Бүгін Астанада кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы сотының төрағасы осылай деп мәлімдеді
Бүгін сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов сот жүйесінде ешқандай реформа жасамайтындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осынау қысқа ғана уақыттың ішінде маған сот жүйесіндегі қандай да бір кемшіліктерді айту, бұған қоса, түбегейлі өзгерістерді жария ету дұрыс бола қоймас. Дегенмен, біз ешқандай да реформа ұсынбайтындығымызды баса айтқым келеді. Президенттің судьялардың 7 съезінде берген нақты тапсырмасы бар», - деп атап өтті Жақып Асанов. Сонымен қатар ол Қазақстан Президенті Жоғарғы сот лауазымына тағайындаған кезде адамдардың сотқа деген сенімін арттыру міндетін жүктегендігін баса айтты.
«Азаматтар соттың әділ шешімін алған кезде, олардың құқықтары толықтай қорғалғанда заң үстемдігі қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі уақытта бұл жайында айту ертерек. Бұл менің сөзім емес, өткен жылдың жазындағы Мемлекет басшысының сөзі», - деді Жоғарғы сот төрағасы. Кеңейтілген кеңес барысында Жақып Асанов дауласушыларды сотқа жеткізбей татуластыратын орган құруды ұсынды. Сонымен қатар ол облыстық соттардың Жоғарғы сотқа жіберетін статистикаларында жалған деректер көп екендігін ашық айтты.
Фото: today.kz.