Тергеу орындары шенеуніктердің ауыр тоқпағы тәрізді
Қазақстанда әділ тергеудің жоқтығы, заңдылықтың сақталмайтыны, барлық мәселе объективті, Қылмыстық процессуалды кодекске, Қылмыстық кодекске сәйкес емес, «жоғарыдан» түсетін тапсырмаға байланысты шешілетіні құпия емес.
Бұған соңғы мысал - М.Әуезов атындағы театр басшысы Ерлан БІЛӘЛДІҢ ісі. Заңдылық сақталды ма? Егер танымал актердің орнында басқа адам, айталық, белгісіздеу бір бөлімнің басшысы болса, ол қазір абақтыға қамалып, оның үстінен тергеу жүріп, бірнеше жылға сотталып кете барар еді.
Ал Біләлдің жағдайында бәрі басқаша болды: ол бір күн де түрменің кермек дәмін татқан жоқ. Оған кесілуі тиіс жаза – айыппұл да барынша жеңілдетіліп, алған парасынан 60 есе емес, небәрі 35 есе қып азайтылды.
Әрине, бұл іске де жоғары шенділердің араласқаны көрініп тұр. Базбіреулер оны мәдениет министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫНЫҢ ықпалымен байланыстырады.
Тіпті қай мәселеде де жақ ашпайтын белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері де Біләлдің ісінде өре түрегеліп, оны қорғай жөнелді. Бұл да тапсырмамен іске асқаны көзге оттай ұрып тұр.
Бірақ, бұл енді басқа әңгіменің өзегі. Айтпағымыз: заң, заңдылық Қазақстанда таңдап қана әрекет ететінін тағы бір мәрте байқадық.
Атышулы «Қорғас» орталығының басшысы Василий НИДІҢ ісі де әлі жұртшылықтың есінде. Ол 1 миллион доллар пара алған жерінен тұтқындалса да, қылмыстық жазадан толық құтылып кеткен еді. Ал енді бір миллион доллар емес, Алматыда 150 мың теңге пара алған жол полициясының екі қызметкері 7 және 7,5 жылға түрме жазасына кесілді.
Егер бұлардың орнында «жоғарыда» қолдаушысы бар қызметкер болғанда сот қайтер еді? Әрине, қылмыстық жазадан құтылып кетер еді.
Қылмыстық істерде заңның емес, шенеуніктердің шешуші рөл атқаруы, сөзсіз, еліміздегі соттың әділдігіне, тергеу орындарының объективтілігіне кір келтіретіні айқын. Онсыз да құқық қорғау орындарының жемқорлыққа батқаны, кез келген істі өздерінің қалауынша өзгерте алатыны жайында аз айтылмайды.
Тіпті мемлекеттік органдар мен билікке жақын зерттеу институттарының мәліметтері бойынша, полиция, прокуратура мен сот орындары жемқорлыққа батқандардың алғашқы орындарында тұр. Осыдан кейін Қазақстанның тергеу мен сот органдарына қандай сенім болмақ?
Тергеу орындары, прокуратура мен сот биліктің қолшоқпары болмауы тиіс. Бұлар «отырғыз» дегенді отырғызып, «ақта» дегенді ақтайтын қуыршақ органдар болмауы керек. Осыған жететін күн туар ма екен Қазақстанда?
Фото: realnoevremya.ru.