Хасен Қожа-Ахмет: Кімнің желтоқсандық я еместігін үкімет комиссиясына басшылық жасаған ақын Мұхтар ШАХАНОВ біледі
Желтоқсан оқиғасына биыл отыз бір жыл. Тәуелсіздікті тарту еткен осы қанды көтерілістің жай-жапсарын әлі күн дұрыс біле бермейміз. Өйткені, шындық әлі шыңырауда. Осы себептен Желтоқсан оқиғасының бел ортасында болған белгілі диссидент, композитор, жазушы Хасен ҚОЖА-АХМЕТТІ сұхбатқа шақырған едік.
Хасен аға, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты сізді 4-жылға соттады. Сізге қандай айып тағылды?
– Мені «Желтоқсан оқиғасына белсене қатысушы және ұйымдастырушының бірі» деп айыптап, желтоқсандықтардың көпшілігіне қолданған Қазақ ССР-і Қылмыс кодексінің 60-бабы (ұлтаралық араздықты қоздыру) және 65-бабы (Жаппай тәртіпсіздікке қатысу) бойынша жазалады. Бұл баптар менің 17 желтоқсан күнгі әрекеттеріме сәйкесер. Бірақ ол күнгі істегенімді Қазақ теледидарындағы қызметтестерім мен кешкісін алаңда қасымда болған күйші-композитор Секен ТҰРЫСБЕК біледі. Ал сот мені 18 желтоқсандағы істерім үшін соттады ғой. Ол күні мен бос алаңды қоршап тұрған әскерилерге барып, басқарушы полковникпен 17-сі күні тұтқындалғандарды босату туралы келіссөз жүргіздім. Полковник Үкімет үйіне барып, нәтижесіз оралған соң мен елді көбірек жинап келіп талабымызды орындатқызу үшін көше, жатақханаларды аралауға ұсыныс жасадым. Сөзімді жөн көрген екі мыңдай адаммен Абай, қазіргі Достық, Қонаев, Жібек жолы көшелерімен шерулеп, аэровокзал алдында қоршауға алынғанымызда тұтқындалдым.
- Сізге үкім шығарған судья, мемлекеттік айыптаушылар кімдер еді? Кәугерлер туралы да айтып берсеңіз. Олардың кейінгі өмірінен хабардарсыз ба?
– Менің 18-желтоқсандағы іс-әрекеттерімде соттарлықтай қылмыс жоқ еді. Алайда Мәскеуге кілең жастарды соттау ыңғайсыз көрінді-ау деймін. Бұрын да ұлтшылдығы үшін саяси сотталған мен сияқты «ұйымдастырушыны» тауып жазалау үкіметке аса қажет болған сыңайлы. ЛЮТОВ, КИРИЛЛИЧЕНКО, ХУСАИНОВ деген тергеушілер маған: «Егер Желтоқсан оқиғасы бойынша ілік таппасақ, 1977 жылы сотталған бабыңызбен соттай аламыз!», -деп мәлімдеп, Есік қаласындағы бұрынғы екі-үш қызметтестерімді де куәлікке шақырыпты. 1986 жыл мен үшін шығармашылық табысты болып басталған еді. Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан әндерім жеке күйтабақ болып шығып, қорабындағы түсті суретіммен еліміздің сауда орындарында тұрды. Сол жылы «Хасен Қожахметовтың әндері» атты бір сағаттық хабар еліміздегі екі телеарнадан да көрсетіліп, сатиралық әңгімелерім «Қисық шеге» кітабында, бірнеше әнім «Ауыл кеші көңілді» жинағында жарық көрген болатын. Сондықтан үстімнен қылмыстық іс қозғау үшін тергеу орындары көп кісіден мәлімет жинап «қиналды».
