұрыс-ақ! Тарих – ортақ, тұлға – ортақ! Десек те, танимын, зерттеймін десең, тарихи деректер мен оқиғаларға мұқият қарауымыз керек; сосын тарих алдында адалдық танытуымыз керек. Енді осынау ұзақ басталған уәжді сөзіміз кезек берейік:
Талдықорған қаласында Қажет АНДАС есімді азамат тұрады. Қаламға ебі бар азамат ретінде облыс жұртшылығына жыға таныс. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей осы Қажекем әмбабаптығымен тағы бір көрініп, қисынсыз деректерін алға тартып, «бүлік» шығарыпты.
Ағамыз Facebook желісіндегі парақшасына «Жыл ашар» (1 қаңтар, 2018) деп аталатын жазба салыпты. «Жылашары» былай басталады: «Міне, тағы да бір жыл табалдырығымызды аттады. Алдымызға жаңа міндеттер жүктелді. Осы жайлы ойлана бастағанда шаң басқан архивтерде жатқан тарихымыздың құндылығын паш етер дүниелер көз алдыма келе қалды. Өткеннің сол еншісін бүгінгі ұрпақтың қажетіне жарату үшін азды-көпті еңбек еттік. Оның біразы елге жетті. Көп бөлігі жеке қалтамызда жатыр. Архивтен ақтарып алған дүние енді менің қалтамда кірлеп жатқаны жараспас (?) (қандай архивтен шаң жұта отырып тапқаныңызды жаза салуыңыз керек еді – Т.Е.).Ол үшін қай баспаға қоңырау шалып, кімге жалынып, уақытымды зая кетіремін. Жасыратыны жоқ, бүгінде Фейсбук деген ашық пікір алаңы қалыптасты. Сонымен өзімде бар дүниені осы бір жылда дәл осы жерде сіздермен бөліскім келді. Алғашқы тұсаукесерін Мұхаметжан Тынышбаевтің Барлыбек Сырттанов жайлы жазған естелігінен бастасам деп ойладым».
Егер, Сіз нақты тарихи құжаттар мен деректерді тегіс қарап, зерделеп жүрген ғылым саласының өкілі болсаңыз, бұл мақаланы ең алғаш «Қазақ» газетінің біраз бөлігін кириллица қарпіне түсіріп, кітап қылып шығарған атақты библиограф-ғалым Ү.СҰБХАНБЕРДИНА апамыздың еңбегі екенін білер едіңіз. Кейінірек дәл осы мақаланы өлкетанушы, жазушы Т.ҚАЛИЛАХАНОВ, барлыбектанудың негізін салған, заңгер-ғалым С.ӨЗБЕКҰЛЫ, сондай-ақ «Қазақ» газетінің 1913, 1914 жылғы барлық нөмерін жеке-жеке кітап қылып шығарып, қайтадан мұқият аударған филология ғылымдарының докторы Ғ.ӘНЕС пен тарих ғылымдарының докторы, профессор С.СМАҚҰЛОВАНЫҢ аударғанын білген болар едіңіз. Сіздің «тәржімалағаныңыз» ғылыми орта үшін ешқашандай «жаңалық» емес!
Қ.Андас енді осы жазбасының астына қалдырған пікірінде: «Расында, өткен бір жыл Алаш орда туралы айтылды, жазылды, тойланды. Бірақ Барлыбек туралы бірер адам үн қатқанымен ауқымды зерттеу болмады (?)», - деп барлыбектану саласындағыларды көзге ілмей, көзге ілсе де, місе тұтпай, өз тұжырымын ұсынады. Қажекеңнің «бірер адам» деп меңзегені біз және өзі қызмет ететін «Жетісу» газетіне мақалалары жарияланған Т.БАЛТАБЕКОВ пен С.БАТЫРХАНОВ, Қ.ҚҰРМАН болар, бәлкім?! Егер, Қажекең күнделікті мерзімді басылымдарды қадағалап, ғылыми журналды бақылап жүрген адам болса, бұлай кесім шығармас еді.
2017 жылдың басынан бері біздің тікелей өтінішімізбен тарих ғылымдарының докторы, белгілі профессор Б.КӘРІБАЕВ, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Өзіңіз «шолып» өткен ілиястанудың білгірі Л.ӘДІЛБЕКОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Н.БЕЙСЕНБЕКОВА, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Б.СЫЗДЫҚОВ, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Е.ӨМІРЖАНОВ сынды ғалымдар ғылыми басылымдарға Барлыбек СЫРТАНҰЛЫ туралы мақалаларын жариялап, тарихи тұлғаның сан қырлылығын өз салалары негізінде кеңінен ашып көрсетті.
