Былтыр баспана бағасы ең арзан өңірлер белгілі болды
Krisha.kz порталы тұрғын үй құны ең төменгі қалалар тізімін жасады.
Бесінші орынға Шығыс Қазақстанның бас қаласы Өскемен орналасты. Сатушылардың белгілеген бағамы бойынша шаршы метр орташа есеппен алғанда 165,4 мың теңгеге бағаланды.
Бұл өңірде 40 шаршы метрлі пәтер орта есеппен 6,6 миллион теңге тұрады. Өскемендегі үш бөлмелі пәтердің құны Астана менАлматы қалаларындағы бір бөлмелі пәтерден де арзан.
Өскеменде тұрғын үй ізденушілер 5-6 миллион теңгеден қымбат пәтер іздемейді екен.
Төртінші орында Өскеменмен көршілес орналасқан Семей қаласы тұр. Бұл қалада тұрғын үй бағасының шаршы метрі 160,4 мың теңге. Бір бөлмелі пәтердің бағамы 6,4 миллион теңгені құрайды. Ал көп бөлмелі пәтерлердің құны орта есеппен 12,8 миллион теңге тұрады.
Тұрғын үй бағамы ең арзан қалалардың үштігін Павлодар қаласы бастап тұр. Қалада тұрғын үйдің шаршы метрі шамамен 159,5 мың теңге құрайды.
Екінші орынды Ақтөбе қаласы иемденді. Бұл қалада пәтердің шаршы метрі орташа бағаммен 155 мың теңге құрайды.
Ал еліміздегі тұрғын үй бағасы ең төмен қала – Тараз. Мұнда пәтердің шаршы метрі 151,9 мың теңгеге тең.
Орташа алғанда, Семейде, Павлодарда, Ақтөбеде және Таразда бір бөлмелі пәтер шамамен 6 миллион теңге тұрады. Ал үш бөлмелі пәтер 12 миллион теңгеге бағаланады.
Фото: Kn.kz.