Қазақстандағы ішкі көші-қон қазақты саяжайларға сыйыстырып жатыр
ШҚО, Көкпекті ауданына қарасты төрт ауыл Қазақстанның әкімшілік картасынан жойылды. Бұл туралы кеше ақпарат агенттіктері жариялады.
Көкпекті ауданының әкімі Рамиль САҒЫНДЫҚОВТЫҢ айтуынша, Өрнек, Каменка, Қызылжұлдыз, Қарғалы ауылдары ірілеу елдімекенге қосылады. Заң бойынша, егер ауыл тұрғындары 50 адамнан аз болса, онда ол ауылдар әкімшілік картадан алынуға тиіс. Алайда жергілікті шенеуніктер бұл қараша ауылдар қараусыз қалмайды деп сендіреді.
«Ешкім бұл адамдарды тастамайды. Мысалы, қыста ауылдарда жол тазартылады, тамақты жеткізу туралы ойланамыз»,- деді аудан әкімі. Аудан басшысының сөзінде жан бар. Қар қалың түсетін аудандардың бірі Көкпектіге қар тазалау үшін жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге бөлініпті. Келесі жылы 90 млн қарастыру жоспарда бар», – дейді аудан әкімі.
Бір қарағанда, жергілікті шенділердің онсызда ыңыршығы шыққан ауылдарға көңіл бөлуі қуантады. Бірақ та олардың алдағы тыныс-тіршілігі алаңдатады. Өйткені, ауылдардың әкімшілік қана емес, тұтас жойылып жатқаны да жасырын емес. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын Ресеймен шекаралас жатқан Ақтөбе облысына қарасты Әйтеке би ауданындағы Бөгеткөл ауылы болашағы жоқ деп көшірілген еді. Көктемде алты-ақ отбасы қалған ескі жұрт су ортасында қалып жергілікті басшыларды әбігерге салған еді.
Әрине, үкімет халқы аз болып кетсе де, шығыстағы және жаңа ғана біз еске алған батыстағы ауылды (Бөгеткөл ауылы) далаға қалдырмады. Бюджеттен ақша бөлінді.
Статистика комитетінің мәліметінше 2017 жылдың 1 қазанға дейін жасалған есеп бойынша елімізде 18 096,6 мың адам тұрады. Қалаларда 10 383,3 халық (57,4 пайыз) тұрса, ауылдарда 7 713,6 (42,6 пайыз)мың ел қоныстанған. Сарапшылардың айтуынша, 42,6 пайыз құрап отырған ауыл халқы ІЖӨ-нің 5 пайызын ғана береді екен. Бес пайызды беретіндер астықпен айналысатын облыстағы ауылдар. Малшы ауылдар мемлекет қазынасына көзге көрінер ешнәрсе қосып отырған жоқ. Онсызда жойылып бара жатқан ауылдарға су тарту, жолдарын тазалау,(қыста) жәрдемақы, зейнетақы, айлық төлеу экономикамызға тиімді ме?
Қанша мәрте айтылып жауыр болса да, моноқалалар мен аудан орталықтарындағы өндірістерді жаңдандыру әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Көбіміз ауылдан шықтық. Ауылда не бар екенін жақсы білеміз. Ауылда: ет, сүт, тері мен жүн, жеміс-жидек, астық бар. Осыны қабылдайдын өндіріс орындары болса, Шығыстағыдай Өрнек, Каменка, Қызылжұлдыз, Қарғалылар әкімшілік қартадан алынып, Бөгеткөлдер жер бетіне жойылып кетпес еді. Ауылдар мемлекеттік бюджетке масыл болмай, өз жолдарын өздері жасап, ауыз суын өзі тартып бақуатты өмір кешер еді ғой. Айтпақшы, қазынаға да қомақты қаражат құяр еді. Әлеуметтанушылардың дерегіне сүйенсек, ауылшаруашылық өнімін экспортқа шығаратын АҚШ, Австралия сынды мемлекеттерде халқының 10-нан асатын пайызы ауылды жерлерде тұрады.
