1986 жылы Алматыдан басқа қалаларда жастар алаңға шыққанын халық біле бермейді
17 желтоқсанда 1986 жылы басталған Алматыдағы жастардың көтерілісі аяусыз жаншылғанымен басқа қалалардағы жастар да бас көтерген еді. Желтоқсанның 19 мен 23 аралығында шерулер Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан қалаларында жалғасты. Талдықорған толқуларынан кейін 18 жасында 1,5 жылға бас бостандығынан айырылған Анар СЕРКЕНОВАМЕН сұхбаттасқан едік.
Анар ханым, 1986 жылы Талдықорғандағы толқулар қалай басталды? Әңгімені осыдан бастасақ.
- 1986 Талдықорған қаласындағы заң техникумында студент едім. Ол оқу орнының білімі беру сапасы жақсы еді. Тек, Қазақстанан ғана емес басқа да КСРО құрамындағы елдерден жастар кеп оқитын. Қателеспесем, 17 желтоқсан күні Алматыдағы жағдайды бізде жұмыс жасаған парторгтен естідім. Ол кісінің атын ұмытып отырмын. Алматы алаңында болған қырғын менің ашуымды тудырды.
Мен өзімді әсіре ұлтшыл я болмаса шовинистер қатарына жатқыза алмаймын. Совет қоғамында белгілі деңгейде жариялық орнаған кез еді. Неге мемлекет басшысын елге жариялап, ақылдасып тағайындамады деген ой туындады. Өз пікірін білдіру үшін шыққан жастардың аяусыз жаншылуы да наразылығымды тудырды. Осындай себептермен тобымда оқитын достарыма, жатақханада тұратын қыз-жігіттерге Алматыдағы жастар көтерілісін айттым. Көршілес орналасқан политехникалық техникумның студенттеріне де барып айтып келдім. Өз азаматтық позициямды білдіргім келді. Қысқасы, өзім таныйтын қыз-жігіттерді алматылық жастарды қолдауға шақырдым. Он тоғызыншы желтоқсан күні біз де алаңға шығатын болып келістік. Қазір ойлап отырсам бұл – жастық максимализм екен ғой.
Сонда қазіргі облыс әкімдігі орналасқан жердегі алаңға бармақ болдыңыздар ма?
- Алаңға жете алмай қалдық қой. Көше толған милиция, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем машинасы. Жатақханамыздан әрең шыққанбыз. Шамамен қатарымызда елудей адам бар. Не керек жатақханаға бізді қайтадан қуып тықты. Сол күні біздің техникум ғана емес басқа да білім ордаларындағы студенттер қарсылық акциясына шықты. Бәлкім өз арамызда белсенділеу болдым ба екен, таңертең мені техникум директорының кабинетіне шақырды. Содан басшымыз, облыстық комсомол ұйымының өкілі тағы бір кісілер мені орталарына алып айғайға басты.
Менің іс әрекетімді теріс, совет азаматына лайықты емес деген әңгімелер айтылды. Мен де қайтар емеспін. Өз азаматтық ұстанымыңды жеткізгенде тұрған не бар деп қоймаймын. Комсомол ұйымынан келген СОКОЛОВ деген кісі онда бұл қыздың орны түрме деді. Кешке мені тергеуге шақырды. Барлық болған жағдайды жазып бердім. Ешнәрсені жасырғаным жоқ. Түрмеге қамап қояды деген ой мүлдем болған жоқ. Неге шындықты айтпауым керек деп жүрмін ғой. 20-шы желтоқсан күні комсомолдардың жиналысы болды. Тағы да сол Соколов келіп алыпты. Комсомол билетімді тартып алды. Мен жылап қалдым. Көзіме қара көзілдірік киетінмін. Әлгі Соколов сен мүмкін наркоманка шығарсың деп кіжініп қояды. Есірткі түгілі темекі дегеннің не екенін білмейтін кез ғой. Өскеменнің алыс аудандарының бірірен келген ауылдың баласымыз. Сонымен қойшы, мені комсомол қатарынан шығарды.
Содан кейін не болды?
- 23 желтоқсан күні тағы да тергеуге шақырды. Сұрақ-жауап алған соң КПЗ-ға қамап тастады. Бір қараңғылау бөлме екен. Не дәретханасы жоқ. Әйтеуір үрей үстінде бір түн түнеп шықтым. Ертеңінде автозакқа отырғызып алды да сол Талдықорғандағы уақытша тергеу абақтысына қамады. Камераға кірсем қазақтың бір қызы мен әйелі отыр екен. Және бір орыс қыз. Жанат АЙТЖАНОВА педагогикалық институттың студенті ал Ғания ЧОКАЕВА апайымыз білім ошақтарының бірінде вахтерша екен. Оларда Алматыдағы қырғынға қатысты өз наразылықтарын білдірмек болыпты. Жанымыздағы орыс қызды біздің сөзімізде тергеушілерге жеткізіп отыру үшін отырғызып қойған екен. Оны кейін білдік қой. Ғания апайдың жасы үлкен, өмірлік тәжірибесі бар ғой. Сол кісі Наташаның тыңшы екенін біліп қойды.
