Нағашы-төркін-өз жұрты — әйелдің үш жұрты емес пе...
Байғанин жағында тұратын, оншақты бала туып, жеткізген бір апамыздың жаңа түскен келінінің туған күнге шақырған хабарын естіп: «Ойбай, көтек, не дейт, қатында да туған күн бола ма екен?» дегенін бұрын бір жазғанбыз. Туған күнге таңғалып жүрген сол «надан» кемпір «қатында қайын жұрт та» болатынын естісе, бірден сеспей қататын шығар, иә?
Осы күні біздің кейбір келіншектер түскен жұртын «қайын жұрт» деп атауды әдетке айналдырып алды. Осы ФБ бетінде де: «Қайын жұртқа бара жатырмын...», «Қайын жұртта жүргенде...» — деп әңгіме бастайтындардың біразы журналистер екені өкінішті-ақ. Осылай кете берсек, оншақты жылдан кейін әйелдердің аузымен айтылатын «қайынжұртты» «заңдастырып» аларымыз хақ. Әлгі «атырық» пен жатырықты» немесе «ортақолдың» орнына қолданылатын болған «ортаНқолды» «заңдастырғанымыз» сияқты...
Біз білетінде, қыз бала нағашыға жиен, әке-шешесінің үйінде қонақ, «жатжұрттық» саналатын. Демек, келін боп түскен жері — өз жұрты. Қазақтың қисыны дұрыс — өз отының басы, бала-шағасы өсіп-өнетін, өлгенде сүйегі шығатын шаңырақ өз жұрты болмағанда не болмақ? Нағашы — төркін — өз жұрты — әйелдің үш жұрты емес пе?
Былай қарағанда, нағашыға жиен, әке-шешеге қонақ болатын қыз байғұс түскен жерін «қайын жұрт» деп есептесе, өз жұрты, яғни, «тұрақты пропискасы» жоқ біреуге айналмай ма?!
Бұл жерде «Жігіттің үш жұрты бар...» — дейтін қазақтың оны әйел адамға қатысты көп пайдалана бермегенін де ұмытпаған жөн-ау. Өйткені барған жеріне тастай батып, судай сіңетін қыз баланың анау-мынау жағдайда төркіні болмаса, нағашыны паналайтын тұсы сирек...