Жалпы, мемлекетінің өсіп өркендеуін қалайтын билік халқын қалалық ұлтқа айналдыруға пейілді болады. Қала қашанда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қалада сапалы білім, сапалы медицина, сапалы өмір бар. Бастысы халық қалада саяси ұлтқа айналады.
Бізде қалалық ұлтқа айналудың жабайы түрі жүріп жатыр. Яғни, ішкі миграция жұмыссыздықтан басталды. Тура осыдан үш жыл бұрын Алматы қаласы әкімдігі қалада 200 мыңнан аса студенттің білім алатынын, оның 10-пайызы жергілікті жастар екенін айтты. «Жыл сайын 43-46 мың жас маман ЖОО бітіріп шығады. Жыл сайын оларға жұмыс орнын табу мүмкін емес. Өңірлер жаңа жұмыс орындарын ашып, өз жастарын шақырса», – деп еді Алматы қаласы әкімінің сол кездегі орынбасары Юрий ИЛЬИН.
2017 жылдың қаңтар мен маусым аралығында 172 мың адам өз тұрып жатқан жерлерін тастап, жұмыс табу мақсатында ірі қалаларға қоныс аударған. 2015 жылы олардың саны 200 мыңнан асқан-ды. Ал биыл өз тұрғылықты жерлерін тастаушылардың саны жарты жылда 200 мыңға таяп отыр. Бұлардың көбі Астана мен Алматыға көшкен. Біз мақаламыздың басында сөз қылған ШҚО 2011 жылдан бері (2016 жылды есептемегенде) 31,8 мың адам басқа өңірге кеткен. Алматыгипрогор-1 жобалау институты Алматыға тек 3 млн аса халық тұра алатынын айтқан болатын.
Қазір еліміздегі ең үлкен шаһарда 1 768 303 мың халық тіркеуде. Қала басшылығы Қапшағай сынды қала мен Алматы іргесіндегі ірі ауылдар: Жетіген, Байсеркені дамытып, Қапшағай мен екі ортаға спутник қалашықтарды салып, миграциялық ағынға тосқауыл қоймақ.
Қалаға жаппай келіп жатқан ауыл халқы қайда тұрып жатыр деген сұрақ туындайды.
Мен 10-жылдан аса түрлі телеарналардың жаңалықтар қызметінде жұмыс жасадым. Алматының маңайындағы саяжайлардың ауылға айналып кеткенін көзіммен көрген едім. Және бір емес, ондаған репортаждар жасадым. Алматыдан үй алуға ақшасы жетпеген ауылдық ағайындар саяжайлардан үйлі болған. Алматы әкімдігі миграцияға тосқауыл болады деп отырған Байсерке (Алматыдан шамамен 25 шақырым жерде) ауылдық округіндегі ондаған саяжай бар. Олардың жол, ауыз су, медициналық қызметке жүгіну үшін тіркелу сынды проблемалары жеткілікті. Бұндай мәселер Алматы маңындағы Іле, Қарасай, Талғар сынды аудандардағы саяжайда тұратын халыққа да ортақ. Ең бастысы, бұл проблемалар әлеуметтік дүмпуге алып келмесе дейсіз.
Жуырда Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қостөбе ауылында болдым. Бұл жерде қазақ әдебиетінің классигі, белгілі балалар жазушысы Бердібек СОҚПАБАЕВ дүниеге келген. Қостөбе де әкімшілік картадан жойылды ма екен, ол жағын білмедім. Әйтеуір қазір бұрын Нарынқол ауданының орталығы болған Нарынқол ауылдық округіне кіреді екен. Өткен ғасырда салынған жатаған кеңседе төрт жылдық мектеп орналасыпты. «Менің атым Қожаны» оқитын балалар саны тым аз. Екі сыныпты біріктіріп оқытады. Біз түскен үйдің ақсақалы дастархан басында: «Е-е-е қазір ауылда тек кәрі-құртаң мен тұқым өскір аздаған бала-шаға бар. Жастар мен жұмысқа жарамды дегендер жоқ. Барлығы қалаға кетті. Бар азаматын майданға жіберген ауылдай отырмыз. Қалада үй удай қымбат дейді. Қайда тұрып жатыр екен?» - деп еді. Біз үндемедік.
Әзірге сыйғанымызша саяжайларды саялай тұрамыз дегім келді...