30-шы желтоқсанда сот болды. Зал өзіммен бірге оқыған студенттерге толған. Шетінен мені сатып жатыр. Барлығын осы Анар бастады деген сынайдағы сөздер айтылып жатыр. Судья сіз кінәңізді мойындайсыз ба, деп сұрады. Жоқ, деп жауап қаттым. Және «это самый несправедливый суд в мире» дедім. Сол сөзім үшін қазір күлкім келеді. Жастық қой! Мені 60-шы бап бойынша, «Совет үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деп айыптап, соттады. Тергеуге барып жүргенімде бір корейлік адвокатпен танысқам. Ол кісі маған: «сен көшеге шықтым, бірақ қайтадан кері бұрылып жатақханаға оралдым» деп айт деген. Сол кісінің кеңесінің арқасында жазам жеңілдеді. Қоғамдық тәртіпсіздікке қатысушы деген 170-ші бапты алып тастады. Судья Марклен КАМНАЗАРОВ 1,5 жыл берді. 18-ге енді ғана толған баламын ғой. Шартты түрде соттасада болар еді. Заңгер боламын деген арманың көкке ұшып, зэк болдым.
Марклен Мұхтарұлы Талдықорған облыстық сот төрағасының орынбасары еді. Мен мойымадым. Ақыры өз арманыма қол жеткіздім. Қазір заңгермін. Ал Марклен Камназаров 2011 жылы істі болды. Жоғарғы соттың судьясы еді ғой. Қызмет бабын асыра пайдаланды, жемқорлыққа қатысы бар деген айыпқа ілініп қызметінен қуылды. Мен табалаудан аулақпын. Тек, айтқым келетіні құдай бар. Не істесең сол алдыңнан шығады деген сөз рас екен.
Талдықорған толқулары кезінде қанша адам сотталды?
- Төрт адам. Жанат Айтжанова, Ғания ЧОКАЕВА, Рүстем МАШАНЛО деген дүңген жігіт. 1986 жылы қазақ жастары Жезқазған, Қарағанды және басқа да қалаларда шықты ғой. Ол жағы көп айтыла бермейді. Мүмкін бұл Желтоқсанды көтеріліс емес оқиға деп айту үшін тиімді шығар.
Қай түзеу мекемесінде отырдыңыз?
- Алматы облысы, Іле ауданы, Жауғашты елді мекеніндегі Ла 155/4 түзеу мекемесінде отырдым. Айтпақшы, ол колонияға саяси баппен отырған ең тұңғыш саяси тұтқын мен едім. Ол жерге этаппен менің жалғыз өзімді апарды. «Декабристка» екенімді бәрі алдын ала біліп алыпты. Зонаның бастығы қарсы алды ғой. Карантин бітіп отрядқа түскенде бүкіл зона келіп мені сыртымнан бақылады. «Бунтарка» деп қабылдады мені. Е-е-е қаршадай ғана қыздан «халық жауы» жасаған заман еді ғой. Мені ұрып-соқты десем өтірік айтқандық болар. Әрине, неше түрлі сөздерді естідік. Жалпы, зонада өзіңді қалай ұстайсың, саған деген қарым-қатынас та сондай болады. Сенің мінезіңді, табиғатыңды, болмыс-бітіміңді біліп қояды. Өйткені, тәулігіне 24 сағат бірге отырасыңдар.
Сіздің сотталуыңыз ата-анаңызға ауыр тиген шығар...
- Иә, ата-ана қашанда баласы үшіп күйіп-пысады ғой. Қайғыдан әкем жүрек ауруына шалдығып, анамның бір жақ шеті істемей қалды. «Враг народа был среди нас» деген жергілікті газетке мақала шықты. Ауылдың адамдары араласқысы келмей, туыстардың өзі теріс айналыпты. Әкем инженер-энергетик, шешем есепші болып қызмет еткен. Жұмыста да қағажу көріпті.
Түрмеден босап келгенімде бірден ауылға бардым. Басқа баратын жерімде жоқ қой. Әкем менің шығып келгенімді көп ешкімге білдірме, деп өтініш қылдым. Бір малды сойып ет жақын деген адамдар ғана бас қостық. Ауылда ешкім менімен амандасқысы келмейтін. Маған мұрнын шүйіріп сөйлегендер де болды Сол өз ауылымның адамдары. Біреу құласа таптап тастағымыз келетін жаман мінезіміз бар ғой.
Содан ауылда көп жүре алмадым. Әке-шешеме Алматыда дайын жұмыс бар, деп өтірік айтып туған ауылдан кетіп қалдық. Алматының вокзалында түнеп жүріп бір фабрикаға жұмысқа орналастық. Алты айдан кейін жұмыста бригадир болып көтерілдім. Бір күні газеттен адам құқықтарын қорғау ұйымы туралы оқып сол жерге бардым. «Жалын» журналының редакциясында орналасқан екен. Сол жерде Мұхтар ШАХАНОВ, Аманжол НӘЛІБАЕВ ағаларымызбен таныстық. Мұхтар ағаның жоғарғы кеңесте депутат болып тұрған кезі. Қысқасы, ақын ағамыздың көмегімен 1990 жылы Талдықорғанға барып оқуымды қайта жалғастырып, заң техникумын қызыл дипломға аяқтадым. Кейін ЖОО-да бітіріп алдым. 1994 жылы толық ақталдым.
Тым жас кезімізде сотталдық. Араға көп уақыт өтпей КСРО құлады. Нашақор, бұзақы деген жастар ақталды. Ол кезде бізге ешқандай да психологиялық көмек берілмеді. Қазір ойлап отырсам ауылдың тәрбиесі бізді аман алып қалған сияқты. Сабырлық пен ұстамдылықтың арқасында жынданып кетпеппіз. Адамның жанын сыздатып, төзімін тауысып өмірін мағынасыздыққа айналдыратын әділетсіздік екен. Сол 1986 жылдың желтоқсанында жастарды соншалықты жаныштаудың не қажеті бар еді? Өз пікірлерін айтып тарап кетер еді ғой...