Асқар Тоқпанов түскі асқа баратын кезде "Ганс" деп айтыңдар деуші еді
Ұстазымыз Асқар ТОҚПАНОВ сабақ түсіндіргенде бар дүниені ұмытып, жан-тәнімен беріліп кететін. Ондай кездерде ол кісінің ойын да, сөзін де бөлуге болмайды. Бірінен соң бірі айтылып жатқан баға жеткісіз мәліметтерді қауашағыңа құйып үлгерсең болғаны.
Бірақ, сорлатқанда қауашақ қана емес, адамда қарын деген мәселе тағы бар ғой. Таңертең нәр сызбай сабаққа жүгіретін біз сияқты студент байғұстарға обал-ақ. Нәр сызбайын деп сызбайсың ғой. Сыздырмайтының сыздырмайды. Ол кезде оқитын жеріміз қаланың бір шетінде, жататын жатақханамыз екінші шетінде болатын. Табаны тақылдап, ысқырып-пысқырған трамваймен жетудің өзі бір азап. Зымырап берсе шаттанып, итіңдеп кетсе түсе сап жаяу шауып кеткің келеді. Өйткені Асқар ағаның сабағына кешіккеннен сақтасын Тәңірім. Егер ол кісінің соңынан есік ашсаң қайырыла салып таяқпен бастан сарт еткізуден тайынбайды. Немесе сол күнгі сабағынан мақрұм қаласың да, журналдағы сенің тегіңнің тұсына «нб» деген қара таңба басылады. Ондай «нб-ның» бес-алтауын жинасаң құрыдым дей бер. Әр сабағында Асқар ағаның мың мәртебе айналып-толғанатын; Станиславскиі де, Чеховы да, Гоголі де, Достоевскиі де,т.т, қаһарын төгіп сенің соңыңа түседі.
Ондайда солардың қаһарынан қашқан күйі оқудан шығасың, немесе біраз уақытқа дейін деканат пен ректораттың алдында қайыр сұраған тіленшіге айналасың. Ата-бабасының әруағынан араша сұрап, әр бұрышта күбірлеп жүретін шәкірттер де аз болмайтын арамызда.
Түскі астың мезгілі баяғыда өтіп кеткен. Ішек-қарынымыз шұрылдап-шұрылдап үміті үзілгесін, тағдырына үнсіз көндігіп тынышталған. Таңертеңнен арқырап мінген Асқар ағамыз сол шабытының арқасынан әлі түсетін емес. Жанары жарқылдап, қиялы шарқ ұрған әңгімесінің әсеріне елтіп ұстазымызбен бірге пәленбай ғасырға шегініп кетеміз, біресе өз заманымызға қайтып келеміз, біресе жер шарының бір шалғайына кетсек, біресе айналып кеп Алматыда отырамыз. Әйтеуір көз алдымыздан өтіп жатқан, бұрын өңіміз тұрмақ түсімізге кірмеген эпизодтар ағынын тоқтату мүмкін емес.
Бір күні құдай жарылқап Асқар ағаның назарына біздің осы мүшкіл халіміз шалынды-ау. (Сол күні сабаққа ерекше дайындықпен келіп, көңілін жадыратып тастаған едік). Сағат төрттен беске аунаған мезгілде кілт тоқтай қалып:
—Айналайындар-ау, сендерге не болған? Көздерің кілбиіп кетіпті ғой. Әй, таңертең тәп-тәуір едіңдер ғой. Ауырып қалған жоқсыңдар ма? —деп, елжіреді де қалды. Сенер-сенбесімізді білмей біз отырмыз. Бір кезде Асқар ағамыз өзінің басын өзі бір соқты да зарлап қоя берді:
—О, алжыған Тоқпанов! Мына байғұс балалар әлі тамақ ішпеген екен ғой. Не өзіне, не өзгеге тыным жоқ. Жүрген жерің осы ғой сенің! Айналайындар-ау сендерге обал жасап жүр екенмін ғой! Айтпайсыңдар ма? Мұндайда немістерден үйренеріміз көп. Немістің Ганс деген қарапайым жұмысшысы сағат дәл бір болғанда бүкіл шаруасын сап доғарады да түскі асын ішуге кіріседі. Ол кезде оған министрің келе ме, директорың келе ме, оған бәрібір. Өйткені денсаулық қымбат қой. Ол болмаса бәрі бекер ғой. Сондықтан Ганс қолындағы күрегін сол тұрған жерінде қалдырады да түскі асқа кетеді. Қалай қарасаң да онікі дұрыс қой енді. Бұдан былай біз де сөйтеміз. Староста кім еді осы бізде?
