1986 жылы түсірілген танымал фотолардың бірінің тарихы
Желтоқсан.1986 жыл. Бұрынғы «Брежнев» алаңы. Милиция жасағының қолына түскен қазақ қызы. Ұнжырғасы түсіп, көзін жерден алар емес. Бұл - қанды желтоқсан қырғынында түсірілген танымал архив фотолардың бірі. Аға буын өкілдерінен сексен алты ызғарындағы қазақ қыздарының қайсарлығын сан мәрте естіген едік. Содан болар осы сурет жанға жылы. Өз жақынымыздың суретіндей көрген сайын көзге оттай басылады. Осы фотодағы қыздың табылғанын әлеуметтік желіден естіп білген едік. Ол – Анар РАХЫМЖАНОВА екен.
Анар ханым, Желтоқсан оқиғасының архив фоталарының бірінде сіздің сурет деген әңгімені әлеуметтік желіден естіген едім. Сол суреттің тарихын айтып беріңізші.
- 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде көп қазақ жастары сынды мен де алаңға барғанмын. Сол кезде түсіп қалсам керек. Алаңда жастар көп болды. Әскерилер мен милиция қызметкерлері де аз болған жоқ. Мұздай қаруланған солдаттар алаңдағы жастарды аямай жаншыды емес пе. Фотоға түсіріп, камераға таспалап жатқанын ол кезде байқаған жоқпыз.
Сіз ол кезде студент болдыңыз ба?
- Жоқ. Мен ШҚО облысы, Катонқарағай ауданының тумасымын. 1985 жылы ата-анам Семейге мектептен кейін оқуға жіберген еді. Жастық қой. Ол жерде оқығым келмей Алматыға тартып кеттім. Армандаған қаламызға жеткеніммен оқуға жинаған құжаттарымды жоғалтып алып, СМУ-50 деген мекемеге жұмысқа тұрдым. Қысқасы, екі қолға бір күрек табылғанына қуанып, құрылыста еңбек ете бастадық.1986 жылы қарашада еңбек демалысын алып ауылға барған едім. Сол кезде шашқа химия жасату моды болатын. Мен де шашымды солай сәндегем. Өскеменен желтоқсанның 15 күні келдім. Қазіргі жолдасым «Целинный» кинотеатрына үнді киносына шақырды. Күндізгі сеанс болатын. Қыста күн қықса емес пе. Біз кинодан шыққанда қас қарайып қалған екен. Такси ұстадық. Қонаевтың қызметтен түсіп қалғанын авто көліктің радиосынан естіп білдік. Бұл желтоқсанның 16-шы жұлдызы еді.
Алаңға қалай барып жүрсіз?
- Жатақханаға барсам жұрт шулап жүр. Сағат 20-00, 21-00 шамасында жатақхана сыртына бір адамдар келіп дауыс зорайтқыш құралмен: - «Қазақтар, нағып жатсыңдар. Алаңда қазақтар қырылып жатыр»,- деп айғалады. Біз еш нәрсені түсінбедік. Тысқа шықпақшы едік вахтерша есікті жауып тастапты. Көше толы милиция. Кейбір қыздар терезеден түсіп кетіп қалғанын кейін білдік. Түнде алаңға барған қыздар қайтып келді. Көбі жаралы. ШҚО, Күршім ауданының Света деген қызы болатын. Басы жарылып келіпті. «Брежнев» алаңында аяқ-қолдары сынған жастарды көріпті. Ауруханалар қабылдамай жатыр деп айтып келді. Мен ауылдан тұмаулатып келген едім. Ертеңінде 17 желтоқсан күні «Орбита» ықшамауданындағы емханаға барып қаралып, құрбым Гүлшат екеуіміз қазіргі Алтынсарин мен Жандосов көшелері қиылысынан 66 автобусқа отырдық. Алған бетіміз алаң. Автобус ішінде кілең қыздар болдық. Бір жас комсорг жігіттер бармауға үгіттеді. Ешкім олардың сөзіне құлақ аспады. Алайда, автобус орталық стадионға дейін барды да арқы қарай жүрмей қойды. Далада алаңға қарай ағылып бара жатқан қалың нөпірге кірдік те кеттік. Алаңға жеткенде ол жерде адамдар тіптен көп екен. Сапырылысқан халықтың арасында Гүлшат екеуіміз айырылысып қалдық.
