Қалада құбырлар жарылып, 200 жуық тұрғын үйдің жертөлесін су басып кеткен
Кеше, 4 қантарда Қарағандыда жылу магистралында апат болып, бірнеше көп қабатты үй, 40-қа жуық жекежай және алты әкімшілік ғимарат күні бойы жылусыз қалды. Тұрғындар үйлерінен шыға алмай қалған.
«Қарағанды Жылу транзит» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағандының №19 ықшам ауданындағы құбыр жарылған.
«Апаттық-қалпына келтіру бригадалары шұғыл 188 тұрғын үйді, жеке сектордың 21 үйін, заңды тұлғалардың 39 нысанын М4 жылу магистралына жалғап, гидравликалық және температура режимдерін қалпына келтірді. Винницкая көшесіндегі 25-үй және Моховая көшесіндегі 6/1-үй, жеке сектордың 36 үйі және заңды тұлғалардың алты нысаны жылумен қамтудың төмен режиміне өткізілді», - делінген кәсіпорынның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қала тұрғындарының айтуынша, мұндай жағдай осымен екінші рет қайталанып отыр.
«Жазда жөндеу жүргізілмейді. Салдарынан қыстың қақаған суығында жылусыз, ыстық сусыз отырмыз. Көшеде жүре алмай қалдық, су тізеден келеді. Өткен жылдың аяғында да дәл осылай құбыр жарылып, жылусыз қалғанбыз», дейді Меруерт КАРИМОВА.
Апат ауданында орналасқан №82 орта мектептің жертөлесі де суға толған.
«Балаларды үйлеріне қайтардық. Ыстық судың буы мектепте тұр. Барлық жиһаздар дымқылданып жатыр», деді мектеп директорының орынбасары Алдияр ІЛИЯСОВ.
Ыстық судан көтерілген қалың бу көлік қозғалысына да кедергі жасаған. Қала бойынша 447 км құбырды қамтамасыз етіп отырған «Қарағанды Жылу транзит» өкілі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«36 жер үйлерді жылуға қосы жұмыстары мен 6 жеке нысандарды қайта жүйеге қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жертөленің ылғалдануына байланысты тұрғындар шағым түсірсе, шығынды өтеуге тырысамыз.Түні бойы жылуды қалпына келтіру жұмысы жасалды», деді компанияның бас инженері Александр АКИШИН.
Коммуналдық апат салдарын жоюға 25 адам және 10 арнайы машина жұмылдырылған.
Ал, апаттың себебі құбырлардың ескіруі. Жыл сайын бөлінетін қаражат жүйені түгел жөндеуден өткізуге жетпейді екен.