Мәдениет қайраткерлері бұл ұғымдарды қалай түсінеді
Медеу АРЫНБАЕВ, ҚР мәдениет қайраткері:
- Мерекеміз тасада қалмай аталып өтеді. Бірақ, жаңа жылда шампан мен салюттерімізді атып, одан бетер мейрамдатып кететініміз жасырын емес. Өз отбасыма келер болсам, ағайын-туыс пен, дос-жаранның арасында желтоқсанда құрбан болған боздақтарға арнап құран оқимыз. Алматы мен Астана сынды үлкен қалаларымызда мемлекеттік шаралар өтіп жатады. Жалпы «Тәуелсіздік күнін» атап өту барысы көңілімнен шығады. Бірақ асыр салып тойлата бермей, бұл күнде қантөгіс болғанын балаларымызға айтып отырғанымыз абзал. Келер ұрпақ тәуелсіздіктің бағасын білуге тиіс.
Күнсұлу ТҰРҒЫНБЕК, кәсіби актриса:
- Жыл сайын міндетті түрде өз әулетімізде шейіт болған аға-әпкелеріме арнап құран бағыштаймыз. Менің тәуелсіздігім осылай басталады. Ешқашан жалаулатып, тойлап көрмеппін. Ол кезде мен екінші класта оқып жатқан мектеп интернатының оқушысы едім. Сол күні жатақханамыздың есігін «карантин» деп, жапқызып тастаған болатын. Неге екенін, сол күні бойым үрейге толып ұйықтамадым. Сонда жатақханадағы күзетте отыратын орыс апа мені бауырына басып отырып, қанды қырғын болып жатқанын айтып еді.
Бала болсам да сол күннен бастап кеудемде біртүрлі өксік пайда болды. Кейін соның бәрі өлең боп өрілді ғой. Бұл оқиғаның ақиқаты әлі толық ашылмады. Оны уақыттың еншісіне қалдырамыз. Тәуелсіздікті бір күннің аясына сыйдыра салмай, желтоқсан айының басынан бастап еске алу күнінен бастасақ. Сонан соң барып, мерекелік іс-шаралар мен концерттерге ұластырсақ. Жастарға батырларымыздың ерлігі насихатталып, ғибратты дүниелер айтылып жатса игі болар еді. Тілерім- еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Тәуелсіздікті сақтап қалатын ерлеріміз рухты болсын. атап өту барысы көңілімнен шығады. Бірақ асыр салып тойлата бермей, бұл күнде қантөгіс болғанын балаларымызға айтып отырғанымыз абзал.
Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, ҚР халық әртісі:
- Сонау 1986 жылы аға-бауырларымыз бен қаракөз қарындастарымыз алаңға шығып, қазақ елінің дербес мемлекет болуын талап етті ғой. Біздің елдегі бұл көтерілісті қостап Грузия, Украина сынды бірнеше елдер де бас көтерді. Кейін елбасының шешімі бойынша осы күнді өзімізге төл мереке етіп бекіттік. Құдайға шүкір, өз байрағымыз бен елтаңбамыз еңсесін көтеріп тұр. Сондықтан мен бұл күнді қаралы күнге жатқызбаймын. Керісінше, тәуелсіздік күнін еліміздегі тойдың басы, халықтың төл мерекесі ретінде қабылдаймын.
Ақжол МЕЙІРБЕКОВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
- Қазақстанның ең үлкен мерекесі осы «Тәуелсіздік күні» ғой. Бұл күнге жету үшін қаншама жастарымыз алаңға шығып, талайы қыршын кетті. Қаншама қаракөз қарындастарымыз КГБ-ның қысымынан қорықпай, сақшылардың таяғынан жалтармай, қазақ деген намысын ту етіп, мылтықсыз майданға шықты. Қазір шүкіршілік етемін. Себебі, бұрын біз шетелге шыққанда Қазақстан деген жерді ешкім танымайтын. Енді міне, қазақтың өнерпаздары мен спортшылары, ғалымдары қазақтың кім екенін мойындатып жатыр. Осының барлығын тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіп жатқан жетістігімізге балаймын. Ендігі мақсатымыз - осы егемендігімізден айрылып қалмау жолында аянбай еңбек ету. Желтоқсан оқиғасы мемлекеттік статусын алды деп санаймын. Әрине алда атқарар жұмыстар мен еңсерер биіктер көп. Ол енді болашақтың еншісінде.
Бекжан ТҰРЫС, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- «Тәуелсіздік күні» еліміздегі мейрамдардың төресі ғой. Бірақ бұл күн жыл сайын келер жаңа жылдың тасасында қалып қойып жатады. Себебі, қала көшелерінің кез келген жерінен жаңа жылдық құттықтаулардан көз сүрінеді. Осыны көрген соң қарным ашады. Бұл тәуелсіздік бір ғана желтоқсан емес, сонау арғы ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен келген еркіндік қой. Азаттығымыз арымызға, болашағымыз бағымызға байланған халықпыз. Осы тәуелсіздікке тәу ете отырып, оған бекем болуымыз керек. Қазақ үшін тәуелсіздіктен асқан мұрат, мақсат болмауға тиіс.
Гауһар ӘЛІМБЕКОВА, әнші-сазгер:
- Орыстың жаңа жылын бір ай сабылып күтеміз. Сол сияқты осы желтоқсан айын бүтіндей тәуелсіздікке неге арнамасқа? Түрлі шаралар мен ғылыми конференциялар өткізіп, әртүрлі кинолар мен документалдық фильмдер түсіріліп, шейіт болған құрбандарға көше аттарын берсе ғой, шіркін! Мұны көрген өскелең ұрпақ рухтанып, желтоқсан батырларының есімін мақтанышпен айтып жүрер ме еді.
Дүниеге сәби әкелген жас отбасылар да баласына желтоқсанда жанын қиған жандардың атын беріп, әруақ бір қуанар ма еді?! Мысалы, мына Өзбекстанда жүгірген баласынан, еңкейген қартына дейін тәуелсіздік мерекесін туын сүйіп тұрып қарсы алады. Бізде неге «Тәуелсіздік күнін» осындай дәрежеде атап өтетін деңгейге көтермеске. Айта берсек, көкейде сауал көп, жауап жоқ. Алладан сұрайтыным - еліміздің іргесі сөтілмей, тыныштықтан тіккен туымыз құламасын.
Фото: inform.kz, vk.me, yvision. kz, kaztube.kz