Шыны керек, жан-жағыма дұрыстап қарап та үлгере алмадым. Бір қарасам беттері тұмшаланған, қолдарында шоқпары бар бір топ әскерилер бізге жүгірді. Жұртпен бірге жапа-тармағай қаштық. Қашқанымызды қайтейін алдымдағы бір топ адам құлап мен де солардың үстіне барып жығылдым. Сол кезде мені екі жағымнан екі солдат бас салды. Біреуін итеріп жібергеніммен екіншісі жібермей қойды. Жігіттердің шашынан сүйреп ұрып жатқанын, иттерге талатқанын көрдім. Мені пазик автобусқа әкеп кіргізді. Көлік толып кеткен. Жасы алпыстар шамасындағы жаурынды келген бір бейтаныс кісі келіп бізге араша түсті. Белгілі адам болу керек оған милиция түк жасай алмады. Әлгі кісі біздің автобусқа отырып алып, қыздарды жібере салыңдар, деп үгіттеп көрді. Онысынан дым шықпады. Орта жолда бейтаныс ағайды түсіріп жіберді. «Өздерің де қазақтың баласысыңдар. Қыздарға қолдарыңның ұшыда тимесін» деп жол жиегінде қала берді. Содан Сәтбаев көшесімен жүріп келеміз, жүріп келеміз. Ақыры Қаскеленнің ІІБ-на бірақ жеттік. Бізді фотоға түсірді. Сұрақ-жауап алды. Байқағаным менен басқа қыздардың барлығы КазГУдың студенттері екен. Бізді көп ұстамай жіберді. Қайтарда бес қыз бірге қайттық.
Мен «Восход» деген жатақханада тұратынмын. Олар «Искрада» тұратын болып шықты. Студентпіз деп өтірік айта салыпты. Жолай өзара ақылдасып алса керек. Бөлмеге келсем Гүлшат әлі келмепті. Біраздан соң технологиялық техникумда оқитын Ерлан деген туған ағам келді. Маған алаңға шықпа, деп айту үшін келіпті. Өзі де мен сияқты ұсталып келіп отырған беті екен. Кешірек жатақханаға Гүлшат оралды. Үст-басы көкпенбек. Милиция көкала қойдай етіп сабаған ғой. Беті ісіп кеткен. Ол Фрунзе ауданының ІІБ-на түсіпті. Орыстардың қыздардың шашынан ұстап қабырғаға соққанын айтып берді. Гүлшаттың жүріп жүрген Қыдыр деген жігіті болған. Қазір жолдасы. Қыдырларды ауыр жүк көлікке тиеп Боралдайға апарып қар төккендей төге салыпты. Онымен қоймай аяқ пен бас киімдерін шешіп алыпты. Әйтеуір әреңдегенде жалдап тұрып жатқан пәтерлеріне жеткен екен. Қыдыр Ауған соғысына қатысқан жауынгер еді. Үй кезекте тұрған. Онысынан айырылды. Гүлшат екеуі жұмыстан да шығып қалды. Бұл менің көз алдымда болған оқиға. Талай жастардың жас өмірі осылай құртылды ғой. Ақыры Қыдыр мен Гүлшат Алматыда тұрақтай алмай Қызылордаға аттанып сол жақта шаңырақ көтерді.
Сіздің жағдайыңыз не болды?