Төрт ай тергеуден соң басталған 6 күндік сотта сот залы Қазақ теле-радиосының қызметкерлеріне толы болды. Екінші басшымыз Сағат Әшімбаев әріптестеріме: «Хасеннің сотына барыңдар!», - деп 6 күн қызметтен рұқсат берген екен. Қызметтестерім сотта мені жақтап, жақсы мінездемелер айтты. Адвокатым Г.М.БЕКМЕТЬЕВ деген ақсақал менің іс-әрекеттерімде қылмыс жоқ деп, сот залынан босатуды сұрады. Тіпті, прокурор Қ.А.Сүйіндіков тергеушілердің маған таққан 60 және 65 баптар (15 жылға дейін) қате екенін, менің ісім тек 1977 жылғы сотталғанымдай 170-бапқа жататынын айтып, 3 жыл сұрады. Желтоқсанға қатысқан куә алты қыздың бесеуі тергеу кезіндегі жазғандарынан бас тартты. Тек Гүлнар ӘБІЛҚАЙРОВА ғана тергеушілер аузына салып бергенді қайталап, мені «Алаңда халыққа теміржолды, теле-радионы, Почтамт үйін басып алып, бүкіл Қазақстанды Алматыдағы көтерілісті қолдауға шақырайық», деп айтты» дегенінен танбады. Бұрын сотталмаған жастарға ату, 14-15 жылға үкім шығарылып жатқан кезде маған 4 жыл бас бостандығымнан айыруға шешім шығарылуына мені достарымның – қазақтың елге танымал творчество саласындағы көптеген азаматтардың араша түсуі себеп болды деп есептеймін.
Мені соттаған Алматы қалалық сотының судья К.С.ҚАЙЫРБЕКОВ. Алайда оның мені соттамауға еш шарасы қалмағанын кейін құжаттардан білдім. Тоталитарлық басқару кезеңінде саясиларды қалай, қанша мерзімге қамауды сот емес, билік шешетін. Сол сотта болған куәгерлерден Гүлнар Әбілқайырова 25 жылдан кейін үйіме келіп, тергеушілердің қорқытуымен маған жала жабуға мәжбүр болғанына кешірім сұраған...
- Кеңес кезіндегі мен қазіргі сот жүйесі арасында қандай айырмашылық бар? Тәуелсізідік жылдары да талай сотқа тартылдыңыз ғой.
– Әй, аса бір айырма көріп тұрған жоқпын. Баяғы Сталиннің «халықты үрейде ұстау арқылы басқару» әдісі көптеген елдерде ХХІ ғасырда да қолданылуда. «Демократия орнатып жатырмыз!», - деп ұрандап, керсінше, мемлекеттегі күллі азаматтардың жігер-күшін тұсап, қоғамды тоқыратып параличке ұшыратқан өмірлік диктаторлар саны да көбейіп келеді. Сын айтқандарды қалай жазалау керектігін соттарға солар нұсқайды.
- Бір сұхбатыңызда Бауыржан МОМЫШҰЛЫНАН көмек сұрағаныңызды айтқан едіңіз. Сонда Баукең сізді арашалай алмады ма? Батырмен болған кездесуді айтып беріңізші.
– Мені Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка училищесінің 3 курсынан 1969 жылы әскерге алған. Байқоңыр космодромына алып барды. Жер астына орналастырлатын баллистикалық ракеталар құрылысында болдым. 1970 жылдың ақпанында мені «әскери тәртіпті бұзды» деп емес, Ресейден әкелінген жауынгерлердің сондағы аз қазақтарды «азият, турок, калбит» деген ұлттық кемсітушіліктеріне наразылық білдіргенмін. Жанжал себебін сұраған басшыларға шынын айтып берген едім, олар: «Сен ұлтаралық жанжалға бастап жүрсің, сені екі жыл елден жеке қамақта ұстаймыз», - деп, өзімді жазықты қылды.
