Фаризаны соңғы рет вокзалға шығарып салатын кезде гитарамен ән салдым
1987 жылдың көктемі болатын. Ғ.Мүсірепов театрына қызметке тұра салып, жаңа қойылғалы жатқан «Бақыт пен мұң» деген поэзиялық спектакльдегі сері жігіттің роліне ие болдым. Сері жігіт болғанда анау-мынау емес Фаризаға ғашық жігіт. Институт қабырғасында ойнаған роліңнің тағдырын, мүмкіндік болса прототипін білген дұрыс деп миымызға құйып қойған. Мұның прототипін қайдан табам, деймін. Фариза апайдың жігіті кім болған?— десем, бәрі иықтарын қиқаң еткізеді. Ешкім білмейді. Білмегендерімен тұрмай, мынаның есі дұрыс па?— дегендей қасын кере қарайды.
Бұл алаңғасарлық дегеннің істетпейтіні болсашы. Қой, бұл мәселені Фариза апайдың өзінен білу керек — деп шештім. Шештім де салып-ұрып жетіп бардым. Есік алдындағы қыздың ризалығын алып апайдың алдына кірдім. Обалы не керек жып-жылы қабылдады. Жас актер екенімді біліп болашағыма жап-жақсы тілектер айтты. Сосын келген шаруамды сұрады. Айттым. Айтқанда да:
— Жігітіңіз кім еді? —деп,
Алғаш жымиғандай болды.
— Е, оны қайтейін деп едің?
Осындай да осындай. Сіздің жігітіңізді ойнасам деп жүрмін. Соған кім екенін біліп, соған ұқсатсам, шынайы әрі нанымды шығады... — деп келе жатыр едім...
— Бар айналайын. Менің бос сөзге уақытым жоқ. Бар. Бар.
Қабылдау бөлмесіндегі қызды шақырды. Ары қарай әңгімеміздің қиқы-жиқы болатыны түсінікті болған соң, шығып кетуден басқа амал қалған жоқ.
Ертесіне кеше дұрыстап түсіндірмеген болуым керек деп, ойымды жинақтап даусымды салмақтап қайта келдім ғой. Есіктегі қыз мені көргеннен мүсіркеп әрі жалынышпен қарады. Оның қарағанында онша шаруам болмады, «Өй,ө»! Аға! Дегеніне қарамай есікті ашып кіріп келдім. Есікші қыз «өй-өйімен» қабаттаса кірді. Апай көзілдірігінің үстінен қарады. Көзі ызғарлы. Общым жағдай оңбады. Анау жақтағы жігіттер келіп жабыла ақыл айтып шығарып салды.
Мейлі дедім. Жағдай осылай басталған соң дайындыққа барымды салдым. Айналайын Әсет ағам екі ән жазды. Біреуін Әсел екеуміз, біреуін жалғыз орындаймын. Фаризадай қызға ғашық болған жігіт осал болмауы керек қой. Фаризаның (сахнадағы) назарын өзіме аудару үшін ер жігітке лайық бар жақсы қасиетті кейіпкерімнің бойына салдым. Премьера болатын күнде жақындады. Жүрек шіркін дүрсілдеп-ақ кетеді. Кейде сол жақсы. Босаңсуға жол бермейді. Фариза апамның ызғарлы көзі елестеген сайын жігерлене түсем. Сонымен не керек көрерменнің алдына шығатын күн де келді. Ұйқы-күлкінің пайызы жұқарғалы қашан. Сахнаға жас Фариза екеуіміз жүгіре шыққаннан-ақ «Аққұмды» аңырата жөнелетін едім.
Аңырау қайда шырқырап кеттім. Шыбын жаным шырқырап, барымды салғаным сонша Фаризаны соңғы рет вокзалға шығарып салатын кезде гитарамен ән салып тұрып кәдімгідей-ақ жылап қалдым. Негізі жыламауым керек болатын. Енді солай болғаны да. Өйткені қанша үгіттесем де өз арманын менің махаббатымнан артық көрген қайсар қыз Алматыға аттанғалы тұр. Бірге кетіп қалуға менде жағдай жоқ. Осы айырылғаным айырылған. Жыламағанда қайтем!?
Дегенмен, Райымбек аға не айтар екен, деп сахна сыртына шыққан соң бажайлап қарасам, оның өзі жылап жүр. Жарықтық ерекше мейірбан, сахналық психологияны терең сезіне білетін адам еді ғой! Дұрыс шыққанын сездім. Қуандым!
