Бір Алматы облысының өзінде Елбасының бағдарламалық мақаласына орай 4,5 мың шара өткен
Ғаламторды ақтарып отырып Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында 8 айдың ішінде 4,5 мың шара өткендігін көзім шалып қалды. Елбасы туған өңірдегі бұндай белсенділікке қалай қуанбасқа. Қуанасың!
Өткен жылдың көктем айында президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланған болатын. Дұрыс бастама, игі іс! Алайда әдеттегі науқаншылдықтың аламаны басталды да кетті. Жаңғырудың жаңғырықтары республиканың барлық өңірлеріне жетті. Алматы іргесіндегі нөмірі 13-ші М.МАҚАТАЕВ атындағы мектепте «Рухани жаңғыру» бойынша бастауыш сыныптарына тәрбие сағаты өткен.
ОҚО облысы, Түлкібас ауданы, Жабағылы ауылындағы Ә.МОЛДАҒҰЛОВА атындағы орта мектебі «Рухани жаңғыру» отбасынан басталады» атты бүкілауылдық ата-аналар форумды өткізіп жіберді. Ақын атындағы мектептен батыр атындағы мектеп қалыспады. Оқушылармен шектелмей олардың ата-аналарын да партаға қайта отырғызып жібергендерін көрмейсіз бе.
Ол аз десеңіз өткен жылдың қыркүйек айында Алматы әкімі Бауыржан БАЙБЕК «Рухани жаңғыру» бойынша ашық сабақ өткізді. Алматыдағы Наурызбай ауданында жаңадан бой көтерген мектептің ашылуына барған әкім мырза жоғарғы сынып оқушыларына дәріс оқып жіберіп, педогогикалық талантымен танылып қалды.
Қысқасы, бұл бағдарлама талай әкім, министр, түрлі дәрежедегі шенеуніктерге қанат бітірді.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, профессор Зарема ШӘУКЕНОВАНЫҢ сөзімен айтсақ: «Мемлекет басшысының бағдарламалық бұл мақаласы Қазақстанда да, шетелде де үлкен қызығушылық тудырып, кең ауқымда талқыланып, қолдау тапқан».
Қазақстан түгілі шетел қызығып жатқан соң мақала деген атты қомсындық. Азғантай мақаланы кітапқа айналдырып жібердік. 2017 жылдың 21-ші желтоқсанында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіне журналисттердің басын қосып «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кітаптың тұсауын кестік.
«Бәріміз білетіндей 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланған болатын. Бұл құжат ауқымдылығы мен мазмұнына, алға қойған міндеттеріне қарай Қазақстан тариxының шежіресіне жазылып үлгерді»,- деді кітапты дайындаған Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Шәукенова.
Айтпақшы, сөз басында Алматы облысында төрт мыңнан аса шара өткенін тілге тиек еткен едік қой. Талдықорғанның жаңғырудағы жаңғырығы қатты шықты. Президент бағдарламасымен аттас ашылған Ақмола облысындағы «Рухани жаңғыру» офисі мен Орал қаласындағы «Рухани жаңғыру» музейі көлеңкеде қалып қойды.
2017 жылы 29 желтоқсан күні Талдықорған қаласында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Орталықтың ғұмыры өміршең болсын дейсің. Жаңа жұмыс орны деп қарайық. Басқа не айта аламыз.
Бұндай ауқымды шарадан Жетісу мемлекеттік университеті де сырт қалмапты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына білім ордасы өз үлесін қосып, 42 ғылыми жоба әзірлеген. Студенттерге «Қоғамдық сананы жаңғырту» атты жаңа пән де оқытыла бастапты. Сондай-ақ, оқырман қауымға «Рухани жаңғыру» атты республикалық журнал да жол тартты. Әзірге тек мемлекеттік тілде шыққан басылым болашақта «үш тілділік» саясатты ұстанбақ. Яғни орысша, ағылшынша, қазақша шығып тұрады. Латын әліпбиінде де басылу жоспарда бар екен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Бұл бағдарламаны еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін қолдады. Петропавл қаласындағы президент шыршасына «Рухани жаңғыру» киімімен келген қаршадай оқушы жұрттың бәрін таңғалдырды. Әдетте, «Человек паук», «Наруто» болып киінуге құмар балаларымыздың өзі «рухани жаңғырып» отыр деген сөз емес пе бұл!
Өз басым жоғарыда Зарем Шәукенованың жоғарыда келтірген: «Мемлекет басшысының бағдарламалық бұл мақаласы Қазақстанда да, шетелде де үлкен қызығушылық тудырды» деген сөзіне шын сенемін. Министр Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ бастап, Ерлан СЫДЫҚОВ сынды ғалымдарымыз қостап елбасының бұл бағдарламасын ЮНЕСКО-ның Париждегі бас штаб пәтерінде шетелдіктерге таныстырды. Бірақ, бұған қуана қойғаным жоқ. Бұл еңбекті біздікілер қолды етіп алса қайтпек керек? Өзіміз толықтай жаңғырып алған соң да өзгелерге көрсетсе болар еді ғой...