Мақтаулы Совет армиясындағы интернационализмнің қандай екенін Алматыдағы басшылыққа мәлім ету үшін қашып шығып жүк пойыздарымен Алматыға үш тәулік жүріп жеттім. Ел арасында Бауыржан Момышұлының «ұлтшыл кісі» деген аты болғандықтан, достарым арқылы мекен-жайын анықтап, түнделетіп бардым. Алғашында мені оқуға түсуге көмек сұрап келді ме деп ойлап, бөлмедегі пианиноны нұсқап Огиньскийдің «Полонезін» орындауымды сұрады. Мен «Полонезді» және өзімнің бір әнімді орындап беріп, болған оқиғаны қайталап айттым. Бауыржан аға: «А-а, солай ма? Онда жағдайың қиын. Мен пенсиядағы кісімін ғой. Генерал Байкеновке хат жазып берейін. Сол көмектесуге тиіс»,- деді. Үйіндегі 15-16 жастардағы қыз бала Бауыржан ағаның айтқанын мәшеңкеге басты. Хатты алып, рахметімді айтып қоштастым. Бірнеше күннен кейін Орта Азия әскери округіне бардым. Олар маған бүкілодақтық іздеу салмақ екен. Тергеу кезінде менің әскерден мүлде қашатын ойым болмағанына Бауыржан ағаға барғаным, ол кісінің берген хаты жақсы дәлел болды. Әскери бөлімнен кеткен үшін ол кездері жаза қатаң. Әскери бөлімде мені қатарынан үш тәулік еш себепсіз кезекшілікке тұрғызды. Жарғыны бұзушылықтары әшкереленгеннен, әрі Совет әскерінде ұлттық дискриминация бар екенін КСРО үкіметі жария еткісі келмеген болса керек, мені 7 ай тергеуден соң «денсаулығыма байланысты» әскерден босатты ғой.
- 1977 жылы антисоветтік іс-әрекетіңіз үшін екі жылға сотталдыңыз. «Сол сот процессі қалай өтті?
– Әскерден босаған соң музыкалық училищедегі оқуымды жалғастырдым, композиторлық шығармашылықпен айналыстым. Бірақ орыстардың КСРО-дағы басқа ұлттарды өздерінен кем санайтыны намысыма тиді. Қазақ ұлт-азаттығы үшін күреспесе көп кешікпей орыстанып, ұлт ретінде жойылады деген пікірге келдім. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздігі үшін күресетін «Жас қазақ» ұйымын құруға үгіт жүргіздім, ұйымның анты мен бағдарламасын, сондай-ақ 20 жуық мақала, өлең, үндеу жазып, карикатура сурет салып көбейтіп тараттым.
Осы жазған шығармаларымды 1976 жылы жазушы Ілияс ЕСЕНБЕРЛИНГЕ, Әнуар ӘЛІМЖАНОВҚА, Олжас СҮЛЕЙМЕНОВКЕ бердім. Алматыдағы жоғары оқу орындары студенттеріне тараттым. 1977 жылы 29 сәуірде кешке Алматы мал дәрігерлік институтында мені студсовет төрағасы Ерболат АЛЯДИНОВ (Қазалы аулынан), Жұмабай ШАЖАБАЕВ (Ұзынағаштан сияқты) және бір студент үшеулеп ұрып-соғып КГБ-ға тапсырды. КГБ ішкі түрмесіндегі 8 ай тергеуден соң 2 жылға соттады. Шажабаев қазір Фабричный аулына әкім деп естідім. КГБ арнайы жиында Ерболатқа «аса қауіпті ұлтшылды» тұтқындағаны үшін магнитофон сыйлапты. Кейіннен араққа салынып кетті деп естідім.
«Ереуіл атқа ер салмай» деген кітабыңызда композитор Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ донос жазғанын еске аласыз...
- Төлеген Мұхаметжановпен консерваторияда Ғазиза ЖҰБАНОВА апайда 1974-1975 жылдары сабақта кездесетінмін. Жатақханада менің ұлт-азаттығы турасындағы пікірлерімді тыңдауға құштар болатын. Алайда, тергеуші сұрақтарына жауап бергенде, тіпті, тергеуші сұрамаған бір жайды да айтып беріпті. «Кешке консерваториядағы сабақтан жатақханаға қайтар көлік аялдамасында тұрған едік. Орыс жігітімен қолтықтасып тұрған қазақ қызына Хасен: «Сен неге орыспен құшақтасасың, қарныңды жарайын ба?» деп, портфелінен пышақ шығарды. Сонда мен Хасеннің ұлтшыл жаман адам екенін білдім» деп жазып беріпті тергеушіге Төлеген. Мұны мен тергеу аяқталған соң 6 томдық «қылмыстық ісімді» оқығанда көрдім.
- Қазір желтоқсандықтардың ұйымы көп. Олар жайлы түрлі әңгімелер де айтылады. Нағыз желтоқсандықтарды қалай айыруға болады?
