Кеншілердің әйелдері Шахтинск қаласындағы негізгі көшені жауып тастады
Еңбекақыларын көтеруді талап етіп, жер астынан шықпай отырған шахтерлерге әйелдері де қосылды. Бір топ кеншілердің жарлары Шахтинск қаласы әкімдігінің алдына жиналып, негізгі көшені жауып тастады.
Естеріңізге салайық, бүгін таңертең түнгі ауысымнан кейін «Тентек», «Шахтинск», «Қазақстан» мен «Ленин» шахталарының кеншілері жер астынан шықпай қойған. Олардың негізгі талаптары жалақының 100 пайызға көбейту, еңбек жағдайын жақсартып және зейнетке 50 жаста шығару.
Компания басшылығы мен «Қорғау» кәсіподақ ұйымдарынан құрылған жұмысшы тобы екі жақты келіссөзінен нәтиже шықпады. Жұмыс беруші шетелдік мекеме айлықты тек 20 пайызға өсіретінін айтты. Мұнымен келіспеген шахтерлер жер бетіне шықпай отыр.
Кеншілердің әйелдері WhatsApp месенжері, әлеуметтік желілерде соңғы жаңалықтарымен бөлісуде. Оларды полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері бақылауға алған.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек «Тентек», «Шахтинск», «Қазақстан» мен «Ленин» шахталарының наразылық акциясына «Абай» шахтасы да қосылған.