- 1987 жылдың қаңтары мен үшін ауыр ай болды. Жұмыста мені жиналысқа салды. Бейнебір халық жауына айналдық. Тергеуге тартты. Өмірде жақсы адамдар болады ғой. Тікелей бастығым украиналық КОНИНА Анна Петровна деген кісі арашалап қалды. Бірақ та бес жыл ЖОО-на құжат тапсыруы ма және жұмыс орнымнан шығып қалатын болсам басқа жерге орналаса алмайтын болдым. Маған осындай жаза кесілді. Оқуға түсе алмайтын болғандықтан 1988 жылы тұрмысқа шықтым. Күйбең тірлікпен арада талай жылдар өтті. Мен ШҚО-ғы Топқайың деген ауылда нағашыларымның қолында оқығанмын. Гүлшат та сол ауылдан еді. Елге барған сайын нағашыларымнан Гүлшатты сұрастырам. Осыдан 4-5 жыл бұрын жеңгем Гүлшаттың нөмірін тауып берді. Хабарластық. Біраз әңгімелескеннен кейін Гүлшат: «Анар сені жыл сайын желтоқсанда теледидардан көрсетеді демесі бар». Туған-туыстарыма, таныстарыма мына қыз менің құрбым деп мақтанамын деді. Қысқасы, Жанар есімді сіңлімнің көмегімен интернеттен сол суретті тауып алдым. Иә, ол менмін. Сол шақпақ-шақпақ пальто, химия жасатқан шаш. Бір күні Жанар фейсбукте адамдардың мені іздеп жатқанын айтты. Тіркелем деп жүріп тағы да арада екі жыл өтті. Бір күні әлеуметтік желіде отырсам сол суретті бір кісі жариялап, мына қыздың тағдыры не болды екен деп жазыпты. Түрлі пікірлер де жазыла бастады. Біреу тірі ме екен десе, енді бірі дүниеден өтсе, иманды болсын деп жазыпты. Содан бұл қыз менмін деп жаздым. Әртүрлі пікірлер кетті. Желтоқсанға қатыстыңыз ба? Қатыссаңыз, желтоқсаншы деген статусты неге алмадыңыз? Гүлбаһрам ЖҮНІС деген замандасымыз хабарласып бұл қыздың аты-жөні анықталған. Бұл Сұлухан НАЗАРОВА деді. Арнайы сараптама жүргізіліп анықталғанын да жетік да жеткзді. Айтпақшы, Сұлухан Назаровада Қаскелен қаласында қамалған екен.
Бұл суретте өзіңіз екеніңізді дәлелдегіңіз келе ме?
- Иә, келеді. Мәселені бір жақты ету керек деп ойлаймын. Ол үшін желтоқсандық деген статусты алуым тиіс. Мен ол фотодан бас тартпаймын. Өзім ғой. Сұлуханның сол пальтомен түскен басқа да суреттері бар екен. Ал менде жоқ. Іздесе ішкі істер саласының архивінен табылады деп ойлаймын. Себебі, жоғарыда айттым ғой. Қаскеленде қамалғанда мені де суретке түсірген. Желтоқсаншы деген статусты алу үшін Алматы қалалық ішкі саясат департаментіне барғанмын. Олар прокуратураға баруымды сұрады. Шаруасы көп екен. Оған тіршілік мойын бұруға жар бермейді.
Желтоқсан келгенде қандай күйде боласыз...
- Көңіл құлазиды. Ұзақ уақыт әскерилер мен полицейлерге деген көзқарасым жаман болды. Олар маған жендеттердей көрінетін. Жастардың қуғын-сүргінге түскенін көзімізбен көрдік қой. Сол кездегі шолақ белсіндер өз қазағымыз еді. Сол еске түссе жанды тіптен сыздатады. Солдаттардың қыз балалардың жыныс мүшесін теуіп жібергенін де көргенбіз. Желтоқсан оқиғасына қатыстым деп айта да алмайсың. Өзіңді қаһарман ретінде көрсеткің келген сияқты боласың. Қаншама жазықсыз жандар бақытсыз болды. Көкөрім жастар жастай қиылды. Түрмеде өлгендер қаншама. Желтоқсанның жарасы әлі де жазылған жоқ. Өңірлерде,алыс аудандар мен ауылдарда сол бір қанды оқиғаның куәгерлері жетерлік. Бүгін құдайға шүкір азат елміз. ІІМ-нің архив қолында. Сол оқиға қатысқан жастардың тізімін билік органдары жасап шығуларына болады деп ойлаймын. Мысалы менің әкем ол кезде мектеп директоры болған. Ағам екеуіміз үшін қатаң сөгіз алған.Сол құжаттарды іздейтін адам болса табылып қалар. Жазықсыз шейіт болғандардың жаны пейіште шалқысын дейміз.