Алмағайып күн туып, атқа қонар болсақ туымыздың түсі қандай болмақ?
Ежелгі қазақтың тарихына қарасаң өзге түгілі тәңірімен тайталасқандай ерлік байқайсың.
«Қу құдай, жалғыз құдай, шұнақ құдай» деп Жаратқанның жағасына жармасқысы келгеннен емес, жазымышқа көнгісі келмеген тік мінезінен тілін тартпаған қазақ еді. Ұмай-ана мен Көк Тәңірісіне табынған, «Көктің ұлымын!», – деген көк түркінің күмбезді шаңырағын ұстап қалуы да отыз ұлдың кенжесіндей ерке, өткір мінезінің арқасы.
«ӘлхамдулиллаҺ, мұсылманмын» дейтін кезеңге жеткенде аттың жалы, түйенің қомында жүріп, бес уақыт намазын қаза қылмай, жауға шапса ата-баба аруағынан қайраттанып, атой салған қазақты осы күні тану қиын. Қағбаның қайда екенінен жаңылып, «Тәңірің кім?» десең төрде отырғанды көрсететіндер пайда болды. Құбыланың орнына дүние-боққа қарап мінәжат еткен төрең Тәңіріңе түкірген, дінің тасбауырлық көріп өкінген заманда кімге өкпе айтарыңды білмейсің.
Құдай көп. Совет үкіметі кезінде жайнамазын жасырып жүріп намаз оқыған әкеңнің қай Құдайға сыйынып, қай пайғамбардың үмбеті болғанын ұқтыратын ешкім жоқ. Қайда қашсаң да Қорқыттың көрі. Тіпті одан да көп-ау деймін?
Өйткені көр қазушылар адым аштырмайды. Әр молда Алланың сөзін өз «әніне» салып, есіңнен адастырады. Көшедегі екінің бірі – азғындаушы, мешіттегі екінің бірі – азғырушы.
Даңғаза музыка жастарымызды улап жатыр, – деп Батысқа жұдырық сілтеушілердің осы мәселеге де көз салғаны жөн-ау. Ой-сананы айғайлап, сойыл сілтемей-ақ ойрандауға болады. Жалғыз Алла барына сеніп, Мұхаммедтің үмбеті екеніңді айтайын десең мына заманда қорқасың. Махди де, өз-өзін Пайғамбар жариялаған мәжнүн де көп. Мұхаммедті айтсаң мұрныңды бұзудан тайынбайды.
Астапыралла! Алмағайып күн туып, атқа қонар болсақ туымыздың түсі қандай болмақ? Шошындыратыны осы. «Аттан, қазақ!» ұраны айтыла қалса «Құдайым рұқсат етпеді», – деп ұры иттей айдалаға бүлкектей жөнелетіндерді, алтын рухыңды бақыр еткенді, ата дініңді кәпір еткенді қалай қатарға қосасың...
Тәңір – Алла Тағаланың 99 есімінің бірі. Төрткүл дүниенің ұйқысын дүбірімен қашырған түркінің – Тәңірі бір еді. Осы күні мың етті. Діннен қадір, береке кетті. Софокл қарт «Берекесізді бақыт та жарылқай қоймайды», – деген екен. Екі жарым мың жылдан соң, тоқсан жолдың айрығында қайда жүрерін білмей аңтарылып тұратын қазақ болатынын ол қайдан біліп қойған?
Фото: islam-today.ru.