Келесі жылдан бастап «нөлебайлар» сабақтарын латиницамен оқуы мүмкін
Келесі жылдан бастап даярлық сынып оқушылары білім алуды жаңа алфавитпен бастауы әбден мүмкін. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ мәлімдеді.
«Бізде нөлінші сынып 2019 жылы басталатын болған. Оқулықтар дайын, сараптамадан өтіп жатыр. Біздің ойымызша, нөлінші сыныпты бірден латын әліпбиден бастап кету керек. Себебі, 2019 жылы 400 мыңға жуық балаға оқулықтарды кирилл әрпімен басып шығарып, бірер жылдың ішінде оны тағы латынға көшіріп басу мүмкін емес, көп ақша кетеді», дей келіп министр, латын әліпбиінде оқытуды алдағы жылдан бастап кету керектігін баса айтты.
Қазіргі кезде оқулықтарды латын таңбасына аударуға арнайы төрт топ құрылған және солардың ішінде екі топты Сағадиевтің өзі басқарады.
Қазақтілді мектептерге арналған барлық оқулықты, ал басқа тілдерде сабақ өтетін мектептерге арнап «Қазақ тілі және әдебиет» оқулықтарын латын графикасына көшіру үшін 2019-2025 жылдар аралығында бюджеттен 200 млн аса теңге жұмсалады деп жоспарлануда, деп хабарлады Baq.kz.
Сонымен қатар 2020 жылға дейін латын әліпбиін үйретуге, қазақ тілі терминология қорын жүйелендіруге және аталған әліпби түрін IT-технология мен ақпарат кеңістігіне енгізуге 545,8 млн қажет.
Президенттің нұсқауымен қолға алынған латын әліпбиіне көшу туралы бастама күні бүгінге дейін белгілі бір жүйеге түспегенін ескерсек, Сағадиевтің бұл пилоттық режимін қалай түсінбек керек? Естеріңізде болса, латын әліпбиінің қазақстандық нұсқасы сөз жүзінде қабылданғанымен, заң жүзінде түбегейлі бекітілмеді.
Сонымен қатар латын әліпбиі бойынша жасақталған ұлттық комиссия «міне, осы нұсқаны қазақстандықтар пайдаланады» деп соңғы шешімін жарияламады.
Сонда білім министрлігі үтірлері шүпірлеген апострофты латын таңбасымен оқулық шығаруға кірісіп кеткен бе? Бұл қалай? Күні ертең президент бастап, ғалымдар қоштап әлемдік стандартқа сай деп латын әліпбиінің басқа нұсқасын ұсынса, қазір миллиондарға оқулық шығаруды бастап кеткен білім министрлігі қайтпек? Бюджеттен бөлінген қаржының орнын қайтіп толтырмақ?
Осы мәселеге қатысты біздің сұрағымызға шығысқазақстандық ұстаз Мейіржан ТЕМІРБЕК:
«Әзірге латын әліпбиін оқытатын мұғалімдердің дайындалып жатқанынан хабарым жоқ. Бұл жердегі негізгі мәселе, қандай латын әліпбиімен оқытылады? Кадр мәселесі қалай шешілмек? Әуелі осы сұрақтардың жауабы берілуі керек сияқты. Бұл мәселеге қатысты бір ғана нәрсені айтар едім, ең алдымен белгілі бір реформаны соңына дейін жеткізіп орындау керек. Түрлі реформалардан білім саласы қандай салаға айналғанын мен айтпай-ақ білесіздер», - деп жауап берді.
Ал алматылық мұғалім және тіл маманы Айжан ТҰРЛЫБЕКОВА: «Білім министрлігінің бұл жолғы әрекеті осыған дейінгі құрдымға кеткен реформаларының қатарын толықтырары сөзсіз. Мәселен, келер жылы латын әліпбиінде білім беретін мамандарды қайдан таппақ? Және Сағадиев сөз еткен оқулықтар қандай әліпби үлгісінде жазылуда? Ал «нөлебайлардың» латын әліпбиінде оқитыны, келер ұрпақтың мәңгүрт боп шығарына берілген кепілдік іспеттес. Алдымен керек-жарағын сақадай сай етіп дайындамай тұрып, аттандап жаңа алфавитке өту сауатсыз ұрпақтың көбеюіне даңғыл жол ашады. Осыдан кейін «білім министрлігінің көздегені не? Қоғамды жаппай сауатсыздандыру ма?» деген сұрақ туады. Алайда ресми жауабы берілмейтін сұрақ бұл», - дейді.
Апострофты латын таңбасымен оқулық шығаруға шұғыл кіріскен министр Сағадиевтің келер жылғы «нөлебай» оқитын баланың латын әліпбиімен сауат ашады дегені де қисынға сыйғысыз.