Шахтинск кеншілерінің еңбекақысы қанша пайызға өскендігі ресми түрде жарияланған жоқ
Астанада жыл басынан бері сегізінші рет Сирия бойынша келіссөздер өтпек. Бүгін араб мемлекетіндегі жағдайды реттеуге байланысты Ресей, Иран, Түркия сынды гарант мемлекеттердің өкілдері бас қосады. Ертең пленарлық отырыс.
Ресми Астана мәмілегер ретінде өз жұмысын 2017 жылдың қаңтар айында бастаған. Бұл процесстің басты мақсаты – Сириядағы азаматтық соғысты тоқтату. Опозиция мен Башар АСАД арасына Ресей, Түркия, Иран, АҚШ, БҰҰ арағайын болған-ды.
Қысқасы, өзін қашанда бейбітшілік сүйген елмін дейтін Қазақстан араб мағрипатындағы қарулы қақтығысқа қатты алаңдаған. Мемлекет басшысынан бастап, СІМ-гі әлемдік қауымдастықты толғандырған мәселеге бас ауыртты. Жөн-ақ...
Асылы араздасқандарға ара ағайындық жасаған дұрыс-ақ. Бірақ... Халықаралық мәселеден бұрын өз ішіміздегі проблемаларды ұмытпаған абзал деп ойлайсың. Әрі оларды күрмеуіде жеңіл ғой.
Осы айдың 11-ші жұлдызында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахтерлары наразылық акциясын бастады. Жаппай қымбаттаудан тұрмыстың ауырлап кеткенін айтқан көмір қазушы еңбеккерлер жалақыны 100 пайызға көбейтуді талап етті. Ең негізгі талап осы еді! Төрт күнге созылған еңбек дауының келіссөздері Астана процесінен қиын-ақ болды. Шахтинск іргесіндегі облыс орталығынан өңір басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ жетуінің өзі мұңға айналды. Компания бас директоры Парамжит КАЛОНАНЫҢ мүбәрәк жүзін көру арман болып қалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВАНЫҢ ауызынан әріптестеріміз таратқан ақпаратты ғана естідік.
"Қазіргі уақытта "АрселорМитталдың" шахталарында істеп жатқан азаматтар алатын еңбекақының ең төменгі мөлшері — 208 мың теңге, ал жоғары мөлшері — 326 мың теңге. Бұдан бөлек, олар еңбекке жарамсыздық парағын жүз пайыз төлеу мәселесін талап етіп отыр. Сонымен қатар еңбекақыға байланысты тарифтер жөніндегі мәселелер бар. Зейнет жасын 50-ге дейін төмендету, шахтерлердің сауықтыру кешенін қайтару мәселелері қарастырылып жатыр",- деді министр ханым.
Әрине, кеншілерді қолдаған. Нақты көмек көрсеткендер болды. Саны мыңға таяған шахтерларға металлургтер қолдау көрсетіп, «Жақтау» кәсіподақ ұйымы арнайы үндеу жариялады. Еріктілер мен жұмысшылардың бала-шағасы тамақтарын тасып, қоғамның назарын осы проблемаға бұруға барынша ат салысты.
БАҚ-да келіссөздер жайлы көп айтылғанымен «АрселорМиттал Теміртау» сотқа шағымданды. Шахтинск қалалық сотының судьясы Д. Мақсұтов «Шахтинск», «Қазақстан», «Ленин», «Тентек» шахталарындағы ереуілді заңсыз деп тауып, азаматтық істі қозғап үлгерді. Әрине, 4 күнге созылған ереуіл бейбіт түрде басылды. 2011 жылғы Жаңаөзен қанды оқиғасы сабақ болған екен-ау, деп іштей ой қорттық.
Айтпақшы, Сириядағы соғыс басталғанда қаңсыраған елге 700 мың доллар мен 500 тонна гуманитарлық көмек жөнелткен едік. Бұл ақпаратты жарыса жазып, жер-жаһанға жарияладық. Шахтинск шахтерларының басты талабы толық қанағаттандырылмады. Шетелдік алпауыт компания кеншілердің еңбекақысын 30 пайызға ғана өсіреміз депті. Әзірге еңбек дауының қорытындысы ресми түрде жарияланбады.
«Тиісті құжаттарға қол қойылды деп естідік. Қабылданған шешім ертең жарияланады екен. Компания басшысы айлықты 30 пайызға көбейтеміз деп уәде еткен. Қанша өсіргендерін нақты білмейміз»,- дейді Ратель тілшісіне өзін Шахтинск шахтерының әйелімін деп таныстырған Сура есімді әйел.
Ресми Астана әлемдік саяси аренада қашанда бітімгер жұрт екенін көрсетіп бағатынын сөз басында айттық. Сириядағы соғыс, Украина шығысындағы қақтығысты тоқтатпақпыз. Бір кезде Иракқа Қазбатты да жөнелткеніміз есте. Айта берсе әңгіме көп. Қанша бейбіт сүйгіш болғанымызбен жер бетіндегі мәселені шешуіміз неғайбыл. Жер астындағы мәселемізді шешсек...
Фото: vestikavkaza.ru