Блогер Жанар Нұрлыбек Қазақстан мен Украинаның айырмашылығы туралы
Алматыға қарағанда өзімді Киевте қауіпсіз сезінемін, дейді екі ел арасында жұмыс істеп жүрген блогер Жанар НҰРЛЫБЕК тілшімізге берген сұхбатында.
- Жанар, Сіздің Украинаға көшуіңізге басты себеп не болды?
- Менің туризм саласында істеп жүргеніме 11 жыл болды. Көп жерде болдым. Өзімнің, бес сүйікті қалам бар: Рим, Тбилиси, Алматы, Киев және Берлин. Өмірімнің әртүрлі кезеңінде осы қалалардың әрқайсысында тұрғым келген.
Киевке мен алғаш рет 2012 жылы Украинадағы футболдан Еуропа Чемпионатына бардым. Бір көргеннен-ақ бұл қалаға ғашық болып қалдым. Адамдардың саған деген қөзқарасы, мәдениет – бәрі керемет болып көрінді. 2013 жылы маған Киевтен жұмысқа ұсыныс түсті. Сол уақыттан бері екі ел арасында жүрмін.
- Украинадағы әлеуметтік жағдай туралы айта аласыз ба? Көшкеннен кейін қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?
- Шыны керек, біздің елімізде көршілес Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалынан болар, бізде Украинадағы экономикалық жағдай туралы жалған пікір қалыптасқан.
Әрине, жалақы мөлшері біздегі деңгеймен салыстырғанда төмен, бірақ, бағалары да сәйкесінше. Тұрғын үйді жалдаудан бастап, азық-түлікке дейін бағалар Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан, айтарлықтай қиналған жоқпын.
- Елімізде Украинаға бару қауіпті деген пікірлер бар, олар қаншалықты шындыққа жанасады?
- Иә, қандастарымыздың, әсіресе Борисполь қаласы арқылы ұшуға қорқатынын естігенмін. Бірақ ресейлік және кейбір біздің БАҚ таратып жатқан мәліметтерге сыни көзқараспен қарау керек. Әскери қимылдар тек елдің шығысында болып жатыр.
- Майдан кезінде Киевте болдыңыз ба?
- Иә, 2012 жылдың қараша айында бірінші Еуромайдан басталған кезде, мен сол жерде болып, барлығын өз көзіммен көрдім. Ең қызығы, тіпті көтерілістің қақ ортасында болғанымызға қарамастан, басымызға ешқандай қауіп-қатер төнген жоқ.
Керек десеңіз, салыстыра келе, Киевте мен өзімді Алматыға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз сезінетінімді түсіндім. Мысалға, Алматыдағы 28 панфиловшылар паркінде кешкі уақытта жалғыз жүруге қорқасың. Киевте кез келген уақытта, көше болсын, саябақ болсын – әр жерде өзіңді үйдегідей сезінесің.
- Украинадағы ұлтшылдық туралы әңгімелер Қазақстанда жиі айтылады. Жалпы, ол қаншалықты рас?
- Украинада ұлтшылдық жоқ, десем артық болмас, керісінше барлық ұлт өкілдеріне толерантты көзқарас қалыптасқан.
Тағы да бір қызық жайт. Мен Украинада жүріп, қазақ тілін үйрене бастадым. Қазақстанның Украинадағы елшілігінде курстарға барып жүрмін. Неге десеңіз, әр украин азаматы ана тілін жетік меңгерген. Олардан украин тілін білесің ба деп сұрасаң, олар саған біртүрлі қарайды.
Мысалы, Қазақстанда екі қазақ орысша сөйлесіп, өз тілін мүлдем білмеуі мүмкін. Олар үшін бұл жат нәрсе. Онымен қатар, украиндықтар өздерінің ана тілін біліп қана қоймай, әрбір шетелдікке сыйластықпен қарап, өзге мәдениетке шынайы қызығушылығын білдіреді. Киевте барлық достарым «қазақша бірдеңе айтшы немесе ән шырқашы» деп менен сұрайды, сосын ұялғанымнан тілді үйреніп жүрмін.