Оқушылардың 22 пайыздан астамының денсаулығы нашар
Таяуда бала құқығын қорғау жөніндегі өкіл, депутат Зағипа БАЛИЕВА соңғы бес жылда мектеп оқушыларының түрлі ауруға шалдығу оқиғалары 22 пайызға артқаны туралы мәлімдеді. Сонымен қатар омбудсмен әрбір үшінші бала сколиозбен ауыратынын, ал бұл дерттің нақты емі жоқтығын айтып алаңдаушылық білдірді.
Парламенттің қабырғасында осындай салмақты мәселені көтерген Балиева проблеманың алдын алуды қазірден қолға алу қажеттігін баса айтып өтті. Осыған байланысты Премьер-министр Бақытжан САҒЫНТАЕВҚА депутаттық сауал жолдап, барлық стандарттарды қайта қарайтын арнайы жұмыс тобын құруды да ұсынды.
Балиеваның келтірген дерегінде оқушылар арасындағы анемияның таралуы 2,5 есе, тыныс алу органдарының аурулары 1,5 есе, эндокриндiк аурулар 1,4 есе, жүйке жүйесi аурулары 1,5 есе, улану 1,2 есе өскен.
«Ең көп таралған аурулардың бiрi – омыртқаның қисаюы. Оқушылардың тiрек-қимыл жүйесiнде ауытқулар жиi кездеседi. Омыртқаның қисаюы бала кезде қалыптасады. 6-7 жаста балалардың 13,8 пайызы, 8-13 жаста 14 пайызы, 17 жасқа қарай 15 пайызы, 18 жастағы балалардың 34 пайызы сколиозбен ауырады. Яғни, әрбiр үшiншi бала. Мектеп табалдырығын аттаған кезде көз аурулары 29,2 пайызды құраса, 18 жаста ол алдыңғы қатарға шығып, 70,3 пайызға жетедi», — дейді омбудсмен.
Оның айтуынша, Үкiмет, Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң құрамында 40-тан астам ғылыми институт бар. Осы институттар бүгiннен бастап мектепке қатысты стандарттарды қайта қарауға кiрiскенi жөн.
Өйткенi 22 пайыз баланың денi сау болмауы дегенiмiз — үрейлi көрсеткiш. Бұл бiздiң болашақ ұрпаққа қатысты. Бүкiл мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiретiн жұмыс тобын құрып, мектепте оқушыларға тамақ беру, мектептегi қондырғылар, мектеп гигиенасы, киiм, спортқа және өзге де балалардың денсаулығы мен қауiпсiздiгiне қатысты стандарттар мен құрылыс нормалары мен ережелерiн қайта қарау керек.
«Бала мектепке дені сау болып келеді, ал 11 сыныпқа қарай 72 пайызында көру қабілеті нашарлаған, 34 пайызы сколиоз, 50 пайыздан астамында ішек-қарын жолымен байланысты проблемалары бар. Былайша айтқанда, сау бала мектеп бітіргенде түрлі «кәсіби» ауруға шалдығады, ал біз санитарлық ережелер мен нормаларды қайта қарастырғымыз келмейді», — деп тұжырымдады депутаттық сауалын З.Балиева.
Мәжіліс депутаты бұл мәліметті статистикалық деректерге сүйеніп алға тартып отырғаны сөзсіз. Алайда қазақстандық оқушылардың шынайы денсаулық көрсеткіші бұл айтылғаннан да нашар деңгейде шығып жатса, таңғалмаңыз. Себебі, білім беру мекемелеріндегі бала денсаулығына қатысты талаптардың қатаң сақталмауы, соңғы уақыттағы түрлі реформалардың оқушының жүйкесіне салмақ салғанын ескерсек, сау ұрпақ туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Мектеп асханаларының жағдайы сын көтермейді. Ал талапқа сай бірен саран асханадан кез келген оқушы тамақтана алмайды. Себебі пайдалы, құнарлы тағамдардың бағасын қалта көтермейді.
Келесі мәселе, мектептегі асханаға оқушы барып тамақтана ма деген мәселе. Өйткені Білім және ғылым министрлігі ендірген биылғы жаңа бағдарлама оқушының тамақтануына мұрша бермейді. Әр сабақ арасындағы бес минуттық үзілісте оқушы асханаға емес, келесі пән өтетін кабинетке асығады. Оқушы осылайша кабинет пен кабинет арасында жеті сабақ бойы шапқылап жүреді. Ашқұрсақ бала осылайша түсқайта үйіне қайтады. Таңғы жетіден бастап, түскі сағат екіге дейін аш жүрген немесе қолда бар құрғақ тамақты талғажау еткен баланың денсаулығы қалай болмақ?
Министрліктің енгізген жаңа реформасы білім сапасына қаншалықты пайда берерін болашақ көрсетеді. Алайда бала денсаулығына кері әсер етері сөзсіз шындық. Себебі арқасына өте (!) ауыр сөмке асынып, ашқұрсақ жүрсе, бала түгілі министрлердің де денсаулығы сыр береді. Өкінішке қарай, еліміздің білім министрлігіндегілер түрлі реформаның тасасында ұлтқа төнген қауіптің қалып отырғанына назар аударар емес. Биылғы жаңа бағдарлама бойынша шығарылған оқулықтардың көлемі мен салмағы сын көтермейді. Оқулықтар сөмкеге сиярлықтай шағын емес, керісінше ебедейсіз ұзын және ауыр. Сондай оқулық салынған ауыр сөмке көтерген оқушының бел, омыртқа жүйесі дертке ұшырайтынын дәрігер емес, қарапайым адам да біледі.
Оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру ең алдымен, оқу процесінде жүзеге асырылады. Олай болса, тиісті мекеме өкілдері білім саласындағы саны көп реформаларға емес, сапалылықты талап ететін бала денсаулығына қазірден бастап басты назар аудармаса, ұрпақ саулығына төнген қауіп сейілмек емес.
Фото: mediaovd.kz