– Алғашқы «Желтоқсан» ұйымын түрмеден оралған сотталған азаматтар 1989 жылы құрдық. Онда да, Қалдыбай ӘБЕНОВТІҢ «Аллажар» фильміне консультанттар ретінде бас қосуға тура келген. Қазір 9 ұйым бар деп естідім. Әрине, көтеріліске тек сотталған 99 кісіден өзге мыңдаған ел қатысты, олар да «желтоқсандықпыз» дей алады. Бірақ 20-25 жылдан соң пайда болып жатқан «желтоқсандықтарға» күмән көп. Сотталып келгендерден айырмасы – әлгілер әкімшілік шақырған жиындарда көлгірсіп билікті мақтай жөнеледі. Сын көзбен қарап үйренген шын желтоқсандықтарға әлгілермен қатар отыру ұят. Сондықтан жиындарға сирек баратын болдық.
- 1986 жылғы оқиғадан кейін қоғамдағы атмосфера қандай еді?
– Бұл жайында өзге де көзі көргендер айтып бере алады. Есімде, автобуска кірер кісі онда қазақ көп пе, әлде орыс көп пе деп қарап алатын. Таксистердің көбі ол кез орыс қой, қазақтарға кешкісін тоқтамай өтетін. Қазақ телевидениесіндегі жиынымызда Сағат ӘШІМБАЕВ қызметкерлерге: «Бұл не масқара! Осы екі күнде қаншама достарым сәлемдесуден қалды!» - деп ашана сөйлеген еді. Осылайша биліктің ойсыз қазақтың намысына тиетін қаулысынан қарапайым халық ұлттық алакөздікке ұрынды.
Азаттық жолындағы күресте кімдердің есімі аталмай жүр деп ойлайсыз және керісінше Желтоқсан атын жамылып атаққа ие болып жүргендер кім?
- Алғашқы ұйымды құрушылар, алаңның шетіне барып бір сығалағандарды емес, осындай шаруаларды жылдап атқаруға қатысқандарды «желтоқсандық» деп санаймыз. Жарайды, көтерілісті көрген екенсің – кездесулерге бар, сұқбатыңды бер. Жоқ, әлгілер «Желтоқсан» атымен ұйымдарды қоздатып үкіметтен пәтер, сұрап «желтоқсандық» деген қасиетті атты саудаға айналдыруда. Алаңға милиция взводын бастап барып жұртты сабаған капитан Т.ӘЛЖАНОВ, 5 қызды «желтоқсанға қатысты» деп тергеушілерге сатқан Ү.БОСМАНОВА, тағысын тағылар бүгінде «Желтоқсан» атымен ұйым ашқан.
Шындығында, кімнің желтоқсандық я еместігін 1989-1990 жылдары үкімет комиссиясына басшылық жасаған ақын Мұхтар ШАХАНОВ біледі. Алайда ол осындай жалғандықтарды көре тұра үндемей жүр. Осыған қарағанда, билік әу баста желтоқсандықтардың ортасына жалғандықтарды енгізіп дау-дамай шығарып елге жеккөрінішті етуді жоспарлаған сыңайлы. Бірақ, кімнің нағыз желтоқсандық, батыр екені ел басына бұлт үйірілген жағдайда анықталады. Ондай кезде қазіргі мінберге ұмтылып ділмәрсіп жүргендер қайтадан індеріне кіріп кетеді.
Мысалы, 2016 жылы мамырдың 21 күні Жер мәселесіне байланысты мені алаңнан ұстап Жетісу аудандық Ішкі істер бөлімшесінде 4 сағат ұстаған. Сонда әлгі жалған «желтоқсандықтардың» бірін көрмедім. Полицайлардың ұстап әкелгендері сол баяғы Әлібек МҰЗАФАРОВ, Өткірхан МҮЛКІБАЕВ, Қасымхан МАЙХАНТЕГІ сынды желтоқсандықтар. Өйткені «желтоқсандық» аты оңай жүк емес, оны көтеріп жүре білу керек. Халық желтоқсандықтардан әрқашан ерекше ерлік күтеді.
Фото: azattyq.org