Алаңдататыны - кіші сомаға келгенде біздің халықтың соншама талапшыл болып, үлкен сомаға келгенде жым-жырт қалуы
65 миллион долларға “Қазақстан Үкіметінің өкілі” Парижден пәтер алыпты деген ақпар жұрттың зор наразылығын тудырды. Дұрыс-ақ. Бас прокурор бұны анықтауға бұйрық берген екен. Қайта дұрыс-ақ. Бірақ, бірінші мен екіншіден нәтиже шығатыны күмәнді. Алдағы тәжірибеге сүйенсе. Мейлі. Алаңдататыны - кіші сомаға келгенде біздің халықтың соншама талапшыл болып, үлкен сомаға келгенде жым-жырт қалуы.
Мәселен, бірнеше жыл бұрын жекеменшік (маңыздысы: мемлекеттік емес) банктерге 10 миллиард доллар Ұлттық Қордан бөлінді. Қыруар ақша. Сезіну үшін: бұл сомаға 300 мың адамды (орташа қала) ТЕГІН үймен қамтамас етуге болады. Басқаша айтқанда, елдегі тұрғын үй мәселесін біржолата шешуге болар еді. Сол қаражат ұшты-күйлі ғайып болған. Сұрауы да жоқ. Ал енді осылайша халық байлығын банкирлерге сарп ету дағдысы тоқтады ма? Қайта жоқ. Жақында ғана президент тыйымына қарамай, тағы қайтарымсыз миллиардтаған транш жекеменшік банктерге бөлінді. Қызық. Қасықтап ұрласаң – айыптысың, вагондап ұрласаң – сыйлысың деген жемқорлық ұран ойға келеді.
Дереккөз: Расул Жұмалының Facebook-тағы жеке парақшасынан алынды. Автордың рұқсатымен жарияланды.
Фото: kiev24.ua