Сонымен қатар, ҚР ҰҒА-ның академигі, үлкен алаштанушы-ғалым М.ҚОЙГЕЛДІ өзінің жеке архивіндегі Б.Сыртанұлына тиесілі құнды деректерімен бөлісіп, көпке жария етті. Және де әлихантанушы-ғалым С.АҚҚҰЛҰЛЫ Ә.БӨКЕЙХАН мен Б.Сыртанұлының саяси қызметі, Алаш қозғалысының бастауындағы саяси қадамдары туралы жазғаны бар. Сізге айрықшалап айтар бір жайт: өткен 2017 жылы белгілі жазушы Ш.КҮМІСБАЕВ («Қанмен жазылған заң», әңгіме) пен ақын Г.ҚАСЕН («Алаштың Барлыбегі», поэма) әдеби шығарма жазып, оқырман назарына ұсынды. Міне, Қажеке, көрдіңіз бе, барлыбектанудың аясы да, авторлық құрам да күннен-күнге көбейіп, бірін-бірі толықтырып, тарихи тұлға өз еліне танытуда.
Қадірлі Қажеке, Сіз әбден сең қозғалып, ресми билік мақұл еткен кезде ғана қолыңызға қалам алып, алды-артыңызға қарамай, тың тұжырым ұсынып отырсыз. 2017 жылдың 21 маусымы күні М.БОПАЗОВ, Е.БЕКТҰРҒАНОВ, Н.ДУЛАТБЕКОВ, Б.МАМРАЕВ, С.ҮМБЕТОВ, Б.СМАҒҰЛ сынды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында Б.Сыртанұлын тану, насихаттау мәселесін көтеріп, ҚР Үкіметінің басшысы Б.САҒЫНТАЕВТЫҢ атына депутаттық сауал жолдады. Бұл депутаттық сауал – Барлыбектей тұлғаның есімінің жаңғыруы мен еңбегінің ұлықталуына жол ашты. Ақырында, 2017 жылдың 24 шілдесі күні ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаевтың аталмыш депутаттық сауалға орай жазған ресми жауабы шықты. Міне, осыдан кейін Барлыбектің республикалық деңгейде «бағы жанды».
2017 жылы атқарылған жұмыстарды санамалап көрсеттік. Енді Сіздің тұжырымдарыңызға айтар сын-пікір: «Мен білетін Барлыбек», – деп бастырмалап айтқандағыңыз мынау: 1.Ресейдің Петрбоург қаласында 1905 жылғы орын алған патшаға қарсы қанды жексенбіні үйымдастырушылардың бірі. 2. Қазақтың тұңғыш Ата заңын жазған адам. 3. 1912 жылы Қазақстанның жер картасын сыздырып, Мәскеуде бір жыл жатып, патшаға кездесе алмай қайтты.. Соның салдарынан ауру тауып, 1914 жылы 48 жасында қайтыс болды. 3. Әлихан бастаған Алашордашылармен бірге Петрбурда Алашорданың болашақ бағдарын жасауға қатысты. 4.Торғайда Ахмет Байтұрсынұлымен төте жазуды ұлт жазуы ретінде қалыптастырудың адғашқы жолын нұсқаған. 5. Алматыда әскери губернатордың аудармашысы бола жүріп, сан қазаққа қол ұшын берген ақылман. Бірақ біз сол тұлғаның қадіріне жете алдық па? Бүгінде Жоңғар Алатауының бөктеріндегі бір қуыста сүйегі жатыр. Тірлігінде сүеніш болған елі ұмытқалы қашан. Алдағы уақытта баба әруағы оянып, оның рухын терең танудың жолдары жарқырай түсеріне сенімдіміз».
Бұл – Қажет Андастай зерделі зерттеушінің «тыңнан түрен тартқан» тұжырымы. Бір мақаланы «аудара» салып, тарихи дерек пен оқиғаны білмей тұрып, осылай тұжырым шығаруға да болады екен. Масқара!
1.1905 жылы Ресейдің Петербор қаласында болған «қанды жексенбіні» ұйымдастырған Барлыбек те, басқа да Алаш зиялылары емес. Патшаға қарсы көтерілген орыстың қара жұмысшылары болатын.
