Әкімдік қызметкерлері нені жасырғысы келді?
Кеше, 16 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ өткен жылы атқарған жұмыстары туралы ел алдында есеп берді.
Бұл кездесуге Үкімет басшысының орынбасары Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ пен Шымкенттің экс әкімі, бүгінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметін атқарып жүрген Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ және тағы да өзге астаналық қонақтар қатысты.
Айтпақшы, жиын басталмай тұрып мына бір жайтқа куә болдық. Өзін Қатира ИБРАГИМОВА деп таныстырған кейуана банк алдындағы қарызын өтей алмаған соң үйінен айырылғанын айтып мұңын шақты. Тіпті жиын басталмай жатып шу шығарып үлгерген оны әкімдік өкілдері сабырға шақырғысы келгенімен, «күн суықта балаларыммен далада қалдым» деген тұрғын соңғы үміті облыс әкімінде екенін жеткізді.
Бірақ залға Түймебаев мырза кірмей жатып әкімдіктегілер әлгі әйел азаматынан сыртқа алып шығып, бір шудың алдын алғандай болды.
Жиын басталып қойған соң залға ене алмаған тұрғындар журналистерге мұңын жеткізді. Медицина саласы бойынша кәсібін дөңгелетіп отырған Жұмагүл НАХЫПОВА есімді келіншек емделушілерінің өтінішін арқалап, жиынға келген көрінеді. Алайда аманатты жеткізу мүмкін болмады. Залға кіре алмаған ол әкімнің атына үш рет хат жолдап, жауабын тағатсыздана күтіп жүр екен.
Регламент бойынша қырық минут ішінде баяндама жасауға тиіс аймақ басшысы мінберде тұрып бір сағаттай сөз сөйледі. Атқарған жұмыстарын баяндаған ол биыл өңірде жүзеге асатын жобаларды да мәлім етті.
Соның ішінде жұмыссыз халықты жұмыспен қамту жайы залға жиналған жұртшылыққа жаңа серпіліс бергендей болды. Түймебаевтың айтуынша, биыл 90 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық тұрғын жұмыспен қамту шараларына қатыспақ.
Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта «Қымызмұрындық», «Қауын Fest", «Агро Fest" және де облыста бұрын-соңды болмаған гольф жарысы жүзеге асырылмақ.
Аймақ басшысының баяндамасынан соң жарыссөзге кезек берілді. Тұрғындар сабырлық танытып, рет-ретімен сауалдарын жолдады. Бір қызығы, қойылған сауалдарға берілген жауапты атап өту керек. Неге екені белгісіз, есеп беруші әкім тұрғындар тарапынан қойылатын сауалдарды алдын ала біліп алғандай оларға жауап берерде алдындағы қағазына қайта-қайта қарап, құдды бір мектепте «сабақ оқымай келген оқушының кітапқа қараған сәтін» еске салды.
Жарайды, сауалдар қойылды. Жауаптар берілді. Солардың бір екеуіне тоқталсақ.
Шымкенттік көпбалалы ана Гүлжан ЖОЛБАРЫСҚЫЗЫ өзгелер секілді ауызсу, жол немесе сол секілді әлеуметтік мәселелерден гөрі халық саны үш миллионға жақындап қалған оңтүстіктің үш миллионыншы тұрғынына жергілікті биліктің тарту етер сыйлығы алаңдатты.
«Үш миллионға жетіп жатсақ, нәрестені дүниеге алып келген анаға бір пәтер беруге дайынбыз» деп қысқа қайырды Жансейіт Қансейітұлы.
Есепті кездесуде әкімге сауалды тек залға жиналғандар ғана емес, онлайн байланыс арқылы өңірдің өзге аудан, қалаларынан да табылды. Мәселен, Созақ ауданының 27 жастағы тұрғыны Асхат ЕСЕНЖАРОВ әлі күнге дейін жоғары білім алмағанын алға тартты.
«Қолымнан қолөнер бұйымдарын жасау келеді. Осы ісімді ары қарай дамытып, қолөнер бұйымдарын жасасам деймін. Осыған байланысты мемлекет тарапынан менің ісімді дамытуға мүмкіншілік бар ма?» деп сауал қойды созақтық жігіт.
«Кішкене өкінішті, 27-ге дейін мамандық жоқ, сондықтан көмек береміз. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бар және ұзақ мерзімді. Ұзақ мерзімді үш жылдық, қысқа мерзімді үш айлық. Қайсысы өзіңізге ұнайды, сол бойынша біз кәсіптік білім беруге дайынбыз. Стипендия береміз. Жол жүру ақысын төлейміз. Себебі біздің облысымыз үшін бұл өте маңызды проблема. Яғни, мүмкіндігінше біздің азаматтар мамандық алсын дейміз...» деген облыс әкімі бүгінде өңірде мал шаруашылығы мамандары тапшы екенін сөз етті.
Түймебаевтың ойынша, бүгінде адамға қарағанда мал бағу ісі қиын.
«Малға қарау қазір адамға қараудан қиын. Адамнан үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Су бермей көріңіз, жем бермей көріңіз. Сеспей қатады. Яғни, күту керек, бағу керек, қарау керек» деген аймақ басшысы адам жұмыссыз жүрсе «сеспей қатанынын» да айтып, жұртты таң қалдырды.
«Қазір қанша адам бар қойшы, қорашы, жылқышы таба алмайды. Бірден айлығы көп жұмыс іздейді. Ешбір мемлекетте ондай нәрсе жоқ. Егер жұмыс істемеңіз, сеспей қатасыз. Өліп қаласыз. Бүкіл шетелде сондай» деп сөзін түйді аймақ басшысы.
Жарыссөз тоқтаған соң әкімнің есебі туралы пікір білдірмек болып арнайы тізімге жазылған азаматтарға сөз берілгені сол еді, залдан шу шықты.
Смирнова Наталья есімді тұрғын сауалын қоюға рұқсат бермегені үшін микрофон сұрап, айқайға басты.
Бірнеше минут бойы залды өзіне қаратқан келіншекті тыңдау үшін зал ішінде отырған Жансейіт Түймебаевтың өзі қасына жақындап, қоластындағыларға «Берсейші микрофонды» деп тапсырма берді де, өзі мінберге шығып кетті.
Қысқасы, бұл дауға әкімнің қабылдауымен нүкте қойылатын болды. Дүйсенбі күні таңғы сағат тоғызда әкім тұрғынды арнайы қабылдамақ. Тек қана бұл тұрғынды емес, өзге де наразылық білдірушілерді Түймебаев мырза қабылдауына шақырды.
Есеп соңында Шымкенттің экс әкімі, бүгінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметін атқарып жүрген Ғабидолла Әбдірахымовтан Түймебаевтың есебі туралы пікір білдіруін өтіндік.
«Жалпы облыста жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа әкім де айтты ғой жобаларды. Ойлаймын, оның барлығы іске асады. Енді мүмкін біраз халықпен тығызырақ болу керек шығар деп ойлаймын» деген Әбдірахымовтан наразы болған халыққа қатысты пікірін білмек болғанымызда бұрынғы басшысының жұмысына кедергісін тигізбейін деді ме, әйтеуір «без комментариев» деп қысқа қайырды.
Фото, видео автордікі.