Старостамыз Қуандық ҚАСЫМОВ еді. Орнынан тұрып:
—Мен аға.
—Ә-ә. Айналайын Қуандықжан. Сенің атыңды Қуандық қойғанда, елді қуантып жүрсін деп әдейі қойған ғой ата-анаң. Сен мына достарыңды да қуантып жүр бұдан былай. Түскі астың уақыты болғанда маған ақырын ғана дауыстап «Аға-ау!» —дейсің, мен сонда, «Әу» —деймін. Сол кезде сен «Ганс»—дей қойсаң болды, мен түсіне қоямын да сендерді түскі асқа босатамын. Келістік пе?
—Келістік.
—Сөйт!
Ой айналып қана кетейін бұл неміс деген халықтан да, оның Ганс деген перзентінен де! —деп бәріміз іштей сүйсініп, жымыңдап мәз болып қалдық.
Ертесіне алғашқы болып сахнаға шыққан студенттердің дайындап келген «этюді» Асқар ағамыздың көңіліне жақпай қалды да, кешегі ұйқыға кеткен жындары түгел оянып кетті. Содан кетті дейсің алай-түлей бұрқырап. Сағат екі болды, үш болды. Төртке жақындағанда шыдамымыз бітіп, қашан қуантар екен—деп Қуандық отырған жаққа жалтақтай бастадық. Ондағы ойымыз, кешегі өзі айтқан «Гансын» неге айтпайды мынау? —деп ренжіген түріміз. Қуандығымыз тырп етер емес.
Қуандықпен қатар отырған Мұрат АХАМАНОВ қабағын түйіп:
—Айтсаңшы «Ганс» —деп, қашаңғы отырасың? Староста емеспісің!? —дейтін көрінеді. Асқар ағаның екпінінен сескенген Қуандық:
—Апыр-ай! Мына түрімен Гансты елей қояр ма екен!?
—Е, кеше өзі айтты ғой саған «Ганс» —деп айт, сонда сендерді тамақтануға жіберем—деп. Қара да тұр неге айтпадың деп өзіңді ұрсады әлі, —дейді Мұрат.
Қуандық көзі бақырайып бізге қарайды. Асқазаны шұрқыраған бейбақтар басымызды изеп, Мұратты құптаймыз. Содан не керек, Қуандығымыз тамағын кенеп алып:
—Аға-ау! —деді.
Буырқанып-бұрсанып жатқан Асқар ағамыз біз сұғып алғандай:
—Не!? —деп, тұрған орнынан ыршып түсті.
—Ганс—деді Қуандық даусы дірілдеп.
—Немене Ганс!? —деп жан даусы шыға қайта ақырған Асқар аға қалшылдаған қалпы Қуандықтың төбесіне төніп келіп қалды. Қуандықтың енді барар жері қалмады.
—Кеше өзіңіз едіңіз ғой түскі ас уақыты болғанда «Ганс» —деп айт, сонда тамаққа жіберем деген...
—Гансыңның жетпіс жеті атасына сәлем айт! Ганстың садақасы кетсін сендер сияқты хайуанаттар! Ганстың тамақтануға қақысы бар, өйткені ол еңбек етті. Ал, сендер қай беттеріңмен тамақтанбақшысыңдар!? Сендер сияқты жалқау оңбағандардың тамақ ішуге қақысы жоқ. Аштан қатыру керек сендерді. Ганс—дейді ғой беті былш етпей. Отырыңдар осылай омалып! —деп одан бетер жер-жебірімізге жетті.
Сол жылдары Асқар ағамыздың осы бір мінезі шектен шыққан қаталдық боп көрінетін. Мұнысы несі екен, не өзіне, не өзгеге тыныштық жоқ. Сабағы құрғырды үзілістен соң-ақ жалғаса қайтеді,—деп іштей ренжитінбіз.
Өнер ордасын бітіріп нағыз өмірмен бетпе-бет келген уақытта Ұлы ұстаздың темірдей шыңдап, келешекке мұқият дайындаған әрбір дәрісі табыстар мен жеңістерге жетелеген ақ батасындай болып алдымыздан шықты. Асқар ағадан дәріс алған әрбір шәкірттің тастүлек қырандай биікке ұшып, өнер аспанынан өз орнын ойып тұрып алатынының бір сыры осында болса керек.