Жақында ережесіз жекпе-жектен Қазақстан чемпионы, 10 жасар кикбоксингші Абай Тәжібай Рамзан Қадыровтың балаларын жекпе жекке шақырған еді
Шешенстан басшысының балалары Абай ТӘЖІБАЙ есімді қазақстандық жеткіншекке өз жауаптарын берді. Олар кәсіпқой рингте кездесетінін айтты.
Қазақтар мен шешендердің бір-бірімен жақындығын дәлелдейтін бірнеше мысал бар.
Рамзан ҚАДЫРОВТЫҢ әкесі Қазақстанда туған
Шешенстанның бірінші президенті Ахмат-Хаджи ҚАДЫРОВ 1951 жылы 23 тамызда Қарағандыда дүниеге келген. Оның отбасы 1944 жылы Қазақстанға жер аударған. Ата-анасы осында жерленген.
1957 жылы сәуірде Қадыровтар отбасы Шешен-Ингуш АКСР (ШИАКСР) Шалин ауданының Центорой ауылына қайта оралды.
2003 жылы 5 қазанда Ахмат Қадыров Шешенстан Республикасының президенті болып сайланды.
2004 жылы 9 мамырда Ахмат Қадыров Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара кезінде, Грозный қаласындағы «Динамо» стадионына жасалған террористтік шабуыл салдарынан қаза тапты.
Грозныйда Назарбаевтың атында көше мен лицей бар
2007 жылы Шешенстан Республикасының астанасы Грозныйда Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ көшесі пайда болды.
Сондай-ақ, 2010 жылы №1-ші Грозный лицейіне Шешенстан Республикасы мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шешенстанға қираған үйіндіде жатқан кезінде алғаш болып көмек қолын созған. Грозныйдағы алғашқы жаңа құрылыстардың бірі болған көпқабатты үйлер, осы ел президенті бөлген қаражат есебінен салынған», - деді Қадыров.
Бизнесмен Кеңес РАҚЫШЕВ – Қадыровтың досы
Кеңес Рақышев пен Рамзан Қадыровтың жақын дос екенін 2015 жылы Facebook парақшасында Шешенстан басшысының өзі хабардар етті.
"Ассаламуалейкум! Бүгін менің қымбатты бауырым Кеңес Рақышевтің туылған күні. Біз ұзақ жылдар бойы бауыр болып келеміз. Біздің достығымыз қандайда бір лауазым мен материалдық жағдайға тәуелді емес. Біз алғаш кездескенде, мен бірінші вице-премьер қызметінде болатынмын. Мен Кеңес Хамитұлының парасатты және сенуге тұрарлық тұлға екендігіне көз жеткіздім. Ол біздің халыққа көп көмек көрсетіп, жиі менің қонағым болып, өмірінің қуанышы және қайғысымен бөлісетін. Оны Шешенстанда жақсы таниды және сыйлайды. Халық арасында менің БАУЫРЫМДЫ патша деп атайды, - деп жазған Қадыров.
2016 жылы мамырда Рақышев Рамзан Қадыровтың жиенінің тойында құрметті қонақ болды.
Рамзан Қадыровтың кеңесшісі - қазақ
Қазақстандық азамат Аян ЖҰМАШЕВ Шешенстан Республикасының президенті Рамазан Қадыровпен 2015 жылы әлеуметтік желі арқылы сөйлескен екен. Содан Аян Шешенстанға барып, Қадыровпен бетпе-бет кездеседі. Аянмен болған кездесу Рамазан Қадыровтың көңілінен шыққан болу керек, оған кеңесші болып қызмет етуге ұсыныс жасайды. 2016 жылы Аян Жұмашев Шешенстандағы балалар мен жасөспірімдер ұйымының басшылық қызметіне тағайындалып, Президенттің кеңесшісі ретіндегі жұмысын бастайды.
Қазақстандық науқас қызға көрсетілген көмек
Президент Байқоңырлық 7 жасар Элиф НҰРЖАНОВАНЫҢ шотына ота жасау үшін 10 500 доллар аударған. Қадыровтың өзі Instagram желісіндегі pomogite_elif парақшасына хат жазып, көмек қолын созуға уәде берген. Артынша ақша аударған.
Кішкентай қыз ми-жұлын жарығы мен гидроцефалия ауруына шалдыққан. Элифті емдеуге қаражатты анасы әлеуметтік желі арқылы жинаған.
2016 жылдың қыркүйегінде Түркияда бүлдіршіннің омыртқасына алғашқы ота жасалды.
«Бұл нағыз бақыт, менің сөзім жоқ. Құрметті Рамзан Ахматұлы, сізге көп рақмет, ана ретінде алғыс айтамын. Қуаныштан көзіме жас алып отырмын», - деп жазды сол кезде қыздың анасы.
Бауырлас халыққа көмек
2016 жылғы Алматыдағы терракттан соң Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Қазақстан халқына орын алған жағдайға байланысты қайғы-қасіретіне ортақ екенін білдіріп, бауырлас мемлекетке терроризммен күресте жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Шешенстан республикасының басшысы полиция қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қаза тапқан Алматыдағы терракт оқиғасын ерекше толқыныспен бақылап отырғанын атап өтті.
Сириядағы қазақстандықтарды құтқару
2017 жылы 13 қарашада Грозный әуежайына арнайы рейспе Сирияның соғыс ошақтарынан құтқарылған 40 адам жеткізілді – 12 әйел және 29 бала. Жеткізілгендердің арасында бес Қазақстан азаматы, екі – Өзбекстан азаматы, ал қалғандары Шешенстан, Ингушетия, Дагестан және Башкириялық азаматтар болған.
Рамзан Қадыров өзінің Instagram парақшасында Сириядан құтқарылған әйелдер мен балалар, «ібіліс мемелекеті террористерінің қатарын толықтырған» адамдардың «қылмыстық ессіздігінің» салдарынан ұрыс алаңына тап болғанын хабарлады.
«Енді балалар мен олардың аналары толықтай қауіпсіз жерде!», - деді Қадыров.
Фото: centralasian.org, ztb.kz, gazeta.ru.