Қазақстандағы сапалы көмір өндіретін алып өндіріс өнімдерінің 70 пайызын шетелге жіберіп отыр
Қазақстанның ең ірі көмір өндірісі болып саналатын «Шұбакөл көмір» АҚ 2017 жылға дейін 140 тонна көмір өндірген. Соның ішінде тұрмыстық қажеттілікке тек 3285 тоннасы бағытталған екен.
Алайда, қарапайым халықтың көмір жоқ деп шулауын энергетика министрінің орынбасары Ғани СӘДІБЕКОВ дефицит деп санамайды.
«Көмір тапшылығы елімізде жоқ. Былтырғы жылы 107 тонна көмір өндірілді және тұрмыстық көмірді өңдеуде өсім бар екенін аңғардық. Алайда, көмірді тұрғындарға жеткізу мәселесі бар. Сондықтан, министрлік қазір өңірлердегі қатты отын өндіретін өндірістермен бірігіп, мәселені шешуге байланысты бірқатар жұмыстарды жүргізіп жатыр», дейді ол.
«Шұбаркөл көмір» АҚ қаңтар айында ауа райының қолайсыздығына байланысты біршама қиындықтарға тап болғанын жасырмады. Соның салдарынан 20 000 тонна жоспарға іліктіре алмай қалған.
Өндіріс вице-президенті Андрей САФОНОВ көмірдің 70 пайызы шетелге тасмалданатынын тілге тиек етті.
«Өткен айда, яғни қаңтарда біз 20 мың тонна көмірді жоспарға сай үлгермей қалдық. Күннің қатты суып кетуіне байланысты. Техника мен жүк вагондары жолда тұрып қалды. Оларды қалыпқа келтіруге уақыт пен күш жұмсалды. Қазақстанда көмір тапшылығы бар дегенге сену қиын. Көмір бар. Бірақ біреу үшін жауап бергім келмейді. Мәселе тасымалдауда болуы мүмкін. Ол үшін тексеріс жүргізіп, арнайы сараптама өткізген дұрыс деп санаймын. Біз өндірілген қатты отынның 70 пайызын шетелге, оның ішінде Қырғызстанға жеткіземіз», деп түсіндірді ол.
Алайда, 2018 жылы экспортқа көмірді 16 млрд теңгеге шығаруды көздеп отырған өндіріс өкілдері нақты көмір дауының қайдан шыққанын дөп басып айта алмады.
Ал, энергетика министрінің орынбасары Ғани Сәдібеков өңірдегі әкімдермен бірігіп мәселені шешуге кезекті уәдесін берді.