Соңынан сахна жабылып, Фариза апамыз актерлердің ортасына келгенде, спектакльге қатысқаны бар, қатыспағаны бар ортаға алып автограф алып жатты. Ол кезде солай еді. Олардың орны тым биік пе, әлде жүректегі құрметтің үлкендігі ме, әлде шынында да проза, поэзия дегеннің қадірі түспеген кез бе? Мен сияқты қиялилар болмаса «ақын» деген халықты ерекше қастерлейтін. Кәзір де сондай шығар. Бірақ, мен көрмей жүрмін.
Фариза апайға именіңкіреп мен де қолымдағы буклетті ұсындым. Өткендегі ызғардан түк те жоқ бұл жолы. Сен өзі дарынды жігіт екенсің ғой!? — дейді бетімнен америка тауып алғандай. Сөз астарында «Мен сені есінен адасқан біреу екен десем...» дегенді оңай түсінуге болатын. Ұсынған буклетіме айбақ-сайбақ сөздер жазып қайта ұсынды. Рахмет айтып алыстай бердім. Жазып берген сөзіне бақыттан басым айналды десем сенбейсіңдер ғой. Сондықтан не жазғанын айтпаймын. Бірақ сол сәттен бастап өле-өлгенше назарына түсе қалсам сол бір мейірімді көзқарасқа жаным жылыды.
Сол кездегі театр басшысы Райымбек Сейтметов ағаның поэзия, әнге деген ықыласы ерекше болатын. Соның әсері болар, театр ұжымы өнер сапарына шыққанда елге әйгілі авторлар да сол жерге бірге барып қайтатын. Әрине бастан-аяқ бірге болмаса да өз спектаклі қойылар күндері келіп кететін. Автордың көрерменмен бірге залда отыруы актерлар үшін үлкен жауапкершілік, әрі сенім. Шерхан МҰРТАЗА, Тынымбай НҰРМАҒАМБЕТОВ, Смағұл ЕЛУБАЙ т.б. ағаларымыздың арнайы Алматыдан келуі сол облыс жұртшылығы үшін үлкен оқиға болса, біздер үшін абырой еді.
Арнайы атақты жазушы келіп спектакльде өз орталарында отырса әрине көрермен деген театрға ағылады. Театрмен бірге Фариза апамның Қызылордаға, Атырауға, Нөкіс қалаларына барғаны есімде. Әрине әр автордың өз орны бар десек те, Фариза апамыздың жөні мүлде бөлек еді. Адамынан ба, поэзиясынан ба, не құпиясы барын кім білсін, әйтеуір «Фариза Оңғарсынова» деген есімде елді елеңдетер үлкен құдірет бар. Сондықтан ол кісі барған жерде қандай тосын өзгерістер болатыны белгілі ғой.
Әртіс келмек түгілі әкесі келсе де ыңыранып отырғандар етек-жеңін лезде жинап қутыңдап қалатын. Мойнына арқан байлап сүйресең театрға кіргізе алмайтын әкім-сәкімдер алдыңғы қатарға Фариза апаның жанына жайғасып спектакль көретін. Ондайлардың ұйықтап кетіп, немесе ретін тауып сыртқа шығып ұйқы ашып келгендерінің талайын көрдік. Фариза апа спектакль соңынан жайылған дастархан басында ондайларды сынап та тастайтын. Бірақ, бір қарағанда қаталдау, суықтау көрінгенімен жүрегі толы мейірім еді.
Әңгіме басындағы сұрақтың жауабын арада біраз жылдар өткен соң апаның өзі әңгімелеп берді. Ол кезде апаның жанында Шәмшә КӨПБАЙҚЫЗЫ болатын. Екеуі апалы-сіңлідей керемет құрбы болатын. Жүрегімізді қан жылатқан әңгімені тыңдап отырып сонау бір кезде қаншалықты әбес іс жасағанымды түсіндім. Әркім сан-саққа жүгіртіп жүрген бұл әңгіме ол кісінің айтуында мүлде басқаша.
Оны айтудың қажеті жоқ. Және апаның өзі ішінде сақтап, ең бір қажет деп тапқан кезінде айтқан әңгімесі сол құпия күйінде қалсын. Фариза апаға деген құрмет біздің жүрегімізде ыстық сағынышқа бөленіп өз биігінде тұр. Ақиқатты айтатындар азайған сайын адамның адамға қиянаты көбейе беретін сияқты. Бірақ, айта білетін адам керек. Болмысы, жаратылысы сол айтқанына сай болса тыңдалады.
Әйтпесе ол өлсе мен бармын деп алдындағыға еліктеп, құр бақырып жүрген бетпақтар шындықтың қадірін қалай көтерсін!? Алдымыздағы ағалар мен апалар бізді әлі көп жылдар сағындырады. Сағыныш пен шын сыйластық адамның өмірде бар-жоғына қарамайды-ау деймін!?
Фото автордікі.