3. Барлыбек 1903 – 1907, 1909 жылдары Жетісу облыстық генералының кеңсесінде қызметте жүргенінде, шекара межелеу жұмысына араласып, Қазақстанның Қытаймен шектесетін аймағын межелеген. Бұл қазіргі Алматы облысының территориясын қамтиды. Сосын бұл уақыт та Мәскеу – Патшалық империяның астанасы еместұғын. Мәскеу 1918 жылдан кейін ғана орталық қала болды. Ол, уақыт та Барлыбек атамыз фәниден бақиға өтіп кеткен болатын. Барлыбек қазақ жерінің мүддесін қорғап, Столыпин саясатына қарсы шыққан.
Тағы да «3» деп белгілеген тұжырымыңыз да қате. Алаш Орданың жобасы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында ғана жүзеге асқан. Яғни, екінші жалпықазақ съезі барысында. Әлихан мен Барлыбек Петерборда кездесіп, әңгімелескені рас. Бірақ, ол кездесуде қазақтың конституциялық еңбегін талқылаған болатын. Барлыбек Сыртанұлының «Қазақ елінің Уставы» деп аталатын еңбегі 1911 жылдың 13 маусымында Петербор қаласында жазылған. Бұл уақыт та Бәкең Ә.Бөкейханмен бірге қатар отырып, осы құжатты жан-жақты саралаған.
4. Барлыбек ешқашан әліпби, қазақ жазуымен айналыспаған. Рас, Бәкең бірнеше тілді жетік меңгерген шығыстанушы, алайда, ол лингвистика саласымен айналыспаған. Барлыбекті бүгінгі қазақ «заңгер», «алғашқы қазақ конституциясының авторы», «Алаш идеологы» деп таныса да жеткілікті. Осының өзі бір тұлғаның тақиясына тар келмейді. Барлыбектің даңқын көтереміз деп, А.Байтұрсынұлының беделіне нұқсан келтіруімізге болмайды. Бұл – зор қиянат! Өрескел қателік! Ащынып айтсақ, саяси сауатсыздықтың белгісі. Ахаң, қадірлі Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің нағыз жобасын жасаған үлкен теоретик-ғалым, лингвист, қазақ әдебиеттануы мен тіл білімінің теориялық негізін қалаған! Осыны ұмытпаңыз, Қажеке!
5. «Бүгінде Жоңғар Алатауының бөктеріндегі бір қуыста сүйегі жатыр» деген «болжауыңыз» мүлде қате, қисынсыз. Шындыққа жанаспайтын жайттарды қайдан тауып алғансыз? «Жоңғар Алатауы бөктерінің бір қуысы» дегеніңіз нақты қай жер? Ғылыммен «айналысуға» іңкәрлік танытып жүрген адамның «бір қуыс» деп айтуы оңы мен солын дұрыс айыра алмайтын бастауыш мектептің партасында отырған баланың әрекетіндей күлкілі һәм аянышты көрінеді екен.
Біріншіден, Барлыбек Сыртанұлы – халық ұлы, ұлт перзенті. Барлыбектану ілімі оның өмірден өткен шағында-ақ қалыптасып, негізделген. Екіншіден, тұлғатану ілімін зерттеу барысында тарихи деректер мен оқиғаларды жетік біліп, оларды басты негізге алып, қатаң ұстануымыз тиіс. Үшіншіден, Барлыбек – тарихи тұлға. Тарихи тұлға – баршамызға ортақ. Бірақ та, ортақ екен деп әркім өз «ебіне» айналдырып, ыңғайына түсіріп алар зат емес екенін біле жүру керек.
Қ.Андастың тұжырымының көп жері саяси қателікке, ғылымдық һәм тарихи қателікке толы. Толып жатқан ғылымдық, саясаттық шындыққа шалғай өрескелдіктері болғандықтан, Қ.Андастың тұжырымын қисынсыз деп санаймыз. Қ.Андастың өзі үшін һәм оның «оқырмандары» үшін аса қажет болса, қысқа айтылған фактілерім мен сыным туралы арнаулы мәжілісте ауызша таратып, молырақ дәлелдер келтіріп, қалыпты ұзақ сын-пікір айтып беруімізге болады.
Қорыта келе айтарымыз: Қадірлі Қажеке, тарихи дүние жазу барысында, М.ӘУЕЗОВ айтқандай, автор өзіне де, еңбегіне де «со строгим сердцем, справедливым сердцем» қарауы керек. Осыны ескереріп, Өзіңіз толық біліп, танымаған салада «абайлап» ой қозғауыңызды сұраймыз!
Фото: abai.kz